Knigionline.co » Казахские книги » Дон Кихот ІІ

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес

Книга «Дон Кихот ІІ» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Мистер Дон Кихот полюбил рыцарские романы и решил стать рыцарем. Он отправляется вместе со своим оружейником Санчо Пэнси в путешествие во имя любви к Дульсинеи Тобосской. Это путешествие и в наши дни пленяет читателя.

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес читать онлайн бесплатно полную версию книги

Дон Кихот маймылдың сәуегейлігіне соншалықты керемет қуана қойған жоқ-ты, өйткені болашақты да, өткен шақты да болжау маймыл айналысатын іс емес деген пікірді ұстанатын, сол себепті маэсе Педро сандықшасын ретке келтіріп жатқан сәтті пайдаланып, ешкім сөзін естімеуі үшін Санчоны атқораның жанына ертіп барып, оған былай деді:

— Бері қара, Санчо: мына маймылдың таңғажайып өнерін мейлінше мұқият зерделеп, маэсе Педроның, оның қожасының, шайтанмен, екі жақ әлдеқашан сынақтан өткізіп, де-факто27 күшіне енген, құпия шарт жасасқанына еш күмән жоқ, деген байламға келдім.

— Қалпақтың жуылмағанына көп уақыт өтсе және ол шайтанның қалпағы болса, онда ол, шамасы, өте лас шығар, — деген тұжырым жасады Санчо. — Бірақ маэсе Педроға мұндай қалпақтардан түсетін пайда қандай?

— Сен түсінбей қалдың мені, Санчо; айтайын дегенім, шамасы, ол шайтанмен өзара келісімге келген: соның нәтижесінде маймыл әлгіндей қабілетке ие болады, ал қожасы ақша табады, сосын, кейін, әбден байып алған соң, оның шайтанға жанын жалдауына тура келеді, ал адамзат баласының қас жауына керегі де осы. Мені бұл ойға жетелеген нәрсе — маймылдың тек өткен шақ пен осы шақты ғана болжайтыны болды, ал шайтан ойының ұшқырлығы бұдан артыққа құлаш ұра алмайды: болашақ жайында шайтан тек жорамал жасайды, онда да мұндаймен әркез айналыса бермейді, — мезгіл мен мерзім тек бір құдайға ғана мәлім және ол үшін өткен шақ та, болашақ та жоқ, ол үшін бәрі — осы шақ. Олай болса, маймылдың атынан шайтан сөйлеп тұрған

боп шығады және неліктен осы күнге шейін бұл маймыл жайында қасиетті инквизицияға хабар етілмегеніне, кімнің айдауымен сәуегейлік жасап жүргені жайында одан жауап алынбағанына және егжей-тегжейі анықталмағанына таңырқап тұрмын: өйткені бұл маймылдың астролог еместігіне, ол да, оның қожасы да астрологиялық фигуралар дейтінді сызбайтынына және сыза да алмайтынына кәміл сенімдімін, ал мұндай әурешіліктің қазір Испанияда кеңінен тарап отырғаны сонша, тіпті түкке жарамсыз қатын-қалаш та, алып кел - барып келде жүрген балалар да, жыртық жамауды ғана білетін етікшілер де гороскоп құрастырудан оңай нәрсе жоқ деп ойлайды, сөйтіп өздерінің өтірігімен және надандығымен осынау таңғаларлық дәл ғылымға деген сенімді әлсірете түседі. Маған мәлім бір жай: әлдебір ханым осындай жорамалшыдан бөлмеде бағатын иті күшіктей ме, күшіктесе қанша табады және бұлардың түсі қандай болады, дегенді сұрапты. Гороскоп құрастыра салған сеньор астролог әлгі әйелге итінің үш күшік туатынын: біреуі жасыл, екіншісі қызыл, үшіншісі қара-ала болатынын айтыпты, бірақ тек мынадай шарт сақталуы керек екен: аталмыш қаншық күндізгі немесе түнгі сағат он бір мен он екінің арасында ғана, онда да тек дүйсенбі немесе сенбі күндері ғана ұйығуға тиіс көрінеді, алайда арада екі күн өткенде әлдене жеп қойған қаншық асқазаны бұзылудан арам қатыпты да, әлгі көріпкел сеньор бұл қалашықта керемет көреген деген атаққа ие боп шыға келіпті, — жалпы көріпкел атаулының бәріне немесе бәріне дерлік осындай атақ таңылып жүр ғой.

— Солай бола тұрғанымен, — деді Санчо, — Монтесинос үңгірінде бастан кешкен жайларыңыз шындық па, соны маймылдан сұрап білуге маэсе Педроға әмір етсеңіз деп едім, — өйткені, көңіліңізге келмесін, тақсыр, мен өзім соның бәрін әзәзілдік арбау мен алдау, әйтпесе — әншейін түс көру деп санаймын.

— Әбден мүмкін, — деді Дон Кихот. — Аздап ыңғайсыздау сезініп тұрсам да, бұл айтқаныңды орындайын.

Сол арада Дон Кихотты шақыра келген маэсе Педро сандықшаның ретке келтірілгенін айтып, соны барып көруін өтінді, — тамашалауға тұрарлық ойын, деді. Дон Кихот оған өз тілегін хабарлап, Монтесинос үңгірінде болған әр-алуан оқиғаларды түсінде көргенін әлде өңінде бастан кешкенін маймылдан осы қазір қолма-қол сұрап білуге қолқа салды, неше түрлі жағдайға ұшырағандықтан соған көзі анық жетпей тұрғанын айтты. Маэсе Педро бір ауыз сөзге келген жоқ, барып маймылын алып келді де, Дон Кихот пен Санчоның алдына отырғызған соң, оған былай деді:

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий