Knigionline.co » Казахские книги » Дон Кихот ІІ

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес

Книга «Дон Кихот ІІ» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Мистер Дон Кихот полюбил рыцарские романы и решил стать рыцарем. Он отправляется вместе со своим оружейником Санчо Пэнси в путешествие во имя любви к Дульсинеи Тобосской. Это путешествие и в наши дни пленяет читателя.

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес читать онлайн бесплатно полную версию книги

— Жан түршігерлік қатыгездік! Құлақ естіп, көз көрмеген рақымсыздық! — деп дауыстап жіберді Санчо. — Мен болсам, аузынан шыққан алғашқы жылы сөзінен-ақ буыным босап, балқып жүре берер ем. Апырай, неғылған тас жүрек, меңіреу көңіл, мыс көкірек едіңіз! Бірақ, басым жетпейтін бір нәрсе — ана қыз сіздің қай жеріңізге қызықты екен, неліктен буыны босап, балқып кетті екен деймін-ау: қандай бір ерекше қасиет, қандай бір керемет кескін, қандай бір ғажайып көрік тапты екен ол сізден, сондай-ақ бет-әлпетіңізде оның есін алып еліктіретіндей не бар сіздің, — ақыр аяғында, осының бәрін қоса есептегендегі болмыс-бітіміңіз бе әлде жеке-дара алғандағы бір ерекшелігіңіз бе оның басын айналдырған? Шынымды айтсам, өзіңізді талай рет басыңыздан бақайшағыңызға дейін көзбен шолғам және, жасыратын не бар, тақсыр, әрдайым бойыңыздан тамсанудан гөрі талып түсуге лайық нәрселерге көбірек кезігетінмін. Оның үстіне, естуімше, ең әуелі және негізінен, әдемілікке бола ғашық болатын көрінеді ғой, ал сіздің, тақсыр, тіптен әдемі еместігіңіз себепті ана бейшараның сізге не үшін ғашық болғаны маған мүлдем түсініксіз.

— Есіңде ұста, Санчо, — деді Дон Кихот, — әдеміліктің: жан сұлулығы және тән сұлулығы дейтін екі түрі болады. Жан сұлулығы ақыл-ой алғырлығынан, пәк-тазалықтан, мінсіз мінез-құлықтан, мейірімділік пен тәрбиеліліктен көрініс беріп, мен мұндалап тұрады және бұл қасиеттердің бәрі көріксіз кісінің де бойынан тоғысып, үйлесім таба алады, ал егер назар тән сұлулығына емес, тап осындай жан сұлулығына ауса, онда нағыз албырт та баянды махаббат туындайды. Мен, Санчо, әдемі еместігімді өзім де білем, сондай-ақ ұсқынсыз еместігім де өзіме мәлім, ал жақсы адамды ұнату үшін оның тек құбыжық болмауы ғана шарт, есесіне ол әлгінде ғана өзім санамалап берген қасиеттердің иесі болуға тиіс.

Осылайша әңгіме-дүкен құрған олар жолмен емес, орман ішімен келе жатқан-ды, кенет, өзі мүлдем күтпеген жерден, Дон Кихот ағаштар арасына тартылып, тор секілді етіп ұстатылған жасыл жіптерге маталып қалды; мұның не екенін түсінбеген ол ақыры Санчоға қарап былай деп тіл қатты:

— Менің ойымша, Санчо, мына торға байланысты туындап тұрған жағдай —басымыздан бұрын-соңды кешпеген керемет шытырман оқиғаның бірі. Қысастық көрсетіп жүрген сиқыршыларым, шамасы, Альтисидораға қаталдық жасағаным үшін мені тормен шырмап, жолымды бөгемек қой — егер осы айтқаным өтірік болса тұрған жерімде өлтіре сал. Алайда, олар біліп қойсын, құрған торы мынадай жасыл жіптен болмай, ең қатты алмастан болған күнде де, ол да ештеңе емес, тіпті ұсталардың қызғаншақ құдайы Венера мен Марсты шырмап тастаған тордан берік болғанның өзінде де, бәрібір, мен оны бейне бір теңіздің балдырындай немесе мақтаның талшығындай әп-сәтте быт-шыт қып тастар едім.

Сөйтіп, ол алға қарай жылжып, торды талқан қылмаққа оқтала бергенінде, кенет тура қарсы алдынан ағаш тасасынан керемет сүйкімді екі бақташы қыз шыға келді: қалай болған күнде де олар, әйтеуір, бақташы секілді киінген еді, бақташыдан айырмашылығы күртешелері мен белдемшелері аса бір әдемі қамқадан тігілген болатын — айтқандайын, олай емес: белдемшелері аса қымбат, алтын жіптен зер төгілген тафтадан еді. Иықтарына төгілген, жылтыраған алтын шашы басқа ештеңемен емес, тек күн сәулесімен ғана бәсекелесе алатын; екеуі де басына жап-жасыл лавр мен қып-қызыл амаранттан гүлтәж киіпті. Түрлеріне қарап бұларға аз дегенде он бес, көп дегенде он сегіз жас беруге болатын.

Санчо оларға қарап аузын ашып қалды, Дон Кихот түк ештеңе түсінбей дал болды, тіпті күннің өзі де оларға көз тастау үшін бір сәтке жүгірісін тиды, сөйтіп төртеуі де түк үн қатпай мелшиіп тұрды да қойды. Ақыры бақташы қыздардың бірі бірінші боп тіл қатып, Дон Кихотқа қарап былай деді:

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий