Knigionline.co » Казахские книги » Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап

Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза

Книга «Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

«Красная стрела» является третьей книгой романа Шерхана Муртазы.

Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги

«Тегін комиссар емес, тасада тұрып сөйлеседі. Әрине, Құдай сақтанғанды сақтайды», – деп күлді Кобозев.

– Дүйсенбай, мен Кобозевпін.

– Кобозев? Не дейді? Қай Кобозев?

– Кобозев, Петр Алексеевич. Төтенше комиссар.

– Апыр-ай, шыннан Петр Алексеевич! Ғажап!

Нысанбаев терезенің жақтауын ашты.

Жартыкеш ай батып бара жатты. Таң алдында түн қараңғысы бой жасап қоюлана түсті. Теріскей, Келес жақтан лекілдеп самал соғып, Ташкенттің тал-дарағы сарғайған жапырағын жамыратып, сан қырлы қаланы әлди-әлди бесік жырына бөлегендей болады. Не көрмеген Ташкент?! Жарықтық. Құланиек бозалаңда Қарлығаш-Төле бидің шошаяды. Өзінің тағдырлас, замандас, ақылдас, жүректес бауыры Қаз дауысты Қазыбек биді Орта жүз Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет әзіреті күмбезінің астына апарып қойғанда, Ұлы жүздің игілері Төле биді әзіреті Сұлтанның жанына неге апарып қоймаған? Оны мына келе жатқан Кобозев те, комиссар Нысанбаев та білмейді. Оның сырын Рысқұлов біледі. Кіндік қала Ташкенттің тағдырын сол біледі.

* * *

– Рысқұлов, оққағарың бар сенің, жаңа мен шын атып жібере жаздадым. Ана көрші камерада жатқан басмашы туысқаның айқайламағанда, атылып-ақ кетіп едің. Бәрібір, енді оқ дарымайды екен деп ойлама. Револьвер оқтаулы. Оқ ояу. Контраға дегенде бұл дүлей оталмай қалмайды. Кәне, одан да Кобозевтің қайда екенін айт.

Көкшіл диагональдан тіктірген френчтің алқым түймесін ағытып, барлыққан жуан мойнын орамалмен сүртіп болып, револьверді қайтадан қолына алды. Шынжау хатшы Рысқұловтың аузына қарап, іннен тышқан аңдыған аш мысықтай міз бақпай, үнсіз отыр. Рысқұлов ә десе, қақшып алып, қағазға түсіреді.

– Рысқұлов, тағы қайталамаймын: Кобозев қайда?

– Кобозев менімен бір тұрмайды ғой, үйінде болар.

– Үйінде жоқ. Біздің жігіттер барғанда қашып үлгеріпті. Тіпті күлдеуіште қалған темекісінің ұштығы да сөнбепті.

– Оу, сен қызықсың, Успенский. Кобозев темекі тартып үйінде отырғанда, мені айдауылдар түрмеге алып келе жатпады ма? Сонда мен оның қайда қашып кеткенін қайдан білемін? Ойлашы өзің.

Успенский ойланып қалды.

– Ал сен айдауда келе жатқанда, оның өз үйінде отырғанын қайдан білесің? Мүмкін жігіттер оның үйіне сенің үйіңнен бұрын барған шығар.

– Сонда қалай? Кобозевке айдауылдар бұрын барады. Ол кезде мен қаннен-қаперсіз ұйықтап жатамын. Кобозевке мен қай уақытта жолығып, сөйлесіп үлгіремін? Логика қайда?

– Ұстатпайсың. Бұландайсың. – Успенский жөні түзу сөз таппай, әрі тек тұрмай револьвердің аранын өзіне қаратып, үңгіріне үңілді.

– Сенің шындығың мынаның ішінде жатыр, әне. Айтқызамын бәрібір.

Рысқұлов құса болды. Тағдыр бұған тым болмаса ақылды жау да жолықтырмады.

Успенскийдің топастығынан түңілді. Әлдеқалай тағдырдың тәлкегімен шыннан-ақ халықтың күні осы Успенскийлерге қарап қалса, не болмақшы деп шошыды. Алматының түрмесінде әкесі Рысқұл тергеуден қайтып келген сайын:

– Әй, өздері бәле-ай, атасына нәлет! Алдап отырып, бар сырыңды айтқызады, – деп жауының өзіне тәнті болып оралушы еді. – Әсіресе Осташкин дейтін дәуі сырбаз-ақ, – деп губернатордың орынбасарын мақтап отыратын.

«Көкем марқұм отырса, патшаның түрмесінде отырды. Ал Түркістанда, өзім орнатысқан Кеңес өкіметінің түрмесінде өзім отырғаным қай далбаса?».

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий