Knigionline.co » Казахские книги » Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап

Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза

Книга «Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

«Красная стрела» является третьей книгой романа Шерхана Муртазы.

Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги

Қызының неге шұқшия қалғанына аса мән бермей отырған шешесі бір кезде Наташаға көзі түсіп кетіп, шошып қалды: қызының көзі шарасынан шығып, талықсып барады екен.

– Наташа, не болды? – дегенше болмай:

– Мама! – деп шыңғырып жіберді. Қолындағы хрусталь күміс подносқа түсіп кетіп, күл-талқаны шықты.

«Толғағы келіп қалды ма? – деген ой сап етіп, шешесі қызын құшақтай алды. Әлі ай-күні жете қоймап еді ғой», – деп тағы шүбәланды.

– Мама, Аркадийді өлтірді! Өлтірді! Қара ана газетке! – деді қызы енді көзінен жас парлап. – Күйеу балаң Рысқұлов...

Елизавета Петровна тез-тез шоқына салып, ескі сары ала халатының жанқалталарын қаққылап, көзілдірік іздеп, қалтыраған қолы қалтаға бірден сұғылмай, тайғанақтай берді. Ақыры қара хабарды да оқып шықты. Қызының басын кеудесіне қысып, сазарып отырып қалды. Ол Аркадийдің өлімінен гөрі, қызының жағдайынан шошынған сыңайы бар. Екі бишара майып болар ма екен? – деп сескеніп, Наташаны жұбатып, тыныштандыруға тырысты.

– Наташенька, қоя ғой, жаным, жарығым менің! Тыныштал кішкене. Саған қатты күйзелуге болмайды, жаным. Тағдыр шығар. Не істерсің, амал қанша? Әкеңнен де тірідей айырылып, өлмей отырмыз ғой. Тағдыр солай шығар. Тыныштал, періштем. Тұла бойың қалтырап бара жатыр ғой, Құдайым-ай! Ей, Жасаған-ай, жар бола гөр! Тыныштал, көгершінім, періштем менің. Мә, мынадан бір жұтшы, жеңіл болар ма екен? – деп анасы байғұс сыңарынан айрылған хрусталь бокалға шарап құйып, Наташаның аузына тосты. Шынында да боп-боз тозған шүберектей болып кеткен бетіне қайтадан шырай кіре бастады:

– Аркадий Иванович, марқұм, туған бөлең, туған ағаң еді. Оны ерекше жақсы көретініңді де білемін, жаным, тыныштал. Бәрі Құдайдан. Екеуің титтейіңнен бірге өстің. Әрине, қиын. Е-е, заман-ай десеңші. Кімсің – Приходько болып, Верныйды дүрілдетіп тұрды. Ақыры Иван Егорович, марқұм, большевиктердің қолынан қаза тапты. Менің әпкем күйіктен өлді. Менің омырауымнан сүт шықпай ауырғанымда, сені емшегін беріп асыраған сол сорлы еді. Баласы Аркадийдің ақыры мынау. Приходьколар әулеті құрып бітті. Бәрінің де рухы салауат болсын. Ақырын берсін. Енді өз жағдайыңды ойла, қызым. Саған қатты күйзелуге жарамайды. Қиналып қаласың, балаға зақым келеді.

– Баласы құрысын, мама. Енді мен Рысқұловтың өзі тұрмақ, құрсағымда жатқан баласын да жек көремін, – деп Наташа бұлқынып-бұлқынып қалғанда, ақсары алтын шашы жан-жаққа шашырап, қобырап кетті.

– Қой деймін, жынданба, ғайбат сөз сөйлеме.

Дәті берік, бәле көрген, қазымыр қартаң әйел қызынан гөрі ақылдырақ екенін аңғартты.

– Рысқұловқа тіліңді тигізбе. Оның орнында сен болсаң, сен де сөйтер едің. Жаудың аты – жау. Аркадий Иванович, марқұм, анау-мынау кәкір-шүкір емес, ірі жау болды. Өзі де қанды көп төкті ғой.

– Олай сөйлеме! – деп қызы тағы жұлқынып, көзі ақиланып, атызданып кетті. Әдемі жәудір жасыл көз тұз түстеніп шыға келді.

– Бұл лағынет заманда кімнің қанын кім төкпей жатыр?! Төксе – ол солдат, ұлықтың бұйрығын орындаушы ғана.

– Тыныштал, күнім, күйзелме. Сен екеуміз түсіне бермейтін талай-талай сұмдық бар дүниеде. Бәрі айналып келіп пешенедегі жазуға байланысты. Пешенесіндегі жазу солай шығар. Марқұмның өзі де басын тауға, тасқа да соғып жүретін жұлымыр еді, сол қу мінезінен тапты ма, кім білсін?

– Мама! Қоямыз ба, жоқ па, Аркадийдің аруағын қорлағанды?!

– Қойдым, қойдым, періштем, енді сөйлемейін.

Шешесі қызын құшақтап, қобыраған боз қырау шалған самай шашын кері ысырып тастап, дымданған көз жанарын мөлдіреген көгілдір аспанға қадады. Аспаннан рисалат нұры жауып тұрғандай, айнала мамыражай. Елизавета Петровна осындай дүние мүлгіген сәтте Құдайтағала дұғаңды есітер деген үмітпен «Псалтырьден» Дәуіт (ғ.с.) пайғамбардың дұғасын күбірлеп айта бастады. Ең соңында үнін қаттырақ шығарып; «Услышь, господи, молитьву мою и внемли гласу моления моего. В день скорби моей взываю к тебе, потому что Ты услышишь меня...» – деп барып қайырды.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий