Knigionline.co » Казахские книги » Дон Кихот ІІ

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес

Книга «Дон Кихот ІІ» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Мистер Дон Кихот полюбил рыцарские романы и решил стать рыцарем. Он отправляется вместе со своим оружейником Санчо Пэнси в путешествие во имя любви к Дульсинеи Тобосской. Это путешествие и в наши дни пленяет читателя.

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес читать онлайн бесплатно полную версию книги

— Бұл рас, — деп келісті Дон Кихот, — бірақ маған түсініксіз боп тұрғаны, маэсе Педро, дүние-мүлкіңізден нені иеленіп кеткенімді айтыңызшы.

— Қалайша иеленген жоқсыз? — деп дауыстап жіберді маэсе Педро. — Ау, мына құнарсыз қу тақырда жайрап жатқан мүрделер ше, — оны ту-талақай ғып шашып тастаған және күйреткен кім, қуатты білегіңіздің қаһарлы күші емес пе? Бұлар менің тәнім емей, кімнің тәні? Осылармен күнімді көрмегенде, немен көріп жүр едім?

— Бұрын да талай мәрте көзім жеткен нәрсеге енді көзім тіптен анық жетіп тұр, — деп сөйлеп кетті Дон Кихот, — атап айтқанда: қыр соңымнан қалмай жүрген сиқыршылар әу баста әлдебіреудің кейіп-кескінін маған шынайы өз бейнесінде көрсетеді де, соңынан оны басқамен ауыстырып, ойларына не келсе соған айналдырып жібереді. Құлақ салыңыздар, сеньорлар, сіздерге ақ-адал шынымды айтып тұрмын: осы арада орын алған жайлардың бәрі өзіме расында және шын мәнінде тап солай болып жатқандай көрінді, Мелисендраны — Мелисендра, Гайферосты — Гайферос, Марсилийді — Марсилий, Ұлы Карлды — Ұлы Карл деп ұқтым, міне бойымды ашу-ыза билеп кеткенінің себебі де сол, сосын кезбе рыцарь парызын орындау үшін қашқындарға қол ұшын беруді және оларды қорғауды ұйғардым, өздеріңіз куә болған нәрсенің бәрін осы бір ізгі ниеттің жетегінде жүріп істедім. Егер дәл өзім діттегендей боп шықпаса, онда бұған мен кінәлі емеспін, қыр соңымнан қалмай жүрген жауыздар кінәлі; сөйте тұрғанымен, бұл ағаттықты әдейі жасамағаныммен, шығындардың орнын толтыру жөнінде өзіме-өзім үкім шығарам. Айтыңызшы, маэсе Педро, сынған қуыршақтар үшін қанша сұрайсыз? Сізге осы қазір әрі сенімді, әрі айналымда жүрген кастильялық теңгемен төлеуге дайынмын.

Маэсе Педро басын иді де, былай деді:

— Айбынды Ламанчалық Дон Кихоттың, жоқ-жітік, қаріп-қасер жандардың шын мәніндегі қорғаушысы мен қолдаушысының, таңғаларлық христиандық мейір-шапқатынан бұдан кемді өзім де күтпегем; сеньор бекетші мен айтулы атқосшы Санчо баға кесуші және сіз бен біздің арамыздағы делдал міндетін мойнына алып, сынған қуыршақтардың құны қанша тұратынын немесе, дәлірек айтқанда, қанша тұрғанын анықтап берсе етті.

Бекетші мен Санчо келісімдерін берді, маэсе Педро басы шабылған король Марсилий Сарагосскийді сол бойда-ақ жерден көтеріп алып, былай деді:

— Корольді қайта тірілту мүмкін еместігін кез-келген адам растап бере алады, сондықтан, қарсы болмасаңыз, мұның ажалы, қазасы мен қасіреті үшін төрт жарым реал алсам ба деп ем.

— Әрі қарай, — деді Дон Кихот.

— Ал, енді бұлайша жоғарыдан төмен қарата шауып түсірудің өтемі үшін, — деп сөзін жалғады маэсе Педро қақ бөлінген император Ұлы Карлды қолына ұстап тұрып, — бес те ширек реал алу көптік етпейді.

— Аздық та етпейді, — деп сөз қыстырып қойды Санчо.

— Жоқ, көп емес, — деп қарсылық білдірді бекетші. — Делдал ретінде мынадай ұсыныс айтқым келеді: дөңгелектеп жіберейік — бес реал болсын.

— Оған бес те ширекті түгел беріңдер, — деді Дон Кихот, — ширек реалдың әрісі не, берісі не — бүгінгі есте қаларлық апаттың салдары одан өзгере қоймайды. Тек тезірек аяқтаңыз, маэсе Педро, кешкі ас ішетін уақыт болды, тамақ ішкім кеп тұр.

— Заманында Мелисендра сұлу атанған мына әрі пұшық, әрі бір көзі соқыр қуыршаққа екі реал он екі мараведи сұрағаным ұят болмас, — деп мәлім етті маэсе Педро.

— Егер Мелисендра жұбайымен бірге, қалай болған күнде де, қазір Франция шекарасынан әрі аспаса, мені шайтан алып-ақ кетсін, — деді Дон Кихот, — олардың мінген аты құйғыта шаппай, құйындатып ұшып бара жатқандай болатын. Сондықтан маған қонжықты қоян деп, қайдағы бір пұшық Мелисендраны көрсетудің қажеті жоқ, өйткені дәл қазір нағыз Мелисендра, егер бәрі ойдағыдай болса, жұбайымен бірге Францияда ұлан-асыр той жасап, көңіл көтеріп жатқан да шығар. Жаратқан жақсылығынан кім-кімді де жырақ қалдырмайды, сеньор маэсе Педро, ал біздің парызымыз тек тура жолмен жүріп, ардан аттамау ғана. Ал, енді жалғастыра беріңіз.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий