Knigionline.co » Казахские книги » Дон Кихот ІІ

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес

Книга «Дон Кихот ІІ» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Мистер Дон Кихот полюбил рыцарские романы и решил стать рыцарем. Он отправляется вместе со своим оружейником Санчо Пэнси в путешествие во имя любви к Дульсинеи Тобосской. Это путешествие и в наши дни пленяет читателя.

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес читать онлайн бесплатно полную версию книги

Сол бойда сөзден іске көшкен ол семсерін суырып алды да, бір-ақ секіріп балаганның жанына жетіп барып, көз ілеспес шапшаңдықпен және ырыққа көнбес ызақорлықпен қуыршақ маврларды оңды-солды кескілей бастады: біреулерін жерге құлатты, екіншілерінің басын шауып түсірді, өзгелерін жарымжан етті, басқаларын пәрша-пәрша қылды, ал шайқас әбден қызған тұста семсерін құлаштап тұрып бір сілтеген шақта маэсе Педро бұғып қалмағанда, бүрісіп, бұқпаламағанда Дон Кихот оның да басын құдды бір қамырдан жасалған басты шапқандай оп-оңай қырқып тастайтын еді. Маэсе Педро ойбайын салып жатты:

— Қойыңыз енді, сеньор Дон Кихот! Құлатып жатқаныңыз, шауып, өлтіріп жатқаныңыз маврлардың нағыз өзі емес, картоннан жасалған мүсіндер екенін қаперге алыңыз! Алда ғана сорым-ай! Мынаның қырсығынан барлық дүние-мүлкім жойылып, біржола құритын болды-ау.

Ал Дон Кихот болса, сол бұрынғыша семсерін жарқылдатып, біресе қос қолдап, біресе жалпақ жағымен, біресе қиғаштап соққы соңынан соққы дарытып жатты. Қысқасын айтқанда, дем сағаттың арасында ол сандықшаны төңкеріп, барлық қуыршақ пен құрылғыны күлдей ұсақ бөлшекке бөліп тастады; король Марсилий ауыр жарақат алды, ал император Ұлы Карлдың тәжі мен басы ортасынан қақ жарылды. Қадірменді көрермен қауым азан-қазан болды, бәлекей маймыл қашқаннан қашып шатырға шығып кетті, студентте зәреден зәре қалмады, жас малайдың жүрегі тас төбесіне шықты, тіпті Санчо Пансаның да аза бойы қаза болды, өйткені, — дауыл басылған соң өзі сендіріп баққандай, — мырзасының бұлайша құтырынғанын ол бұрын ешқашан көрмеген болатын. Сандықшадағы мүкәммалды түгел жайратып салғаннан кейін Дон Кихот азды-кем сабасына түсіп, былай деді:

— Кезбе рыцарьлар жұртқа ересен зор пайда әкеледі дегенге сенбейтін және сенгісі де келмейтіндердің сықпытын көріп алар ма едім қазір, — ойланып көріңдерші өздерің, егер өзім осы арада отырмағанда мейірбан дон Гайферос пен Мелисендра сұлудың жағдайы нешік болар еді: бәс тігуге бармын, әлгі иттер ендігі оларды қуып жетіп, жәбір көрсетіп жататын еді. Ендеше, кезбе рыцарьлық жасасын және қазір жер бетінде тіршілік етіп жүргендердің бәрінен абыройы үстем болсын!

— Мейлі жасай берсін, — деп қуаттады маэсе Педро дауысы дірілдеп, — ал маған өлу керек шығар, — жағдайымның мүшкілдігі сонша, король Родригомен бірге менің де былай деуіме болады-ақ:

Кеше ғана Испанияны мұқым

Билеп-төстеп отыр, бүгін

Қу мұнара да жоқ менде.

Бұдан жарты сағат, жарты минут қана бұрын өзімді корольдер мен императорлардың қожасы секілді сезінетінмін, ат қораларымда, сандықтарым мен қапшықтарымда қисапсыз көп жылқы мен киім-кешек бар-ды, енді қазір тұттай жалаңаш қалдым, намысым қорланды, кедеймін, кембағалмын, ал ең бастысы, маймылымнан айрылдым, оны қайтадан ұстап алғанымша, шын сөзім бұл, сорым сорпа болатын шығар. Ал, осының бәрі сеньор рыцарьдың пәруайсыз ашу-ызасының қырсығы ғой, өйткені, ол кісі жайында жұрт жетімдерді қорғайды, қисықты түзетеді және басқа да не қилы жақсылық жасайды десетін, — оның мейірім-қайырымы жалғыз маған ғана бұйырмады, даңқының алтын тағында отырған құдіреті күшті құдайым шапағат-шарапатынан айырмағай тек. Қуыршақтарымның күл-талқанын шығарып, өзімді қайғыға батыру Қайғылы Бейне Рыцарының маңдайына жазылған нәрсе болды ғой, шамасы.

Маэсе Педроның сөзі Санчо Пансаның көңілін босатып, ол былай деді:

— Жылама, маэсе Педро, күйзеліп күңіренбе, мені де әрі-сәрі қып тастадың. Біле білсең, мырзам Дон Кихот — ақ пейілді әрі ақ ниетті христиан ғой, залал келтіргеніне анық көз жеткізсе, міндетті түрде өз ықтиярымен оның құнын төлеп, шығындарыңды есесімен қайтарып береді.

— Егер сеньор Дон Кихот күйреткен қуыршақтарының құрығанда бір бөлігінің құнын төлесе, онда мен де реніште қалмас ем, ол кісінің де ары таза болар еді, өйткені қожасының ырқынан тыс түрде біреудің дүние-мүлкін иеленіп кеткендер мен оның қарымтасын қайтармағандар жанын жаһаннамнан аман сақтай алмайды.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий