Knigionline.co » Казахские книги » Дон Кихот ІІ

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес

Книга «Дон Кихот ІІ» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Мистер Дон Кихот полюбил рыцарские романы и решил стать рыцарем. Он отправляется вместе со своим оружейником Санчо Пэнси в путешествие во имя любви к Дульсинеи Тобосской. Это путешествие и в наши дни пленяет читателя.

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес читать онлайн бесплатно полную версию книги

— Құдай шебер-ай, не деуге болар! — деп дауыстап жіберді Дон Кихот. — Апырай, сіз сиқыршылар, арам ниет жауларым, мені жеңімпаз атағынан айыру үшін, өзіңіз айтқандай, малайға айналдырып жіберген тап сол адамбысыз?

— Жә, неғыласыз ондай әңгімені, қадірменді сеньор, — деді шабарман. — Ол жерде ешқандай сиқыршылық жасалған емес, менің бетімде де ешқандай өзгеріс болған жоқ: аренаға малай Тосилос күйімде шыққам, айна-қатесіз малай Тосилос қалпымда одан жөнімді таптым. Айқасқа түспей-ақ үйлене салғым келген себебі қыз маған ұнап қалған, алайда бұл ойым орындалмады: өзіңіз қақпадан шығып үлгермей жатып қожайыным, герцог, айқас алдында өзіме арнайы берілген нұсқауды орындамағаным үшін маған жүз шыбық дүре салуға әмір етті; сөйтіп, бұл әңгіме былай аяқталды: қыз монахиня боп кетті, донья Родригес Кастильяға қоныс аударды, ал мені қожайыным Барселонадағы вице-корольге хат апаруға аттандырып жіберді. Ал енді шамалы жылылау болса да тәуір шараппен тамақ жібіткіңіз келсе, менде бір қауақ күшті шарап және қолма-қол шөл шақырып, шөліркете қоятын трончондық сүтсірненің бірнеше тілімі бар.

— Ұсыныс қабыл алынды, — деп мәлім етті Санчо. — Ырғалып-жырғалудың қажеті жоқ. Анау әлгі жат жерлік сиқыршыларға қасақана түрде қане, тартып жіберелік, мейірбан Тосилос!

— Олай болса, Санчо, — деді Дон Кихот, — дүниедегі ең араны ашылған ашқарақ және жер бетіндегі ең дауасыз делқұлы тап мына сен боласың да шығасың, өйткені мына шабарманның жадыланған жан екенін, оның жалған Тосилос екенін түсінуге шамаң жетпей тұр. Ендеше, қала бер сонымен, мелдектет қарныңды, ал мен аяңмен алға тарта берем, кейін қуып жетерсің.

Тосилос күліп жіберді де, қауағын, сүтсірнесін, домалақ етіп пісірген нанын алып шықты, сосын Санчо екеуі мәз-шат көңілде көк шөпке отыра кетіп, дорбадағының бәрін жылан жалағандай етті, сүтсірненің иісі бұрқырап тұрғандықтан тіпті хат салынған пакетті де жалап алысты. Тамақтанған соң Тосилос Санчоға:

— Достым Санчо, қожайының сау адамға ұқсамайды, ол жынды болуға тиіс, — деді.

— Ау, тиісің не? — деп айқайлап жіберді Санчо. — Ол ешкімге ештеңе тиіс емес, жұрттың бәрімен қолма-қол есеп айырысады, ал төлейтін тиын-тебені — таза есуастық. Мен мұны жақсы білем, өзіне әлденеше рет айттым да, бірақ одан не пайда? Ал енді қазір екібастан: өйткені, Аппақ Ай Рыцарынан жеңіліс тапқаннан кейін нағыз нәгүманға айналды ғой.

Тосилос мұның қалай болғанын сұрады, бірақ Санчо қожайынды күттіріп қоюдың ыңғайсыз екенін ескертіп, мұны тағы бір жолы, өздері әйтеуір бір кездескенде айтып бермек болды. Одан соң киімі мен сақалына жабысқан қиқымдарды қағып-қағып жіберіп орнынан көтерілді; Тосилоспен қоштасып, сұр жорғасын тепеңдетіп тартып кеткен ол ұзамай-ақ ағаш көлеңкесінде тосып тұрған қожайынын көрді.

LXҮІІ тарау

Дон Кихоттың бақташы болуға, сөйтіп жылдық мерзім өткенше маң далада тіршілік етуге қатысты ұйғарымы жайында, сол сияқты шын мәнінде жанға жағымды да ұнамды нәрселер жөнінде.

Жеңіліс тапқанға дейін Дон Кихотты алуан ой мазалайтын болса, күйрей жеңілгеннен кейін ондай ойдың қарамы тіптен молайып кетті. Бұрын айтылып өткендей, ол Санчоны ағаштың түбінде тосып тұрған, ал ойлары болса балға үймелеген арадай қаптап, оңдырмай шағып жатқан: бұлардың кейбірі Дульсинеяның жадысын қайтару жайын айналшықтаса, екіншілері амалсыз оқшаулануға тура келген кездегі тіршілігі жайын төңіректеп жүрген. Ақыры Санчо да келіп, Тосилос малайдың мырзалығын мақтай бастады.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий