Knigionline.co » Казахские книги » Дон Кихот ІІ

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес

Книга «Дон Кихот ІІ» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Мистер Дон Кихот полюбил рыцарские романы и решил стать рыцарем. Он отправляется вместе со своим оружейником Санчо Пэнси в путешествие во имя любви к Дульсинеи Тобосской. Это путешествие и в наши дни пленяет читателя.

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес читать онлайн бесплатно полную версию книги

— Сен өзің әжептәуір философсың, — деді Дон Кихот, — ой-пікірлерің өте орынды, кімнен үйреніп алғаныңды қайдам. Дегенмен, айтып қойғаным артық болмас деп ойлаймын, дүниеде Фортуна дейтін атымен жоқ, ал өмірде өзіміз куә боп жүрген оң немесе теріс істерді алсақ, бұлар кездейсоқ түрде емес, аспанның айрықша пәрмені бойынша туындап жатады: “Әркім өз бақытының ұстасы” деген баршаға мәлім нақыл осыдан шыққан. Мен де өз бақытымның ұстасы болғам, бірақ тиісті дәрежеде парасаттылық көрсете алмадым, мені өпіремдік құртты: өйткені, көтерем Росинантым Аппақ Ай Рыцарының әйдік те әлеуетті атына шыдас бере алмайтынын түсінуге тиіс едім ғой. Бір сөзбен айтқанда, мен тәуекел еттім, жүрексініп, жалтақтамадым, әйтсе де мені аттан түсіріп кетті, алайда ар-намыстан айрылғаныммен, есесіне, сертіме адалдығымнан көрініс беретін ізгі қасиетімнен айрылғам жоқ және айрылуға тиіс те емес едім. Батыл да өжет, жаужүрек кезбе рыцарь шағымда шын мәнінде кім екенімді қайрат-күшіммен, ерліктеріммен дәлелдеп бергем, енді міне, қарапайым идальгоға айналған шағымда, мен уәдемді орындап шығам және сол арқылы айтқан сөзде тұра білетін адам екенімді дәлелдеп берем. Сонымен, енді тарт алға, достым Санчо: бұл сынақ жылын біз үйде өткіземіз, қамақта жатып күш жинаймыз, сосын өмірбақи ұмытылмас, ешқашан естен кетпес әскери қарекетімізді қайтадан қолға аламыз.

— Сеньор! — деді Санчо. — Жаяу салпақтаған онша жағымды нәрсе емес және алысқа жаяу сапар шегуге де онша ынталы боп келе жатқам жоқ. Қанеки, сауыт-саймандарды қарақшы орнына ағашқа асып қояйық, сұр жорғамның үстіне жайғассам, аяғым жерге тимейтін болса, өзіңіз, тақсыр, талап еткен және белгілеп берген қандай жырақ сапарға да тарта беруімізге болады, ал, бірақ, алыс қиырларға жаяу-жалпылап жол шегу мен үшін мүлдем мүмкін емес нәрсе.

— Мынауың өте орынды әңгіме екен, — деді Дон Кихот, — сауыт-сайманымды әскери олжа ретінде іліп қояйық, ал астына немесе жанына бір жерге ағаштың қабығына Роландтың сауыт-сайманнан тұратын олжасына арналған сөзді жазып қояйық:

Роландты айқаста жеңе алғандар

Олжаға мынау кенелуге қақы бар.

— Қандай ғажап, — деді Санчо, — егер Росинанттың жолда қажеті болмаса, оны да іліп қойған жөн болар еді.

— Жоқ, — деді Дон Кихот, — Росинантты да, сауыт-сайманымды да ілудің қажеті жоқ, әйтпесе мен жайында жұрт: “Адал қызметіне айтқан алғысы осы ма?” дейтін болады.

— Мұныңыз көңілге қонады, тақсыр, — деп қоштай кетті оны Санчо. — Есектің кінәсін ерден көруге болмайды, деседі ақылды адамдар, болған іске кінәлі өзіңіз ғана, сондықтан жазаласаңыз өзіңізді жазалаңыз, өшіңізді қираған әрі қан жапқан сауыт-сайманнан да, қойдан жуас Росинанттан да алмаңыз, менің нәуетек аяғымды да аяңыз, шамасы жететін жерден арыға сүйретілуді одан талап етпеңіз.

Олардың бұл күні, сол сияқты одан кейінгі төрт күні де, осындай әңгіме-сұқбатпен өтті, бұл уақыт ішінде оларды жолда ештеңе кідірткен жоқ, ал бесінші күні бір елді мекеннің шетіне іліккен олар бекеттің жанында көп адамның топырласып тұрғанын көрді: бұлар мерекеге байланысты көңіл көтеріп жүрген әлеумет еді. Дон Кихот тобырға таянғанда шаруалардың бірі дауысын көтеріп былай деді:

— Мына екі сеньор осы қазір ғана келді, мұндағы ешкімді танымайды, дауымызды осы екеуінің біреуі шешіп берсін де.

— Мен дайынмын, — деді Дон Кихот, — қолымнан келгенше әділ төрелік жасайын, тек әуелі дау-шардың мән-жайына қанығайын.

— Әңгіменің мәнісі мынадай, жолаушы мырза, — деді шаруа, — біздің бір селоласымыз, — ол өзі өте семіз, салмағы он бір арроба тартады, — көршісін жаяу жарысқа шақырды, ал оның салмағы бар-жоғы бес-ақ арроба. Шарты бойынша, екеуі біп-бірдей жүкпен жүз қадам қашықтыққа жүгіруге тиіс. Жарысқа шақырушыдан жүкті қалай теңестіруге болады деп сұрағанда, анау: бес арроба тартатын жарыскер алты арроба темір арқалап алсын, дейтін көрінеді. Сонда семіз бен арықтың салмағы теңеседі: ол да, бұл да он бір арроба тартатын болады, депті.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий