Knigionline.co » Казахские книги » Дон Кихот ІІ

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес

Книга «Дон Кихот ІІ» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Мистер Дон Кихот полюбил рыцарские романы и решил стать рыцарем. Он отправляется вместе со своим оружейником Санчо Пэнси в путешествие во имя любви к Дульсинеи Тобосской. Это путешествие и в наши дни пленяет читателя.

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес читать онлайн бесплатно полную версию книги

Рәсімгер екеуіне күн сәулесін еншілеп берді, сосын тұратын жерлерін көрсетті. Барабандар дүңкіл қақты, ауа керней дыбысына толды, сұрапыл гуілден жер де ыңырсып сала берді; көрермендер түрлі-қилы сезімді бастан кешті: біреулердің зәре-құты қалмаса, екіншілер бұл немен аяқталар екен — қуаныш әкелер ме екен әлде қайғы әкелер ме екен дейтін әуесқойлықпен тағатсызданып тұрды. Дон Кихот өз тағдыр-талайын құдіреті күшті құдай мен сеньора Дульсинея Тобосскаяның ықтиярына табыс еткен, енді қазір тек айқасты бастайтын шартты белгіні ғана күтіп тұрған, ал малайымыз болса, мүлдем басқа нәрсе жайында қиял кешіп кеткен-ді, не жайында екенін қазір айтып берем.

Қапалы қызға көз салған кезде ол бұған бұрын-соңды көрген әйелдерінің ең кереметі секілді көрінген еді, ал бізде Амур деп аталатын, көп ештеңені анық көре бермейтін балақан болса, малайдың жанын жаулап алатын, сөйтіп оны құрбандықтарының қатарына қоса салатын орайлы сәттен айрылып қалмауды ұйғарған-ды; осы мақсатпен ол жаймен басып білдірмей жақындап келді де, сала құлаш жебені бейшара малайдың сол жақ бүйірінен сұқты да жіберді, ал жебе оның жүрегін тесіп өтті; мұндайды ол еш кедергісіз істей алады, өйткені Амур — көзге көрінбейтін бейне: өз әрекеті жайында ешкімге ешқандай есеп берместен кіретін жеріне кіріп, шығатын жерінен шығып жүре береді. Міне, айқастың басталуына да белгі берілді, ал малайымыз болса, өзін басы бүтін баурап үлгерген әйелдің сұлулығын ойлап, шалықтап тұрғандықтан керней дауысын естімей қалды. Дон Кихот, керісінше, бұл дыбысты құлағы шалған бойда-ақ ілгері ұмтылып, Росинанттың бар шабысымен жауға қарай ат қойды; ал оның айқасқа шыққанын көрген адал атқосшысы Санчо бар дауысымен былай деп бақырып жіберді:

— Құдай жар болсын өзіңе, кезбе рыцарьлықтың қуанышы мен мақтанышы! Жаратқан ием жеңіске жеткізсін сені, өйткені әділдік сенің жағыңда!

Тосилос болса, Дон Кихоттың өзіне қарай тура тартып көсілтіп келе жатқанын көргенімен, тұрған орнында тырп етпей тұра берді — болғаны тек бар дауыспен айқайлап басқарушыны шақыра бастады; не боп қалғанын білмекке қасына келген басқарушыдан Тосилос:

— Сеньор! Мен ана қызға үйленуге тиіспін бе әлде тиіс емеспін бе — мына сайыс соны шешу үшін ұйымдастырылды ма? — деп сұрады.

— Сол үшін, — деген жауап болды оған.

— Ондай жағдайда, — деп салды малай, — мен ар-ұятымның алдында айыпты сезініп тұрмын, өйткені айқасты жалғастыра берсем үлкен күнәға батарым хақ. Тоқ етері, жеңілгенімді мойындаймын және мына қызға мүмкін болғанынша тезірек үйленгім келетінін мәлім етем.

Осынау әурешілікті ұйымдастырушылардың бірі боп табылатын басқарушы Тосилостың мына сөзіне таң-тамаша боп, не жауап қайтарарын білмеді. Қарсыласының өзіне қарай аттап баспағанын көрген Дон Кихот орта жолдан тоқтады. Герцог айқастың неге басталмай жатқанын түсінбей дал болды: басқарушы оған Тосилостың сөзін жеткізген кезде бұл оны әрі қайран қалдырып, әрі қатты ашуландырды. Ал, Тосилос бұл екі аралықта тұғырға жақын келіп, донья Родригеске қарап қатты дауыстап былай деп сөйлеп кетті:

— Сеньора! Қызыңызға үйленуге дайынмын және өлімге басыңды тікпей-ақ, бейбіт жолмен қол жеткізуге болатын нәрсені ұрыс-керіспен және ұстасумен тартып алуға құлықты емеспін.

Мұны естіген айбынды Дон Кихот былай деп мәлім етті:

— Ендеше, міндетімнен босадым және уәдемді орындадым деп есептей беруіме болады. Көңілдері үйлессе үйлене берсін бұлар, құдай жолдағанды шадияр Петр де қолдайды.

Герцог галереядан түсті де, Тосилостың қасына келіп, одан:

— Жеңілгеніңізді мойындағаныңыз және ар-ұят алдындағы азаптан қорқып мына қызға үйленуге ниет қылғаныңыз шын ба, рыцарь? — деп сұрады.

— Шын, сеньор, — деп растады Тосилос.

— Онысы өте дұрыс, — деді сол арада Санчо, — қату болғаннан тату болған артық.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий