Knigionline.co » Казахские книги » Дон Кихот ІІ

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес

Книга «Дон Кихот ІІ» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Мистер Дон Кихот полюбил рыцарские романы и решил стать рыцарем. Он отправляется вместе со своим оружейником Санчо Пэнси в путешествие во имя любви к Дульсинеи Тобосской. Это путешествие и в наши дни пленяет читателя.

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес читать онлайн бесплатно полную версию книги

— Шынайы христиан жалбарынуға ықтиярлы нәрсенің бәрінің атымен жалбарынам: сен кімсің өзің, соны айтшы маған; егер сен пенденің тыншу таппаған жаны болсаң, онда өзіңе қандай көмек керегін айт, мен өзім жер бетінде тірлік кешіп жүрген міскіндерді қанатымның астына алып, қолғабыс көрсетуге борышты адаммын, егер өздеріне өздері қамқорлық жасауға қауқарсыз болса, ана дүниеге аттанған мүсәпірлерді де бәледен құтқарып, оларға жәрдем беру жайын өз міндетіме ала алам.

— Сөз саптауына қарап қожайыным Ламанчалық Дон Кихотты танып тұрмын және дауысы да, сөз жоқ, соның дауысы, — деген жауап естілді жер астынан.

— Иә, мен тап сол Дон Кихотпын, менің парызым — тірілерді де, өлілерді де бәледен құтқарып, оларға болысу, — деп нықтады Дон Кихот. — Сондықтан, сен, өзімді дал ғып қойған пенде, маған кім екеніңді айт, өйткені, егер атқосшым Санчо Панса болсаң, және сен өлген болсаң, және сені шайтандар алып кетпесе, және сен жаратқанның жәрдемімен мақшарда жатсаң, онда біздің қасиетті римдік-католиктік шіркеу анамызда марқұмдарға бағышталған, қазір бастан кешіп жатқан ақиретіңнен азат ететін дұғалар бар, ал мен, өз тарапымнан, осыған септік жасауға тырысып бағам және осының жолында бар дүние-мүлкімді сарп етуге дайынмын. Сонымен, енді есіміңді ата және кім екеніңді айт.

— Оллаһи-білләһи, — деген жауап естілді жер астынан, — есімін атауға, тақсыр сеньор Ламанчалық Дон Кихот, өзіңіз рақымшылық ететін, өмірге жаңа келген жанның атымен ант етем, мен атқосшыңыз Санчо Панса болам және бүкіл ғұмырымда әлі күнге шейін бір де бір рет өліп көргем жоқ, — түрлі себептер мен жағдаяттарға байланысты маған тек губернаторлықты ғана тастауға тура келді, — ол жайында айтып жатуым қазір орынсыз, — сосын бүгін түнде сұр жорғаммен бірге мына қуысқа түсіп кеттім, — ол да мұны растап бере алады: өйткені, міне, қасымда тұр.

Ал, осыған нанасыз ба, нанбайсыз ба: Санчоның не жайында айтып тұрғанын түсінгендей, есек те сол сәт қолма-қол ақырып жіберді, қатты ақырғаны сонша, жаңғырығы үңгір ішін кеулеп кетті.

— Бұдан асқан қандай куә керек! — деп дауыстап жіберді Дон Кихот. — Оның дауысын, құдды бір өз баламның дауысындай жақсы танимын ғой, сондай-ақ, сенің де дауысың, сүйкімді Санчо, маған таныс. Сен тұра тұр, қазір герцогтың қамал-сарайына барайын, — бұл жерден ол онша қашық емес, — адам әкелейін: олар сені мына қуыстан шығарып алады; мұнда сен, шамасы, күнәларың үшін тап болғансың ғой.

— Барыңызшы, тақсыр, барыңызшы, — деді Санчо, — құдай үшін, тезірек қайтып оралыңызшы: тірілей көмілген екем деген ойдан дегбірім қалмай тұр, қорқыныштан да құтым қашып барады.

Дон Кихот дереу жүріп кетті де, қамал-сарайға келген соң жоғары мәртебелілерге Санчо Пансаның басындағы жайды баяндап берді, бұл оларды шынымен таңдандырды; Санчоның сол маңайдағы бағзы замандарда жасалған жер асты жолына бастайтын шұңқырлардың біріне түсіп кеткенін олар сол бойда-ақ аңғара қойған-ды, бірақ келетіні жайында өздеріне хабарламастан Санчоның не себепті губернаторлықтан қол үзіп кете барғанын олар түсіне алмады. Жіп пен арқанға жүк түсіп дегендей, көптеген адамның күш біріктіруінің нәтижесінде ақыры сұр жорға да, Санчо Панса да түн қараңғылығынан күн жарығына шығарылды. Әлдебір студент Санчоға қарап тұрып, былай деді:

— Ант ұрған әкімдердің бәрін қызметтен осылай қуу керек — тап мына құрдымнан шыққан күнәкар секілді болса ғой шетінен: бұл аштықтан бұратылып тұр, өңі құп-қу және, байқауымша, қалтасында соқыр тиын жоқ.

Бұл пікірді естіген Санчо былай деді:

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий