Knigionline.co » Казахские книги » Дон Кихот ІІ

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес

Книга «Дон Кихот ІІ» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Мистер Дон Кихот полюбил рыцарские романы и решил стать рыцарем. Он отправляется вместе со своим оружейником Санчо Пэнси в путешествие во имя любви к Дульсинеи Тобосской. Это путешествие и в наши дни пленяет читателя.

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес читать онлайн бесплатно полную версию книги

— Бұл айтқандарың осы күнгі бір атақты ақынның басында болған жайды ойыма оралтты, Санчо, — деді Дон Кихот. — Ол куртизанкалар14 жайында әзіл-шыны аралас сықақ жазады, бірақ біреуін ұмыт қалдырып, атын атамай кетеді, осы себепті көпшіліктің көңілінде бұл куртизанка ма әлде емес пе деген күмән туады; әлгі әйел болса, өзінің тізімге ілінбей қалғанын көріп, ақынды жерден алып, жерге салып, қандай жазығы барын, есімі неліктен тізбеге кірмегенін сұрайды, сосын сықақ өлеңін толықтыруды, өзі жайында бірдеңе қосуды талап етіп, олай етпеген жағдайда көрер күні бір уыс болатынын мәлім етеді. Ақын оның тілегін орындап, келістіре суреттеп береді, әйел оған ырзашылық білдіреді: жаман да болса әйтеуір абырой екенін айтады. Сондай-ақ, есімі ұрпақтан ұрпаққа жетуін көздеп, әлемнің жеті кереметінің бірі ретінде құрметтелетін Диана ғибадатханасына от қойып, түгін қалдырмай өртеп жіберген бақташы жайындағы әңгімені де осы арада еске сала кеткеннің артығы жоқ: көздеген мақсаты іске аспауы үшін әлгінің атын ауызша түрде де, жазбаша түрде де еске алмауға және атамауға әмір етілгеніне қарамастан, оның есімі Герострат екені ақыры мәлім болмай қалмады. Онан соң ұлы император Бесінші Карл мен әлде бір римдік дворянның арасында болған жағдаятты да айта кеткен орынды. Император атақты Ротонда ғибадатханасын көрмек болады, бағзы замандарда бұл дүйім құдай ғибадатханасы деп аталған еді, ал қазір әбден лайықты түрде дүйім әулие ғибадатханасы аталады және римдік мәжусилер тұрғызған ғимараттар арасындағы ең жақсы сақталғаны да осы, сондай-ақ оны көтерген құрылысшылардың сән-салтанаты мол әрі заңғар ғимарат салудағы аса талғампаздығын да көрнекі түрде куәландырып тұр: пошымы апельсиннің жарты бөлігін еске салады, аса аумақты, күн сәулесі жалғыз ғана терезеден, анығырақ айтқанда, жоғары жақтағы дөңгелек ойықтан ғана түсіп тұрғанымен, іші де керемет жарық; міне, император да ғимаратты тап осы жерден тамашалаған еді, ал жанындағы римдік әлдебір ақсүйек зәулім құрылыстың әдемілігі мен сән-салтанатын, архитектурасының көз тартар ерекшеліктерін түсіндіріп тұрған. Олар аталмыш ойықтан былай шыққан соң әлгі дворян императорға: “Ұлы мәртебелі император ағзам! Бұл дүниеде есімімді мәңгілікке қалдыру үшін, ұлы мәртебелім, сізді құшақтай алып өзіңізбен бірге төмен қарай құлауға деген құштарлық мың мәрте бойымды құрсағанын айтқым келеді”, депті. “Бұл өрескел ойыңызды орындамағаныңыз үшін сізге көптен-көп рақмет, алайда ендігі жерде адалдығыңызды сынақтан өткізетін мұндай мүмкіндік туа қоймас, өйткені сізге өзіммен енді ешнәрсе жайында сөйлеспеуге және өзім баратын жерлерге аттап баспауға әмір етем”, деп жауап қатыпты император. Бұдан соң әлгі ақсүйекке мол сыйлық беріпті. Мұның бәрін, Санчо, даңқымызды жаюға деген құштарлықтың тіптен ақылға сыйымсыз нәрсе екенін көрсету үшін айтып отырмын. Сен қалай ойлайсың, Горацийді қару-жарағын түгел асынған күйі көпірден Тибрдің тұңғиығына секіруге итермелеген не? Муцийді қолын отқа жағып жіберуге мәжбүр еткен не? Курцийді Римнің қақ ортасында пайда болған от шашқан түпсіз шыңырауға құлауға түрткі болған не? Юлий Цезарьдің не қилы жаман ырымдарға қасақана Рубиконның арғы бетіне өтуіне не себеп болды? Ал егер одан гөрі бертініректегі мысалдарға келетін болсақ, аса бір сыпайы адам саналатын Кортес басқарған ержүрек испандарды Жаңа Дүниеде кемелерін суға батырып, қу медиен жағалауда қалуға күштеген не? Осы іспетті басқа да үлкенді-кішілі ерліктің бәрі де атақ-даңқ үшін жасалған қарекет болды, болып та отыр және бола да бермек; ал даңққа келсек, ол ажалды адамдарға ажалсыздықтың өзіндік бір түрі іспетті көрінеді, сол себепті де олар мұны өздерінің айтулы ерлігіне лайық марапат деп біледі, ал шындығында, бізге, христиан-католиктер мен кезбе рыцарьларға, жер бетінде әрі өткінші ғұмырда қол жеткізуге болатын және қанша ұзаққа созылғанымен, ақырғы шегі алдын-ала белгіленіп қойылған деректі дүниемен бірге қалайда аяқталып тынатын өнімсіз даңқтан гөрі ана жақтағы, ғарыш әуе кеңістіктеріндегі, алдағы ғұмырда иеленетін даңқ жайында көбірек қам жасаған жөн болар еді, өйткені бұл — мәңгілік даңқ, — міне, Санчо, іс-әрекетіміз өзіміз тұтынатын христиан діні белгілеп берген шектен неліктен шықпауға тиіс екендігінің себебі осындай. Біздің парыз: дәулер кейпіндегі тәкаппарлықты күйрету, қызғанышты — кең пейілділік пен ақ жүректілік, ашу-ызаны — салқынқандылық пен сабырлылық, мешкейлік пен ұйқышылдықты — тамақты аз ішіп, көбірек сергек болу, ләззатқұмарлық пен нәпсіқұмарлықты — ой-ниетіміздің әміршісі етіп таңдаған жандарымызға деген адалдық, ал жалқаулықты — тек христиан ғана емес, сонымен бірге айбынды рыцарь атануымызға да болатын және шын мәнінде-ақ солай атануымызға септігі тиетін оқиғаларды іздеп, жер-жаһанды шарлап ел кезу арқылы жеңу боп табылады. Міне, Санчо, жақсы лепес жеткізетін ең жоғары мадаққа ие болудың жолдары осындай.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий