Knigionline.co » Казахские книги » Дон Кихот ІІ

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес

Книга «Дон Кихот ІІ» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Мистер Дон Кихот полюбил рыцарские романы и решил стать рыцарем. Он отправляется вместе со своим оружейником Санчо Пэнси в путешествие во имя любви к Дульсинеи Тобосской. Это путешествие и в наши дни пленяет читателя.

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес читать онлайн бесплатно полную версию книги

— Менің мегзеп отырғаным, тақсыр, — деп жауап қатты Санчо, — өзіңізде қызметте болған кезімде маған жалақыға айына қанша төлей алатыныңызды білгім келеді және тиісті жалақымды қолда бар ақшамен төлеуге мүмкіндігіңіз бар ма — соны ашып айтқаңызды қалаймын, әйтпесе әлденендей бір марапат үшін қызмет етуге келіспеймін, өйткені ол не тым кеш тиеді, не уақытында тимейді, не тіптен тимей қояды, ал еңбекпен тапқан ақшам қалтамда жатса, корольге де сәлем бермеуіме болады. Қысқасы, аз ба, көп пе, әйтеуір қанша ақша табатынымды білсем деймін: көптен дәметкен аздан құр қалады деген бар ғой, одан соң: тамшыдан тама-тама дария болатыны мәлім және мұның бәрі үйден кетпейді, үйге келеді емес пе. Әрине, мейірімді мырзам, егер орайы келіп (рас, қазір бұған сенімім де, үмітім де жоқ) уағдалы аралыңызды тарту етіп жатсаңыз, онда бұл аралдан түсетін кірістің көлемі дәлме-дәл есептеп шығарылғаннан кейін тиісті үлесімді ұстап қалуға келіспейтіндей мен бір соншалықты жақсылықты білмейтін адам емеспін ғой, қолым да соншалықты сұғанақ емес.

— Әлбетте, достым Санчо, біреудің пайдасы үшін сақтап қалудан гөрі, өз пайдаң үшін ұстап қалу әлдеқайда тиімді екенінде дау барма, — деп құлаққағыс етті Дон Кихот.

— Иә, иә, — деді Санчо, — әрине, дұрысы ұстап қалу емес, сақтап қалу ғой, солай деуім керек еді, жарайды ештеңе етпес, өйткені, сіз, тақсыр, мені онсыз да тәп-тәуір түсіндіңіз ғой.

— Түсіндім, түсіндім, — деді Дон Кихот, — күллі арам ойыңның бәрін алақандағыдай анық көріп отырмын және қисапсыз көп мақалыңның жебесі кімді нысанаға алып жатқанын да жақсы білем. Бері қара, Санчо, егер кезбе рыцарьлар жөніндегі қандай да бір романнан үлгі тұтуға лайық дерек тапсам, құдды бір саңылаудан сығалап қарап алғандай, атқосшылардың айына немесе тіпті жылына әдетте қанша алатынын анық білген болар ем, сөйтіп мен де саған жалақыны қуана-қуана төлер ем. Мен романдарды түгелдей немесе түгелге жуық оқып шықтым, бірақ қандай да болсын кезбе рыцарьдың өз атқосшысына белгілі бір мөлшерде жалақы тағайындағанын кезіктіре алмадым, анық білетін нәрсем — атқосшы атаулының марапат үшін ғана қызмет істейтіні, сөйтіп күндердің бір күнінде, жолы болған жағдайда қожайындарының оларға аралды жә болмаса соған тепе-тең басқа бірдеңені, немесе, құрығанда, ақсүйектік атақ пен лауазымды тарту ететіні ғана. Егер сіз, Санчо, осы үміт пен осы дәмені қанағат тұтсаңыз және өзіме қызметке қайта оралуға тілек білдірсеңіз, онда — бәрекелді, бірақ мені кезбе рыцарьлықтың ежелгі дәстүрін бұзады-ау не өзгертеді-ау дегенге иегіңіз қышымай-ақ қойсын. Сондықтан, қадірменді Санчо, үйіңізге барыңыз да, Тересаңызға осы ұйғарымым жайлы айтып беріңіз, егер ол да, сіз де маған марапат үшін қызмет етуге келіссеңіздер, онда bene quіdem12, ал егер бұған ырза болмасаңыздар, онда қош айтысқанымызбен дос-жар адам боп қала берейік: кептерханада жем болса, кептер табылады. Бұған қоса, балам: жақсылық жүрген жерде тапшылық болмайды және жақсылық етсең жарты етпе, дегенді де ұмытпаңыз. Бұлайша сөз саптап тұрған себебім, Санчо, мақалдап сөйлеуде өзіңізден кем түспейтінімді көрсету ғана. Сөзімнің соңында сізге айтайын дегенім де және айтарым да мынау: егер маған марапат үшін қызмет етуге және басыма түскен ауыртпалықты бөлісуге бейіл болмасаңыз, онда ерік өзіңізде, бірақ кейін өкініп жүрмеңіз, ал мен өзіме сізден гөрі тіл алғыш, сізден гөрі елгезек және сізден әлдеқайда ептейлі әрі мылжыңға да әуестігі аз бір атқосшы тауып алам.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий