Knigionline.co » Казахские книги » Путь Абая. Книга III / Абай жолы. ІІІ кітап

Путь Абая. Книга III / Абай жолы. ІІІ кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов

Книга «Путь Абая. Книга III / Абай жолы. ІІІ кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Продолжение культового произведения, которое стоит прочитать любителю прекрасной литературы. Немецкий писатель Альфред Курелла говорил: «Когда ты живешь в степи, мир наполнен прозрачной природой первого творения, всей его жизнью, самостоятельными личностями…»

Путь Абая. Книга III / Абай жолы. ІІІ кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов читать онлайн бесплатно полную версию книги

— Мен әлі оқуды тауысқам жоқ қой,- деп, Әбіш әуелде өз ойларын жия алмай қалды.

— Рас, тауысқан жоқсың. Бірақ тауысуға жақынсың. Мен бір сенің басыңа да арнап айтпаймын. Оқуды тауысқан қазақ баласы да бар ғой. Естуімше, Қарқаралыдан, Омбы, Қараөткелден және онан арғы Орынбор, Троицкіден, Кіші жүзден де оқып жүрғен қазақ жастары шыға бастады. Жыл құсындай сендерсің. Жаңа дәуреннің алғашқы келгіні боларсыңдар. Жә, халық туралы, оның бүгінгі ауыртпалығы туралы, болашақ тағдыры туралы ой іздегенің, соны жиып, түйгенің бар ма? Бұны мен бір саған емес, сенің өзінді қоса бар тобыңа айтам. Орысша оқуға, дұрыс жолға түскен барлығыңа, қазақ жасына айтып келем... Осыны айтшы!

— Әуелі бір нәрсенің басын аша сөйлейік, аға. Жаңағы сіз санаған көп жерде оқыған, көп қазақ жасы азғантай ғана оқып, ерте тоқтап қалып жүр...

— Рас... Рас,— деп, Абай Әбірахманның сөзін бөле берді де:— тоқтап қалып жүрген жоқ. Топтап барып тілмаш, песір болып жүр. Көбі және песір де бола алмай, кесір боп жүр. «Қазақ жаманы орыс бола алмайды да, орыс жаманы қазақ бола алмайды» дегенді біздің халық соларды көріп айтқан. Бұл не деген сөз? Менің ұғуымша, терең сын. Яғни, әуелі жақсы қазақ болып алмай, жақсы орыс та бола алмайсың, яки, әуелі жақсы азамат болып, өз ортаңа, халқыңа адамшылық танытпасаң, өзге елдің адамы болып та жарытпайсың деген сөз. Ал біздің көп шала оқығандар жетістірген күнде, тәуір чиновник болады екен. Салтыков-Щедрин мен Толстой масқаралап, әшкерелеген қу-құрдым төрешік болғанша, болмай-ақ қал,— деп ойлаймын.

— Білемін. Сіздің «Интернатта оқып жүр» деген өлеңіңізді маған Петербург пен Омскіде жатқа оқып беріп, қатты мақұлдаған жастар болған-ды.

— Мақұлдаса, оларың ойлы жас екен. Сын көтерер сымбатты болғаны ғой. Ал енді ол жастарың бар, өзің бар, жаңағы сөзіме не жауап айтар едіңдер?

— Жауабы әзірше біреу-ақ па деймін, аға...— деп, Әбіш ойланып, іркіліп сөйледі. — Жауабы: «Оқу бітіреміз де, қызмет етеміз! Елге сол қызмет бабында пайдалы боламыз» дейді ғой.

— Қызмет бабы жандаралдың, ояздың, соттың алды ма? Ондайларды көріп те жүрміз. Жаңа жол, өзге өріс тауып, соны

халқына, тобына таратып іс ету қайда? Немесе орыс даналарындай халық қамын ойлап, өсиет таратып жүрген бар ма?

— Әй, ондай әлі жоққой... Ондайлықбілімі толып, өнері асқан жоққой...

— Бәсе, сондай қазақ оқығанын көрмей жүрміз... Мен осыны тосқан әкенің, ағаның бірі едім!.. -деп, Абай бұл әңгімеге қанағаттана алмай, үндемей қалды.

Әбіштің есіне енді бір жаңа нәрсе түсіп еді.

— Қазіргі оқығаннан сіз ойлаған адамды таппадым. Бірақ осындай көрнекті өріске қадам басқан бір-екі кісі қазақ оқыған-дарында болған екен. Естімесеңіз, соларды айтайын.

— Олар кім?

— Бұның бірі — осыдан жиырма бес жылдар бұрын, жастай қайтыс болған Шоқан Уәлиханов деседі. Екіншісі — Орынбор маңынан шыққан Ыбырай Алтынсарин! — деді. Абай Алтынсарин атын естіген, оны жақсы біледі екен. Шоқанды білмейді.

Әбіш солар жайын бірталай таратып, жақсы бейілмен айтып шықты. Шоқан турасында Сібірдің көп ірі адамдарынан қатты мақтаған сөз естігенін айтты.

— Жалғыз-ақ, кітабына, қалдырған жазуларына кездеспедім. Өзі қазақ халқының қамын ойлауда көп ірі сөздер сөйлеп, жазып өткен кісі дегенді оны білген екінің бірі айтады! — деген.

Абай да, Әбіш те ол адамның әрі жастай кетіп, әрі жазғаны жоғалғанын өкініш етті.

— Ал Алтынсарин русско-киргизская школа ашқан. Өз білімін қазақ жасын оқытуға жұмсаған. Көп жерде школдар салдырып, артына шәкірт қалдырған. Және кітап та, өлең де жазған. Халық үшін іс те, өсиет те қалдырған, анық жемісті еңбекке берілген сол адам екен! — деді Әбіш.

Абай Алтынсаринді есіне алды. Орысша интернатты, школды қазақ үшін ашуда анық үлкен еңбек етіп кеткен қамқор азамат сол екенін айтты. Сөз аяғында Әбішке қарап:

— Ал осы Алтынсариндей еңбек етсе олқы бола ма? Бір үлгі осы болмас па еді? Бұған не айтар едіңдер? — деді

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий