Knigionline.co » Казахские книги » Дон Кихот ІІ

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес

Книга «Дон Кихот ІІ» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Мистер Дон Кихот полюбил рыцарские романы и решил стать рыцарем. Он отправляется вместе со своим оружейником Санчо Пэнси в путешествие во имя любви к Дульсинеи Тобосской. Это путешествие и в наши дни пленяет читателя.

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес читать онлайн бесплатно полную версию книги

— Осыдан кейін аспан асты, жер үстінде сені зымияндық пен қасақылыққа да бейімді, барып тұрған миғұланың өзі демейтін бір адам табылар ма екен? Ау, менің ісіме аралас, естімін бе, есуаспын ба, соның бағасын бер деп сенен біреу сұрап па еді? Өшір үніңді және қарсыласпа — одан да ері алынған болса Росинантты барып ертте: қазір біз әлгі уәдемді орындауға аттанамыз, ал ақиқат менің жағымда болуы себепті, маған қарсы шығатындардың бәрі жеңіліс тапты деп алдын-ала есептей бер.

Соны айтып, қатты қынжылып, ашуға булыққан Дон Кихот үстел басынан тұрды, сол арада отырғандар айран-асыр боп, оның есалаң ба әлде есі дұрыс адам ба — кім екенін біле алмай аңтарылып қалды. Мұндай іске бармауын сұрап, табиғатына тән ырзашылық сезімі мұқым жұртқа мәлім екенін, рухының мықтылығын тағы да тағы дәлелдеудің текке керегі жоқтығын, себебі қарекеті жайындағы хикаяда келтірілген деректердің өзі-ақ жеткілікті екенін айтып, қанша үгіттегендеріне қарамастан Дон Кихот алған бетінен қайтпады: Росинантқа отырып, кеудесін қалқанмен көлегейлеп, қолына найзасын алып, шалғынның іргесімен өтіп жатқан күре жолдың қақ ортасына шықты. Сұр жорғасына қонған Санчо да солай қарай бет түзеді, бұрын-соңды болып көрмеген осынау оспадарсыз әурешіліктің немен тынарын білгісі келген бақташы боп жүрген қауым топырласып оның соңынан ерді.

Әлгінде айтқанымыздай, жолдың қақ ортасына шыққан Дон Кихот маң даланы мынадай сөзбен жаңғырықтырды:

— Оу, сендер, жолаушылар мен жиһанкездер, рыцарьлар мен атқосшылар, салт аттылар мен жаяу жүргіншілер, осы жолмен қазір келе жатқандардың және алдағы екі күннің ішінде өтетіндердің барлығы! Мына менің, кезбе рыцарь Ламанчалық Дон Кихоттың, бұл жерге дүйім жұрттың алдында өз пікірімді қорғау үшін тоқтап тұрғанымды біліп қойыңдар: жүрегімнің әміршісі Дульсинея Тобосскаяны есепке қоспасақ, мына тоғайлар мен шалғындарды мекен ететін нимфалардың сұлулығы мен сыпайылығына ешкім теңесе алмайды! Осы жағдаятқа байланысты, кімде-кім басқа пікірде болса — келе қойсын, оны осы арада күтіп алам.

Бұл сөзді ол екі мәрте қайталап айтты, бірақ шытырман оқиға іздеушінің ешқайсысы оған қай жолы да құлақ аса қоймады, алайда қашан да өзіне қарасып жүрген тағдырдың көмегі арқасында көп ұзамай-ақ жол бойында қыруар салт атты қара көрсетті; көпшілігінің қолында найза бар-ды және олар топтанып, шоғырланып, суыт келе жатқан болатын. Дон Кихоттың жанындағылар оларды көрген бойда-ақ жалт бұрылып, жолдан әжептәуір жыраққа барып тұрды: әлгілерді тосып тұра берсе басына бәле тілеп алатынын олар жақсы түсінген еді; қорқу деген қаперіне кіріп шықпаған Дон Кихот қана орнынан қозғалмады, ал Санчо Росинанттың тасасына тығылды. Сол екі аралықта салт атты найзагерлер отряды жуықтап та қалған, алда келе жатқан біреуі Дон Кихотқа айқайлап былай деді:

— Былай тұр жолдан, есалаң, әйтпесе қазір сені бұқалар таптап өтеді!

— Өй, оңбаған! — деп айқайлап жіберді Дон Кихот. — Мен ешқандай бұқадан қорықпаймын, тіпті Харама өзені жағалауында жайылған бұқалардың ішіндегі ең шектен шыққан жабайыларынан да! Әлгінде айтқаным ақиқат шындық екенін мойындаңдар қане, малғұндар, қаншаң болса соншаң, әйтпесе сендерді жекпе-жекке шақырам.

Мал айдаушы бұған жауап қатып үлгерген жоқ, Дон Кихот болса, тіпті мақұл көргеннің өзінде де былай шығып үлгермейтін, себебі арасында үйретілгені де, жуасы да бар, жабайы бұқалар табынын бір қауым мал айдаушы мен басқа да адам ертеңгі күні бұқамен сайыс өтетін бір елді мекенге қарай қуалап бара жатыр еді, — міне, осы табын Дон Кихот пен Санчоға, Росинант пен сұр жорғаға қарай лап қойып, олардың ойран-ботқасын шығарып кетті. Санчо денесін қатты ауыртып алған, Дон Кихот мәңгіріп қалған, сұр жорға соққы жеп, Росинантқа да сыбаға тиген; әйткенмен, ақыры бәрі бойын тіктеді, ал Дон Кихот болса, бір құлап, бір тұрып табынның соңынан жүгіре жөнелді.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий