Knigionline.co » Казахские книги » Дон Кихот ІІ

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес

Книга «Дон Кихот ІІ» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Мистер Дон Кихот полюбил рыцарские романы и решил стать рыцарем. Он отправляется вместе со своим оружейником Санчо Пэнси в путешествие во имя любви к Дульсинеи Тобосской. Это путешествие и в наши дни пленяет читателя.

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес читать онлайн бесплатно полную версию книги

— Байқауымша, сеньор, менің кім екенімді білуге келген секілдісіз, жасырып-жабатын дәнеңем жоқ, сондықтан, малайым сауыт-сайманымды шешіп жатқан кезде сізге бәрін бүкпесіз баяндап берейін. Біліп қойғаныңыз артық етпес, сеньор, мен бакалавр Самсон Карраско деген болам, Ламанчалық Дон Кихоттың селоласымын; оның ақылдан жаңылуы мен есі кемдігі барлық таныс-білісінің аяушылығын туғызып жүр, бұған әсіресе қатты алаң білдірушілер арасында мен де бармын. Оның сауығып кетуінің кепілі — жан тыныштығы, туған жерінде, өз шаңырағында мамыражай тұрмыс кешу деген тұжырымға келгендіктен, елге қайтуға оны қалай мәжбүр етудің амалын ойлап тапқам; сөйтіп, бұдан үш ай бұрын кезбе рыцарьдың киімін киіп және Айна Рыцары деген лақап атты жамылып, оны жолда кетіп бара жатқан жерінен жолықтырғам; онымен айқасқа түсуге және зәредей зиян келтірмей жеңуге ниеттенгем, сонымен бірге, жеңілген адам жеңгеннің ықтиярына бағынады деген шартпен айқаспақшы болғам, сөйтіп одан туған селосына қайтып оралуын және бір жыл бойы ешқайда аттап шықпауын талап етпекші ем (себебі, оны әу бастан-ақ жеңілген адамға санағам), осы уақыттың ішінде ол сауығып кетер деп ойлағам; алайда тағдыр басқаша ұйғарды, яғни мен жеңген жоқпын, ол жеңді — мені ерден аунатып тастады, соның салдарынан ойлаған ісім орындалмай қалды; ол әрмен қарай асты, ал мен, жеңіліс тапқан, масқара болған, аттан құлаудың салдарынан мәңгіріп қалған бейбақ, — айта кетерлігі, мұның нәтижесінде мерт болуым да мүмкін еді, — үйіме қайттым, әйтсе де оны қайтадан тауып алуға және жеңуге деген құштарлығым суыған жоқ, ақыры соны бүгін көз алдыңызда орындап та шықтым. Ол кезбе рыцарьлық қағидаларын қатаң сақтайтындықтан, берген сертінен айнымауды көздеп, талабымды бұлжытпай орындары анық. Міне, сеньор, бары осы ғана, бұған қосар басқа ештеңем жоқ; сізден өтінерім: мені ұстап бермеңіз, Дон Кихотқа кім екенімді айтып қойып жүрмеңіз, өйтсеңіз рыцарьлық қисынсыз сандыраққа қатысы жоқ нәрселер жайына келгенде кемел пікір айта алатын адамның ақыл-есін қайтару жөніндегі ізгі ниетім іске аспай қалады.

— Аһ, сеньор! — деп дауыстап жіберді дон Антоньо. — Дүниедегі ең күлкілі есалаңды ақылға келтірмек әрекетіңізбен күллі әлемге осынша зор қиянат жасағалы тұрғаныңызды бір құдайдың өзі кешірсін! Апырай, сеньор, Дон-Кихоттық есі бүтіндіктен келетін пайда оның есалаңдығы әкелетін рақат-қызықпен әсте шендесе алмайтынын түсінбейтін болғаныңыз ба? Дей тұрғанмен, сеньор бакалавр, мынадай ауыр сырқатқа шалдыққан адамның ақыл-есін қайта оралтуға, меніңше, қандай амал-айлаңыз да көмектесе алмайды. Әрине, бұлай деу жарамсыз-ақ нәрсе, бірақ өз басым Дон Кихоттың сол баяғы кеңкелес күйінде қала бергенін қалар едім, себебі ол сауығып кетсе, біз тек оның ғана емес, сонымен бірге атқосшысы Санчо Пансаның да күлкілі іс-әрекетінен мәңгілік көз жазамыз, ал, шынын айтқанда, бұл екеуінің қай-қайсысы болсын қандай қапалы жанды да көңілдендіре алады. Әйтсе де, бәрі ішімде қалады, Дон Кихотқа да ештеңе айтпаймын, — осынау күллі әурешілігіңізден, сеньор Карраско, ештеңе өнбейтіні жайындағы долбарым дұрыс боп шығар ма екен, соған көз жеткізу үшін ақырын күтем.

Карраско бұған жауап ретінде, ісінің оңғарылып келе жатқанына күмәні жоқтығын және ойдағыдай аяқталарына сенімді екенін айтты. Дон Антоньо қызмет көрсетуге қашан да әзір екенін мәлім етті, бұдан соң олар қош айтысты да, малайына сауыт-сайманын қашырға артуға әмір еткен Самсон Карраско одан әрі бір минуттей де кідірмей, Дон Кихотпен айқасқа мінген атына отырып, қаладан шығып кетті; сөйтіп, ол еліне келіп жетті, айта кетерлігі, жолда оған осынау мейлінше шыншыл хикая беттерінде атап өтуге тұрарлық ешқандай көлденең оқиға кезіккен жоқ. Каррасконың айтқандарын дон Антоньо вице-корольге түгін қалдырмай баяндап берді, вице-король бұл әңгімеге онша қуана қоймады, өйткені Дон Кихоттың әрекеттен тыйылуы есалаңдығы жайынан мәлімет алуға мүмкіндігі бар жандарды көп қызықтан құр қалдырады деп шамалайтын.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий