Knigionline.co » Казахские книги » Дон Кихот ІІ

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес

Книга «Дон Кихот ІІ» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Мистер Дон Кихот полюбил рыцарские романы и решил стать рыцарем. Он отправляется вместе со своим оружейником Санчо Пэнси в путешествие во имя любви к Дульсинеи Тобосской. Это путешествие и в наши дни пленяет читателя.

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес читать онлайн бесплатно полную версию книги

Шаруа екінші мүсінді ашты: ол атқа мінген әулие Мартин екен, бір кедейге хитонын бөліп беріп жатқан кейпінде сомдалыпты; соны көрген бойда Дон Кихот:

— Бұл рыцарь да христиандық жиһанкездер қатарынан; меніңше, айбындылығынан қайырымдылығы басымдау болған секілді; бұл оның, Санчо, жартысын кедейге беру үшін хитонын жыртып жатқанынан-ақ көрініп тұр. Шамасы, бұл қыс мезгілі болса керек, әйтпесе хитонын басы бүтін бере салар еді, — оның мейірбандылығы сондай-тұғын, — деді.

— Әй, қайдам. Абзалы, ол “есті адам есесін жібермейді” дейтін мақалды жақсы білген тәрізді. — деді Санчо.

Дон Кихот күліп жіберді де, келесі кенепті ашуды сұрады, оның астынан Испания қамқорының бейнесі шыға келді: атқа салт мінген ол қанға малшынған семсерімен маврларды қырып-жойып жатыр; бұған көз жүгіртіп өткен Дон Кихот мынаны айтты:

— Шын мәнінде де бұл Христос әскерінің рыцары, есімі — әулие Маврқырған Дьего. Ол — жер бетінде бұрын-соңды ғұмыр кешкен, қазір көкті мекен ететін ең айбынды әулие рыцарьлардың бірі.

Бұдан соң тағы бір жамылғы сыпырылып, шадияр Павелдің аттан құлаған бейнесі көрініс берді, оның дінді қабылдауы әдетте қалай бейнеленсе, бұл да сондай егжей-тегжейімен кескінделген-ді. Табиғилығы сонша, құдды Христостың өзі сауал қойып, Павел оған жауап беріп тұрғандай көрінетін.

— Бұрын ол Христос шіркеуін қуғындаушылар ішіндегі заманының ең залым да қатыгез адамы болған, ал кейін шіркеуді қорғаушылар ішіндегі ең адал да абзал адамға айналды, — деді Дон Кихот. — Ол — көзі тірісінде кезбе рыцарь болып, дүние салғаннан кейін мәңгі тыныштық мекеніне енген әулие адам, ол — Христос жүзімдігіндегі тыным таппас еңбекқор, ол — халықтар ағартушысы, мектебі — аспан әлемі, ал тәлімгері мен ұстазы — Христостың өзі болған.

Басқа бейне жоқ еді, сондықтан Дон Кихот мүсіндерді кенеппен жауып тастауды сұрады да, мүсін тасушыларға қарап былай деді:

— Туысқандар, мына бейнелерді көрудің сәті түскенін зор бақыт әкелер жақсылыққа жорып тұрмын, өйткені бұл әулие рыцарьлар да өзім қарекет жасап жүрген салада, яғни әскери салада әрекет еткен-ді, арамыздағы айырмашылық мынадай ғана: олар әулие адам болатын және құдай меңзеген мақсаттарды іске асырумен шұғылданған еді, мен болсам, күнәкар пенде, жер бетіндегі тіршілікке қатысты істермен айналысам. Олар күш-қайратының арқасында өздеріне көктен орын сайлады, өйткені аспан патшалығын күшпен ғана алуға болады, ал мен небір ауыртпалықты арқалап жүріп, нені жаулап алатынымды әлі білмеймін, — дей тұрғанмен, егер Дульсинея Тобосская өз басындағы ауыртпалығынан арылса, менің де тағдыр-талайым қолма-қол жақсарып, ақыл-парасатым кемелдене түсер еді, бәлкім, тіпті осы күнге дейін жүріп келген жолымнан шығып, одан гөрі тәуір, басқа жолға ауысуым да ықтимал.

— Сәтті күнде гөй-гөйле, сәтсіз күнде сөйлеме, — деп қосып қойды Санчо.

Мүсін тасушылар Дон Кихоттың сырт пішініне де, айтқан сөзіне де таңырқанды; ал не айтпақ болғанының тең жарымын да түсінбеді. Тамақ ішіп алған соң мүсіндерін иыққа салды да, Дон Кихотпен қош айтысып, әрмен қарай асты.

Қожайынын алғаш көріп тұрғандай Санчо оның білімдарлығына тағы да таң-тамаша болды: дүниеде Дон Кихот бес саусағындай білмейтін және қаперінде сақтамайтын бірде-бір аңыз-әңгіме мен оқиға жоқтығына ол кәміл сенімді еді; ал Дон Кихотқа мынадай лебіз арнады:

— Ақ-адал шынымды айтайын сізге, қадірменді қожайыным: егер бүгінгі бастан кешкенімізді шытырман оқиға қатарына жатқызуға болса, онда бұл — жиһан кезгелі өзімізге ұшырасқан ең әсерлі және ең қуанышты шытырман оқиғалардың бірі, — бұл жолы бізді ешкім сабаған жоқ, басқадай тауқыметке де ұшырамадық, семсер суыруымызға да, денемізбен жер сабалауға да, ашығуымызға да тура келмеді. Ризамын саған, осындай шытырман оқиғаны өз көзіммен көруге жеткізген жаратқан ием!

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий