Knigionline.co » Казахские книги » Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап

Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза

Книга «Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

«Красная стрела» является третьей книгой романа Шерхана Муртазы.

Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги

– Тұрардың тілегі: Ескендір болсын дейтін. Демек, біздіңше, Александр дегені. Баяғыда ол Приходько түрмесінде Александр дейтін Петербург революционерімен бірге әкесі екеуі отырғанын білесің ғой. Соның құрметіне баланың атын Ескендір қой деп Рысқұл аманат айтыпты.

– Петербургтің революционерімен дос болып жүрген біздің Рысқұл құда да оңай емес шығар. Мейлі, сол құданың айтқаны болса, бола қойсын. – Елизавета Петровна нәрестенің бетіне үңіле қарап, басын шайқап-шайқап қойды. – Наташенька, өз бауырыңнан шыққан перзент қой, жөндеп назар салсаңшы.

Наташа қалжыраған қалпы, басын әрең бұрып, балаға көзінің қиығын тана салды.

– Артур сияқты, – деді қиналып.

– Артурың кім тағы?

– Айтып едім ғой, Тұрардың інісі. Мені жек көретін. Ақыры қашып кетті.

Аһ ұрып қатты күрсінді. Көзінен жылжып, самайына қарай үнсіз-түнсіз жас ақты.

– Ох, сорлы Аркаша, ох, сорлы-сорлы... Сенің ақырың осындай болар деп кім ойлаған?

Мынадай оқиға үстінде, тұңғыш перзенті дүниеге келген шақта да қызының басқа жайға қиналғанына шамырқанған ана шарт кетті.

– Жетті, қызым! Күйіне бергеннен не пайда? Соған бола, ай-күніңнен ерте босанып, ажалыңнан бұрын өле жаздадың. Аман-есен, тірі қалғаның олжа. Жан олжа! Соны ойласайшы. Дәрігер жоқ, дәнеңе жоқ, жаңа тіпті үзіліп кетуің мүмкін еді ғой. Шүкіршілік керек. Аркадий марқұмға бір Құдай өзі о дүниеде жақсылығын берсін.

Нәресте әлі қаймағы бұзылмаған сары ала жапырақты даланың ауасын анасының уызынан бұрын жұтып, сол ауаға мас болғандай, ұйықтап қалып еді. Әзір тамақ тілеген жоқ. Құртақандай қарны да ашар. Hәp тілеп, әлі шыңғырар. Туған жердің ауасымен ауызданған жақсы. Бірақ адам баласы тек ауамен ғана қоректенбейді. Оны бала көп кешікпей сезе бастайды. Сонда туған анасының төсі иімей қоятынын, сөйтіп уызға жарымай қалатынын бала әлі білмейді. Ол әлі түк те білмейді. Үлкендердің көп білетінін, сол көп білгені кейде қасірет болып жабысатынынан да түк хабары жоқ.

Оның тұңғыш рет құлағына анасы мен әжесінің даулы әңгімесі, жапырақтардың сыбдыры, Ақсу өзенінің сарылы, көксерек иттің үргені, атыз шетінде арқандаулы тұрған ақ ешкінің маңырағаны шалынған. Бірақ бала олардың ешқайсысын елеген жоқ. Есейгенде де бұл сәттен ойында еш елес қалмас. Дүниеге неге, не үшін келгенін де білмейді. Өйткені ол бұл дүниеге өз еркімен келмеген. Ал оны дүниеге келтіргендер арасында әзір береке болмай тұрған кез.

* * *

Арада қанша күн өтті. Натальяның омырауынан ақ тамбай, ашаршылық жылғы мешел аспандай безірейді де қалды. Шешесі байғұс білген ем-домын істеп, қызының емшегіне таба қыздырып басты. Таудан қазып әкелген «алтын тамырды» қайнатып, соның сөлімен булады, көкемаралдың, киікотының кептіріп алған гүлін езіп жақты, – ештеңе болмады, сүт шықпай қойды.

– Апыр-ай, өзің де ұлым екен деп еміренбейсің ғой, содан шығар сүт шықпай жатқаны, – деп қызына шешесі бір күңкілдеді, екі күңкілдеді, содан ақыры шыдай алмай кеткен Наталья кемпір байғұстың бетінен қауып тастады:

– Мені туғанда сенің де сүтің тыйылып қалған. Мен өлетін болған соң, туған әпкеңнің омырауына салғансың. Сонда, сол марқұм Софья Петровнаның бір емшегін мен, бір емшегін Аркадий еміп өскенбіз. Демек мені тапқанда сен де еміренбеген болдың ғой?!

Елизавета Петровна күйініп басын шайқайды.

– Әй, әй қызым, аямайсың анаңды. Менің сен дегенде шығарға жаным басқа екенін біле тұрып, күйдіресің адамды. Менің жайым басқа еді ғой, омырауыма жаман без түйіндеп, ақыры әкең байғұс Ташкенттен доктор алдырып, мен бейшара пышаққа түскен жоқпын ба? Соны сенің ұмытатын жөнің жоқ еді ғой. Сенікі де сондай сойқан ба деп ойласам, Құдай бетін аулақ қылсын, жаман безің жоқ, міне, бәрі жұп-жұмсақ, шала туған жеті айлық бала тұрмақ, егіз баланы асырайтын әулеті бар омырауыңның. Әлде докторға қаралып қайтасың ба?

– Өзім де соны ойлап жүр едім, – деді қызы шешесінің бұл ұсынысына ішінен қуанып кетіп.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий