Knigionline.co » Казахские книги » Дон Кихот ІІ

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес

Книга «Дон Кихот ІІ» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Мистер Дон Кихот полюбил рыцарские романы и решил стать рыцарем. Он отправляется вместе со своим оружейником Санчо Пэнси в путешествие во имя любви к Дульсинеи Тобосской. Это путешествие и в наши дни пленяет читателя.

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес читать онлайн бесплатно полную версию книги

Өзі Сьерра Моренаға жеткіздім деп жүрген Дульсинеяның жалған жауабына қатысты өтірігі шығып қалмасы үшін Санчо қожайынын Тобосодан алып кетуге асығып тұр еді, сондықтан қаланы тезірек тастап шығуға барын салған және бұл ойы шынымен-ақ жедел іске асты; сөйтіп, олар қаладан екі мильдей жерде орналасқан бір орманды, дәлірек айтқанда, тоғайды тауып алды. Дульсинеямен сөйлесу үшін Санчо қалаға барып қайтқанға дейін Дон Кихот сонда отыра тұруды ұйғарды, — ал біздің елшіміз жолшыбай айрықша көңіл аударуға және ерекше сенім білдіруге лайық оқиғаларға кез болды.

Х тарау

Мұнда Санчоның Дульсинеяны қалайша оп-оңай жадылап қойғаны жөнінде, сондай-ақ қаншалықты күлкілі болғанымен, соншалықты шыншыл басқа да оқиғалар жайында әңгімеленеді.

Осы тарауда әңгіме болатын жайларға жеткен осынау айтулы туындының авторы оқырман сенімінен айрылып қалмау үшін бұл турасында жұмған аузымды ашпағаным жөн болар-ақ еді дегенді айтады, өйткені Дон Кихоттың есалаңдығы мұнда адам айтқысыз дәрежеге жетеді, тіпті әлемдегі ең ерен, ең ересен есалаңдықтарды да жолда қалдырып, арбалеттен екі рет атқандағыдай қашықтыққа алға шығып кетеді. Әйтсе де, аса қатты абыржып, әбігерге түскенімен, ақыр аяғында бұл жайды ол өз жанынан ештеңе қоспай және шындықты бір шөкім де шегермей, соның өзінде де суайт деген айып арқалап шығатынына көңіл аудармай, өмірде қалай орын алса сол қалпында суреттеп шықты; бұл ретте ол дұрыс қадам жасаған, себебі ақиқат кей жағдайда жұқарып-жұқаланғанымен ешқашан жыртылмайды, майдың су бетіне қалқып шығатыны секілді қашан да жалғандықтан жоғары тұрады. Сөйтіп, әңгімесін әрмен жалғаған ол, атақты Тобосоның іргесіндегі шоқ талға ма, тоғайға ма, орманға ма бой тасалаған Дон Кихоттың Санчоға қалаға қайтып баруға, аяулы ханымымен өз атынан әңгімелеспейінше және шын берілген рыцарымен жүздесуге, болашақта күллі қанды шайқастары мен қиын бастамаларының барынша сәтті аяқталарына деген үміттен қол үзбеуі үшін өзіне оң сапар тілеуге ризашылығын алмайынша көзіне көрінбеуге әмір еткенін айтады. Санчо өзіне берілген бұйрықты бұлжытпай орындауға және ана жолғыдан аумаған ұнамды жауап әкелуге уәде етті.

— Бара ғой, балам, — деді Дон Кихот, — бірақ өзің жолыққалы тұрған нұр шашқан сұлулықпен жүздескен сәтіңде асып-сасып абыржушы болма. Беу, күллі әлемдегі атқосшылардың ең бақыттысы! Қаперіңнің берік болуына қам жаса, аяулы ханымым өзіңді қалай қабылдағанын қапысыз есіңде сақта: өтінішімді өзіне баян етіп тұрған шағыңда өңі алабұртып кетті ме; есімімді естіген сәтте біртүрлі үргелектеніп, ұялшақтап қалды ма; егер жоғары ақсүйектік дәрежесіне сай әсем безендірілген орынтақта отырса, көпшіктеріне қарай шалқалай кетті ме; егер сені түрегеп тұрған қалпында қабылдағандай болса, аяғына түсер салмағын алма-кезек ауыстырып, тыпыршып тұрды ма, соны байқа; жауабын екі немесе үш мәрте қайталаған жоқ па; қайырымдылық танытып тұрып қаталдық білдірді ме немесе, оған керісінше, жабырқаңқы түрін өзгертіп жайнаңдап шыға келді ме; жиған шашында шашау жоқ болса да, жөндеп қоймаққа қолын көтерді ме; қысқасы, балам, барлық қимыл-қозғалысын қалт жібермей қадағала, өйткені осының бәрін бұлжытпай жеткізсең, онда оның көңіл түкпірінде өзіме деген қандай сезім бұғып жатқанын айқын аңғарар едім; егер әлі күнге шейін білмесең, біліп қойғаның абзал, Санчо: сүйіспеншілік сезімі баураған ғашықтардың іс-әрекеті мен сырт көзге шалынар қылығы жан-дүниесінде не болып, не қойып жатқандығынан хабар жеткізетін ең сенімді шабарман боп табылады. Сонымен, жолың менің жолымнан жеңілдеу болғай, достым, бара ғой енді және жападан-жалғыз уайымға батып, абыржып азап шегіп отыратын мен бейбақ күтерден де гөрі молырақ табысқа қол жеткізіп қайт.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий