Knigionline.co » Казахские книги » Дон Кихот ІІ

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес

Книга «Дон Кихот ІІ» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Мистер Дон Кихот полюбил рыцарские романы и решил стать рыцарем. Он отправляется вместе со своим оружейником Санчо Пэнси в путешествие во имя любви к Дульсинеи Тобосской. Это путешествие и в наши дни пленяет читателя.

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес читать онлайн бесплатно полную версию книги

Сол аралықта дулығасын шешуге кіріскен Тосилос көмек сұраған еді, себебі осыншама тар аяда ұзақ болғандықтан ауа жетпей тынысы тарылып кеткен. Дулығасы ә дегенде сыпырып алынды, сол сәт әлгі жерге жиналғандардың көз алдына малайдың әлпеті аян берді. мұны көрген донья Родригес пен қызы жан дауысы шығып шыңғырып жіберді:

— Бұл нағыз алдау! Нағыз алдау бұл! Күйеу жігітімнің орнына сеньор герцогтың малайы Тосилосты өткізіп жіберіпті! Құдай мен корольден залымдыққа бергісіз мұндай зымияндықтан қорғауды сұраймын!

— Сабыр етіңіз, сеньора, — деді Дон Кихот, — мұнда зымияндық та, залымдық та жоқ, ал егер ондай бола қалса, бұған кінәлі герцог емес, менің қыр соңымнан қалмай жүрген зұлым сиқыршылар: осы жеңісім арқылы ие болған даңқымды көре алмаған олар күйеу жігітіңіздің бет-әлпеті герцогтың малайы деп тұрған адамға ұқсас боп шығуына қам жасаған. Айтқан ақылымды тыңдаңыз, жауларымның зымияндығына қарамастан, оған күйеуге шығыңыз, өйткені мұның сол өзіңіз күйеу еткіңіз кеп жүрген жігіт екенінде дау жоқ.

Мұны естіген герцог өкініш-күйінішін тарс ұмытып, тап қазір қарқылдап тұрып күліп жіберетіндей сезінді.

— Сеньор Дон Кихоттың не қилы ғажайыптарға килігіп жүретіні сонша, — деді ол, — мына жігіттің өз малайым емес, басқа біреу екеніне сеніп те қалғандаймын. Әйткенмен, мынадай бір амал-айла жасап көрейік: рұқсат етсеңіздер, үйлену тойын екі аптаға кейін шегерейік, ал өзімізге күдікті көрініп тұрған мына сабазды қамап тастайық: бәлкім осы уақыттың ішінде мұның бұрынғы бет-ажары өзіне қайтып оралар, себебі сиқыршылардың Дон Кихотқа деген өшпенділігі сонша ұзаққа созыла қоймас, оның үстіне мынадай жымысқы әрекеттер мен өң айналдырудан ұтатындары да шамалы-ақ.

— Аһ, сеньор! — деп дауыстап жіберді Санчо. — Бұл қаныпезерлердің дағдысы мен дәстүрі мынадай: мырзама жолап кеткен жанның қолма-қол өңін өзгерте қояды. Жақында өзі тізе бүктірген, Айна Рыцары деп аталатын бір рыцарьды олар селоласымыз әрі жақын досымыз бакалавр Самсон Карраскоға айналдырып жіберді, ал сеньора Дульсинея Тобосскаяны қарапайым шаруа әйел ғып өзгертті, — осы себептен мына малай нақ осы малай қалпында өле ме деп қорқам.

Сол арада Родригестің қызы сөйлеп кетті:

— Өзіме үйленуге тілек білдірген адамға, ол кім болсын мейлі, бәрібір, ырзашылық білдіргім келеді: дворянның алданған ашынасы болғанша, малайдың заңды зайыбы болған артық, — айтпақшы, өзімді алдаған жігіт әсте дворян емес-ті.

Бұл әңгімелер мен оқиғалардың бәрі, алайда, ғайыптан болған өзгерісі немен аяқталарын білу үшін Тосилостың қапасқа қамалуымен тынды; жұрт бірауыздан Дон Кихотты жеңімпаз деп тапты, дей тұрғанмен, көпшілігі осынау көптен күткен жекпе-жекте қарсыластардың бір-бірін пәрша-пәрша ғып кескілеп тастамағанына қатты күйініп, қапаланып қалды, — дарға асылуға тиіс адамның талапкердің кешірім жасауы немесе соттың рақымшылық етуі салдарынан дарға асылмай қалғанына балалар ғана тап осылай қатты қапаланатын. Жұрт тарап кетті, герцог пен Дон Кихот қамал-сарайға қарай беттеді, Тосилос қамауға алынды, донья Родригес пен қызы, қайткен күнде де, әйтеуір, бұл әурешіліктің соңы үйлену тойымен бітетініне қуанып, мәз-майрам болды, Тосилостың да тілегені сол еді.

LYІІ тарау

Мұнда Дон Кихоттың герцогпен қалай қоштасқаны жайында, сондай-ақ герцогиняның күтушісі, өткір де өжет қыз Альтисидора екеуінің арасында қандай оқиға орын алғаны жөнінде әңгімеленеді.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий