Knigionline.co » Казахские книги » Сборник стихов Мукагали Макатаева / Мұқағали Мақатаев өлеңдер жинағы

Сборник стихов Мукагали Макатаева / Мұқағали Мақатаев өлеңдер жинағы - Мукагали Макатаев / Мұқағали Мақатаев

Книга «Сборник стихов Мукагали Макатаева / Мұқағали Мақатаев өлеңдер жинағы» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Мукагали – один из немногих поэтов ХХ века, соединивший национальные школы, традиции поэзии и песенного творчества. Он развил и углубил это направление, поднял на новые высоты и вывел на новые просторы поэзию Казахстана.

Сборник стихов Мукагали Макатаева / Мұқағали Мақатаев өлеңдер жинағы - Мукагали Макатаев / Мұқағали Мақатаев читать онлайн бесплатно полную версию книги

Қанатсыздың барлығын,

Қауқарсызға балайтын.

Жорғалаған жандыны,

Жемтігім деп қарайтын.

Көкте самғап өткен ер,

Отыр жерде, құр кеуде.

Қорек болса көкте егер,

Қонбас еді бұл жерге.

Құлақтанып шықты Күн,

Құз жотасына өрмелеп.

Құдіреті мықтының,

Құрт үзілді жерге кеп.

Қара орманға текшеден

Қайта оралды киіктер.

Қапсыра кеп бекседен

Халің келсе, тиіп көр.

Шаңқ-шаңқ етіп долдана,

Шырқау шыңға бір атыл.

Қайта төмен сорғала,

Халің келсе, сұрапыл.

Қайраттанып хас қыран,

Қайта-қайта қарманды.

Мұз сауыттың астынан,

Шолып отыр бар маңды.

Аспан ашық кірбеңнен,

Аспаннан бұлт тарқапты.

Салаң етіп бір белден,

Шыға келді салт атты.

Қырға шығып делдиіп,

Шолды дағы бар маңды.

Таста отырған ербиіп,

Мұзбалақты аңғарды.

Бұрылды да бүйірден,

Қиялады бөктерді.

Мұздан сауыт киінген,

Мұзбалаққа дөп келді.

Тасқа орнатқан мүсіндей,

Мұздан сауыт жамылып;

Кішігірім кісідей,

Отыр екен самұрық.

Шатынайды сынғалы,

Балақтары батпандай;

Қара тасты тырнағы

Жарып бара жатқандай.

Қалқан төсі далиып,

Қанатынан күш алмай;

Шойын топшы ақиық,

Шоңқайыпты ұша алмай.

Кебін етіп үстіне,

Киініпті ақша қар.

Шоршып тастан түсті де,

Шошаңдады бәтшағар.

Қалай күнін өткерер,

Қос аяқпен өрмелеп?

Қорек болса көкте егер,

Қонбас еді жерге кеп.

Олжа келсе алдына,

Адам тағат қылар ма,

Аткөрпесін алды да,

Жаба қойды қырапға.

Қайта қонып атына,

Тарта берді ақырын.

Қалғып кетіп қапыда,

Қолға түсті пақырың.

* * *

Тұғырында жем берді,

Тұтқын бірақ татпады.

Аш өлуді жөн көрді,

Қыран атын сақтады.

Мынау тегін несіптен,

Бір шоқып та жемеді.

Көздей ғана тесіктен,

Көкке қарай береді.

Түгеп болып тағағын,

Бір сәт қалғып, қылжиып;

Туырлықтай қанатын

Бір созады, бір жиып.

Ұша алмайды серпіле,

Жалғыз томар - жайлауы.

Жібермейді еркіне

Балақтағы байлауы.

Қан ағызған кезімен,

Қош айтысқан саусақтар.

Ауық-ауық көзінен

Аунап түсті моншақтар.

“Босат, балам, қыранды.

Босағаңда қатырма.

Құс қой сорлы тұмарлы,

Бостандық бер пақырға.

Қанаттыны ұстар кім,

Қанаттыны қамама.

Қасиетті құстардың,

Қасиетін бағала!

Бар обалын жамылып,

Балам, қайтіп көктерсің.

Көкті кезген самұрық,

Көкте жүріп, көкте өлсін”,

Әйдік ұлы көнбеді,

Айтқанымен жүз қабат.

Ақжем болып шеңгелі,

Абақтыда Мұзбалақ.

Мекені боп мәңгі - жер,

Енді күні қараң ғой.

Әлсіздерді әлділер

Тұтқындаған жаман ғой...

РАЙЫМБЕК! РАЙЫМБЕК!

І

«Қара таудың басынан көш келеді».

Қара жорға шайқалып, бос келеді.

Қара күнді жамылып, қара қазақ

Қара түнді басынан кешкен еді.

Қара қайғы көрсетпей ештеңені,

Қара жауы қанатын кескен еді.

Шұлғау болып қыздардың кестелері,

Талай қара шаңырақ өшкен еді.

«Қара таудың басынан көш келеді!!!»

Қара жұртта бықсыған шала қалған,

Аналардан ес кеткен, балалардан.

Тал да таппай қармауға жағалаудан,

Ақыл қашқан адыра бабалардан.

Қандай қарғыс атты екен қайран елді?!

Қайда барып тығылар паналауға?!

Қайда барып, қалжырап жатыр екен?!

Қандай сордың сортаңын татар екен?!

Көр болса да болса екен қазақ жері,

Қазақ жері болғасын — Атамекен.

...Көш келеді, боздатып боз даланы,

Көз ұшында боз сағым қозғалады.

Әлдекімнің естілсе созған әні,

Әлдекімдер аңырап жоқтау айтса,

Әр кеудеде бір шемен қозданады

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий