Knigionline.co » Казахские книги » Дон Кихот ІІ

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес

Книга «Дон Кихот ІІ» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Мистер Дон Кихот полюбил рыцарские романы и решил стать рыцарем. Он отправляется вместе со своим оружейником Санчо Пэнси в путешествие во имя любви к Дульсинеи Тобосской. Это путешествие и в наши дни пленяет читателя.

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес читать онлайн бесплатно полную версию книги

Қос топтың құрамындағы басқа қыздар да осылайша ортаға шығып, орындарына қайта оралып тұрды: әрқайсысы өз фигурасын орындап, өлеңін оқыды, олардың ішінде кейбірі керемет сүйсінерліктей, кейбірі ішек-сілеңді қатыра күлдірерліктей еді, алайда Дон Кихоттың қаперінде (ал оның қапері айта қаларлық болатын) жоғарыда келтірілгендері ғана қалды; одан соң бәрі қосылып кетті де, ғаламат үйлесіммен ерке қимылдап, еркін қозғалып, біресе тоқайласып, біресе тарқасып би билей бастады; қамал-сарайдың жанынан өткен сайын Амур әуелете садақ тартып, Пайда құдайы оның қабырғасына алтын жалатылған ақша құмырасын ұрып сындырып тұрды. Би әжептәуір ұзаққа созылды, онан соң ақыры Пайда құдайы үлкен ала мысықтың терісінен жасалған, ақшаға сықалып тұрғандай әсер беретін шиланын шығарып, қамал-сарайға қарай лақтырып жібергенде сарай қабырғалары жан-жаққа құлап түсті, соның салдарынан бикеш панасыз әрі қорғансыз күйде қалды. Соны көрген Пайда құдайы нөкерін ертіп қызға қарай ұмтылды, сөйтті де оның мойнына сала құлаш алтын шынжыр салып, ұстап алып кіріптар етпек, тұтқынға әкетпек ойы бардай ыңғай көрсетті, алайда сол арада Амур мен оның сыбайластары қызды одан тартып алмаққа талап қылғандай түр байқатты — осы қимыл-қозғалыстың бәрі тамбуриндер әуені сүйемелдеуімен жасалып жатты, бәрі билеп, музыка ырғағына сай фигуралар орындаумен болды. Ақыр аяғында жабайылар жауласқандарды татуластырып, қамал-сарай қабырғаларын асқан әбжілдікпен қайта құрастырып, тікейтіп қойды, бикеш сарайынан қайта орын теуіп, құлыптанып алды және осымен би де бітті, көрермендер бұған үлкен ырзашылық білдірді.

Дон Кихот нимфалардың бірінен биді кім шығарғанын, оны өздеріне кім үйреткенін сұрады. Нимфа оған мұны шығарған селоларындағы бір діни қызметші екенін, оның мұндай нәрселерді ойлап табуға шебер екенін айтты.

— Бұл бакалаврдың ба әлде діни қызметкердің бе, — деді Дон Кихот, — кімнің болса да, шамасы, Басильоны емес, Камачоны жақтайтынына және оның шіркеу қызметінен гөрі сатирамен шұғылдануға көбірек қабілетті екеніне бәс тігуге бармын. Солай бола тұрса да, Басильоның дарындылығы мен Камачоның байлығын биіне өте сәтті енгізе білген!

Осы әңгіменің бәрін естіген Санчо Панса:

— Жұрт неғылса о қылсын, өзім, әйтеуір, Камачо жағындамын, — деді.

— Бір сөзбен айтқанда, Санчо, — деп салды Дон Кихот, — сенің қарабайыр шаруа, оған қоса күштілердің алдында шыбындап тұратын біреу екенің белгілі болды.

— Кімнің алдында шыбындайтынымды білмеймін, — деді Санчо келіспей, — білетінім тек Камачо қазандарынан алған мынадай ғажап сүйек-саяғымды Басильо қазандарынан ешқашан ала алмайтыным ғана.

Сол арада ол Дон Кихотқа қаздар мен тауықтар жатқан кәстрөлді көрсетті, сосын бір тауықты суырып алып, алабөтен тәбетпен рақаттана асап жатып, былай деп тіл қатты:

— Қой, құрып кетсін әрі Басильо, дарыны да өзіне, қабілеті де өзіне! Қалтаңда қанша болса, бағаң да сонша, өзің қанша тұрсаң, қалтаңда да сонша болады. Әжем марқұм айтушы еді, адам атаулы дәулетті және дәулетсіз боп екіге бөлінеді деп, өзі болса дәулеттіні артық көретін, ал біздің заманымызда, мархабатты мырзам Дон Кихот, білімге байдан гөрі ақшаға байлар әлдеқайда рақат тұрмыс кешеді, алтын жабуы бар есек ерттеулі аттан артық. Міне, Камачоның жағында екенімді қайталап айтып тұрғанымның себебі де осы: оның қазандарынан әжептәуір мол сүйек-саяқ, яғни қаз, тауық, түз қояны мен үй қоянын алуға болады, ал Басильо қазандарының түбі көрініп жатыр, түбінен бірдеңе табылса быламық қана табылады.

— Айтып біттің бе, Санчо? — деп сұрады Дон Кихот.

— Бітуге тиіс боп тұрмын, — деп жауап қатты Санчо, — себебі сізге, тақсыр, онша ұнамағанын байқадым, өйтпеген жағдайда әлі үш күн бойы бұлбұлша сайрар едім.

— Мылқау боп қалғаныңды көзім тіріде көрсем ғой, Санчо, — деді Дон Кихот.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий