Knigionline.co » Казахские книги » Дон Кихот ІІ

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес

Книга «Дон Кихот ІІ» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Мистер Дон Кихот полюбил рыцарские романы и решил стать рыцарем. Он отправляется вместе со своим оружейником Санчо Пэнси в путешествие во имя любви к Дульсинеи Тобосской. Это путешествие и в наши дни пленяет читателя.

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес читать онлайн бесплатно полную версию книги

— Жоқ, князьдің тойы емес, — деп жауап қатты студент, — шаруа жігіт пен шаруа бойжеткеннің, төңірегіміздегі ең бай адам мен күні бүгінге дейін еш жерден кезікпеген көрерге көз керек сұлудың тойы. Тойға бұрын болып көрмеген ерекше дайындық жасалып жатыр; ерекшелігі сол, той қалыңдықтың селосы жанындағы көк шалғында өткізілмекші, — айтпақшы, қалыңдықтың есімі — Китерия Сұлу, ал күйеу жігіттің есімі — Камачо Бай. Қыз он сегіз жаста, жігіт жиырма екіде. Екеуі бір-біріне әбден лайық жұп, дей тұрғанмен, жұрттың ата тегін жатқа білетін сумақайлар Китерия сұлу Камачодан гөрі тәуірлеу әулеттен шыққан деседі, бірақ онда тұрған дәнеңе жоқ: байлық қандай ақауды да байқатпай жібереді емес пе. Камачо шынымен-ақ епсекті екен: бұтақтардан шалғынға күн сәулесін түсірмейтін, үстін түгел жауып тұратын шатыр жасауға ойы кетті. Оған қоса ол семсермен және сылдырмақтармен биленетін би әзірлеп жатыр; оның селоластары арасында бұларды қатырып шылдырлата білетін және сілкілей алатын бәлекет бишілер бар, ал анау ұлтанын алақанымен қаққыштап жүріп билейтіндер жайында сөз етудің де керегі жоқ, — ондайларды, естуімізше, ол қисапсыз көп жинапты. Алайда бұл той жұрттың қаперінде өзіңізге айтып берген осындай ерекшеліктерімен де, сол сияқты өзіңізге айтыла қоймаған басқа жайларымен де қалмақ емес, бәрі де, өз ойымша, қайғыдан қан жұтқан Басильоның не істейтініне байланысты болмақ. Басильо деп тұрғаным — сол Китерия туып-өскен селодағы бақташы, оның үйі мен Китерия ата-анасының үйі жапсарлас орналасқан: Пирам мен Тисбаның арасындағы әлдеқашан ұмытылған ынтызарлықты қайта тірілту үшін махаббат осы жайды оңтайлы пайдалана қойыпты. Айта кеткен артық етпес, Басильо ерте жастан, сонау балалық балғын шақтан Китерияға ынтық бопты, қыз да ырқынан біржола айрылып қала қоймайтын дәрежеде ықылас білдіріпті, сондықтан Басильо мен Китерия арасындағы балалық сүйіспеншілік жайынан селодағылардың бәрі түгел хабардар болыпты. Сөйтіп, екеуі балиғатқа жеткенде Китерияның әкесі Басильоны есігінен қаратпауға бекінеді, сосын күдік пен қауіп атаулыдан басын біржола арашалап алу үшін қызын Камачо байға беруді ұйғарады, ал Басильоға ұзату жайына бас қатырып жатпайды, өйткені бұл Фортуна берген қабілеттен гөрі табиғат берген қабілетті көбірек иеленген жігіт болатын. Алайда, ешқандай қызғаныш қоспай ақ-адал шынымды айтсам, өзім білетін жігіттердің ішіндегі ең әбжілі — осы Басильо: барраны ең алысқа лақтырады, мықты палуан, допты керемет ойнайды, жүгірсе бұғыдан қалмайды, секірсе тауешкіден кем түспейді, кегльдерді сиқыршыдай жайратады, ән салса бозторғайдан аумайды, гитарасы адам сияқты сөйлейді, ал ең бастысы — семсерлесуде оған тең келетін ешкім жоқ.

— Тек осының өзіне қарап-ақ, — деді Дон Кихот, — бұл жас жігітті Китерия сұлуға ғана емес, сонымен бірге Ланцелотқа және кедергі келтірмек болғандардың бәріне қасақана, королева Джиневраның өзіне де үйленуге лайық деп білем.

— Мұны менің қатыныма барып айтыңызшы! — деп осы кезге шейін үнсіз келе жатқан Санчо Панса сөзге килікті. — Оның ойынша, “екі жарты — бір бүтін” деген мақалға сәйкес, әркім өз теңіне үйлену керек. Маған салса, өзіме кәдімгідей ұнап қалған анау салқам Басильоның Китерияға үйленгені жөн болар еді, ал ғашық жандардың бір-біріне қосылуына бөгет жасайтындарға, олар өлгенде жаратқан иеміз аспандағы мекеннен жайлы орын бергей (Санчо бұған мүлдем қарама-қарсы бірдеңе айтқысы келген).

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий