Knigionline.co » Казахские книги » Дон Кихот ІІ

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес

Книга «Дон Кихот ІІ» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Мистер Дон Кихот полюбил рыцарские романы и решил стать рыцарем. Он отправляется вместе со своим оружейником Санчо Пэнси в путешествие во имя любви к Дульсинеи Тобосской. Это путешествие и в наши дни пленяет читателя.

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес читать онлайн бесплатно полную версию книги

Дон Кихот герцог пен герцогиняға, сондай-ақ сол жерде тұрған басқаларға сыпайыгершілікпен бас иді, сосын Росинантты бұрып алды да, есегіне салт мінген Санчоны соңынан ертіп, қамал-сарай қақпасынан шығып Сарагосаға қарай бет түзеді.

LYІІІ тарау

Мұнда Дон Кихоттың тыныс алып, тыным табуына мұршасын келтірмеген не қилы шытырман оқиғалар жайында баяндалады.

Альтисидораның арбауынан біржола құтылған Дон Кихоттың жазық далаға шығуы мұң екен, бейне бір өз отауына оралғандай жаны жадырап сала берді, рыцарьлық парызын орындауға құлшындырған рухани күш-қайраттың қайта пайда болғанын сезінді, сөйткен соң Санчоға қарап жүзін бұрып, былай деді:

— Бостандық, Санчо, аспандағы құдіретті күштің адамдарға тарту еткен ең бағалы сыйының бірі; онымен жер қойнында жасырынған, теңіз түбінде тұмшалаулы жатқан қандай қазына да теңдесе алмайды. Ар-намыс секілді, бостандық үшін де қатерге бас тігуге болады және солай ету керек те, ал бұған керісінше, кіріптарлық адам баласына тап келетін тәмам бақытсыздықтың ішіндегі ең шетіні. Мұны саған, Санчо, мынаған байланысты айтып тұрмын: жаңа ғана өзіміз аттанып кеткен қамал-сарайда бізге қандай күтім жасалғанын, бабымызды қалай тапқанын өзің көрдің, алайда онда керемет дәмді тағам мен салқын сусын берілгеніне қарамастан, өз басым ашқұрсақ жүргендей сезімнен арыла алмадым, өйткені оның бәрін өз тамағым секілді алаңсыз, емін-еркін отырып ішпеген едім; шынында да: жақсылық пен мейірім-қайырым жүктейтін міндет адам рухының еркіндігін тежеп тастайтын тұсау іспетті. Жейтін нанын табуға жаратқан жәрдем берген, бұл үшін өзінен басқа ешкімге алғыс айтпайтын адамнан асқан бақытты жан жоқ!

— Солай бола тұрғанымен, — деді Санчо келісіңкіремей, — сіз не десеңіз о деңіз, бірақ маған герцогтың үй басқарушысы берген, екі жүз алтын теңгесі бар шилан үшін ризашылық білдірмеуіміз тасбауырлығымызды көрсетер еді: жанға сая таптыратын пластырь секілді етіп, оны жүрегіме жақын жерде ұстап жүрмін, — әйтпесе не боларын кім біліпті: ас-суын аузымызға тосатын қамал-сарайларға әрдәйім тап бола бермейміз ғой, аузымызды қан жалататын бекеттерге де соғатын кезіміз болады.

Кезбе рыцарь мен кезбе атқосшы осындай және осыған ұқсас әңгімелермен мильден сәл ғана астам жерді артта қалдырған шақта, ойда жоқта, деревня тұрғындарынша киінген он шақты адамның плащтарын жерге төсеп жіберіп, көк шалғында тамақ ішіп отырғанын көріп қалды. Әріректен бір-бірінен оқшаулау орналасқан, көмпиіңкіреп көрінетін заттарды бүркеп қойған ақжаймаға ұқсас әлдене көзге шалынып тұрған. Дон Кихот тамақтанып жатқандардың қасына келіп, олармен сыпайы түрде амандасқан соң кенептің астында не барын сұрады. Оның бұл сауалына шаруалардың бірі мынадай жауап қайтарды:

— Сеньор! Кенептің астында әулиелердің жапсырмалы және қашап жасалған бейнелері жатыр, бұл бейнелермен селолық ғибадатханамызды безендіргіміз келеді. Бүлініп қалмасы үшін бұларды кенеппен бүркеп қойдық, ал сынып қалмасы үшін иығымызға салып көтеріп жүреміз.

— Рақым етіп, қарап шығуға рұқсат етіңізші, — деді Дон Кихот, — осынша сақтықпен алып келе жатқандарыңызға қарағанда, шамасы, бейнелер өте жақсы болса керек.

— Жақсы болмағанда ше! — деп іліп әкетті екінші шаруа. — Бағалары да, әділін айтқанда, онша арзан емес: әрқайсысы бізге елу дукаттан кемге түскен жоқ. Тұра тұрыңыз, мұның ақиқат шындық екеніне қазір өзіңіз де көз жеткізесіз.

Соны айтып, ішіп отырған асын тастай сап орнынан көтерілген ол жақын тұрған мүсінге барып, бүркемесін сыпырды: бұл — Жеңімпаз Георгийдің әдетте бейнеленетіндей кейіпте кескінделген мүсіні болатын, — атқа салт мінген ол аяғының астында ирелеңдеп жатқан айдаһардың аузына найзасын қаһар төге қадап тұр. Көз тартарлық көркем дүние екен. Мүсінді көріп шыққан Дон Кихот былай деді:

— Бұл рыцарь күллі аспан қосынындағы ең таңдаулы кезбе рыцарь болатын. Оны әулие Жеңімпаз Георгий деп атайтын әрі ол бикештердің қамқоры еді. Енді басқа бейнелерге көз салайық.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий