Knigionline.co » Казахские книги » Дон Кихот ІІ

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес

Книга «Дон Кихот ІІ» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Мистер Дон Кихот полюбил рыцарские романы и решил стать рыцарем. Он отправляется вместе со своим оружейником Санчо Пэнси в путешествие во имя любви к Дульсинеи Тобосской. Это путешествие и в наши дни пленяет читателя.

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес читать онлайн бесплатно полную версию книги

— Мәселе мынада, қымбаттым, — деп жауап қатты Дон Кихот, — рыцарьлардың бәрі бірдей сарай адамы бола алмайды, сол сияқты сарай адамының да барлығы бірдей кезбе рыцарь бола алмайды және болуға міндетті де емес: олардың да, бұлардың да өмірде өз орыны бар. Рас, бәріміз де рыцарь атанамыз, алайда арамыздағы айырмашылық жер мен көктей, өйткені сарай адамдары өз мекен-жайынан аттап шықпай-ақ, сарайдан бір адым алысқа ұзамай-ақ картаға қарап отырып күллі әлемді шарлайды және бұл үшін соқыр тиын шығармайды, олар аптаптың да, аяздың да, аштықтың да, аңқа кептірген шөлдің де не екенін білмейді, ал біздер, сөздің толық мағынасындағы кезбе рыцарьлар болсақ, ыстықта да, суықта да, дауылда да, жауында да, күндіз де, түнде де, атқа мініп те, жаяу жүріп те өз аяғымызбен жерді арғы шетінен бергі шетіне дейін шоламыз және дұшпанмен суреті бойынша ғана емес, іс жүзінде де таныспыз, кездесе кеткен сәттерде, ыңғайы келген бойда оларға қолма-қол тап береміз, жекпе-жекте сақталуға тиіс ережелер мен әр түрлі ұсақ-түйек жайларға, мысалға: қарсыластың бірінің найзасы немесе семсері қысқалау емес пе, дұшпанның кеудесіне жасырғаны не — жәдігерлік бұйым ба әлде көз алдау үшін жасалған қулық па, сондай-ақ күннің сәулесін өзара қалай еншілескен жөн деген секілді және басқа да осындай, сенің мүлдем хабарың жоқ, ал өзіме жақсы мәлім рәсімдерге пысқырып та қарамаймыз. Онан соң сен тағы мынаны білгенің абзал: төбесі көк тіреген, тіпті бұлтқа кіріп көрінбей де кететін және әрқайсысының аяғы құдды бір қос алып мұнара тәрізді, қолы дырау кеменің діңгектеріндей, көзі диірменнің тасындай үлкен әрі әйнек балқытатын пештей жайнап тұрған, бір емес, он дәуге кездескеннің өзінде де, ізгі ниетті кезбе рыцарь олардан әсте жүрегі қалтырап тайсақтамайды, — керісінше, буырқанып-бұрсанып, бет қаратпас өжеттікпен қарсы ұмтылып айқаса кетеді, сөйтіп оңтайы табыла қалса, көзді ашып-жұмғанша тықсырып әкетеді де, есінен тандыра соққы береді: тіпті олар әлденендей бір беймәлім балықтың қабыршағына, — бұл қабыршақты алмастан да берік деседі, — оранып алған болса да, ал семсердің орнына Шам құрышынан соғылған өткір қылышпен немесе болаттан жасалған түрпілері бар темір шоқпармен, — ал ондай шоқпарды өз басым талай мәрте көргем, — қаруланған болса да бәрібір. Мұның бәрін саған, құрметті күтушім, ана рыцарьлар мен мына рыцарьлар арасындағы айырмашылықты ұғынсын деп айтып отырмын. Әділдігіне жүгінсек, билеушілер екінші, дәлірек айтқанда, бірінші топты — кезбе рыцарьлар тобын жоғарырақ қоюға тиіс еді, бұлардың арасынан, тарих куәлік ететіндей, қыруар корольдікті жаудан құтқарып қалғандарды да жолықтыра аламыз.

— Аһ, сеньор! — деп саңқ ете қалды сол арада жиені. — Апырай, түсінер кезіңіз болды емес пе осы сіздің, тілеуіңіз болғыр: кезбе рыцарьлар жайында айтылатын әңгіменің бәрі толайым-тұтасымен өтірік, ойдан шығарылған әңгіме ғой, ал олар жайындағы кітаптарды отқа өртеген немесе, тым құрыса, оларға санбенито жаба салған жөн болар еді, сондай-ақ қара ниет бұзақы әрі бүлікші екенін баршаға паш етіп тұруы үшін айрықша белгі соғудың да артығы жоқ.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий