Knigionline.co » Казахские книги » Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап

Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза

Книга «Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

«Красная стрела» является третьей книгой романа Шерхана Муртазы.

Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги

– Сен аруақты жерден шыққансың. Тегіңе тартқансың. Мынау сенің баяғы Әлімбек батыр бабаңның қылышы, – деп, салаңдатып беліне бір қайқы жатаған байлап берді. Қанша іздесе де алтыатар наган табылмай, содан Оразбақ тақымына құс мылтық басып алды.

Бес қаруы түгелденіп, киім-басы жөнделген соң:

– Ендігі керегі – ақ жаулық. Өзің болыс, өзің бойдақ болсаң, жараспайды. Енді сенің үйіне ұлықтар келіп түсетін болады. Айталық, Ташкенттен Тұрар Рысқұлов келді делік. Қайда түседі? Әрине, болыстың үйіне. Сонда үйінде қатының жоқ болса, немене, біреудің қатынын қарызға ала тұрасың ба? Жоқ, болмайды. Сені аяқтандыру керек. Ол жағын, маған сен, өзім қарастырам, қам жеме, – деді Қырбас. – Ал енді кешегі уәкіл айтқан тапсырманы орындауға кірісу керек. Аштарға жәрдем астық жинау керек. Кімнен аламыз, кімнен бастаймыз – соны ойластырайық.

– Әй, мұның әқыл-ей, – деді Оразбақ разы болып. – Өкіметтің әйткәнін орындау керек.

– Өкімет-өкімет. Аштықпен күрес жөніндегі құжатқа анау-мынау емес, Тұрар Рысқұловтың өзі қол қойып отыр ғой. Саған сеніп, болыс сайлатты. Енді сол сенімді ақтау керек.

– Өнің жөн-ей, Тұрар әйткән соң оріндеу керек, – деп қостады да, Оразбақ кенеттен түлен түрткендей тырқ-тырқ күлді. – Сол Тұрарді кішкентай бәла күнінде тәләй ұрып жілатіп едім. – Осыны айтқан кезде танауының самалдан сау қалған кертпегі көлбақаның желбезегіндей ісініп кетті.

– Е, балалықта не болмайды... Енді мынаны ойласайық, Ореке, – деді Қырбас Оразбақты қақпайлап жөнге салып. – Азық-түлік жиғанда – қазір ешкімде тіреліп тұрған азық та, түлік те жоқ. Там-тұм, тақыл-тұқыл дән, бірер тұяқ әркім-әркімде бар. Өте бір сіңірі шығып, сіркесін сыққандар болмаса, ауқаттылардың бәрін аралаймыз. Алдымен Сәлік-Сарыдан бастаймыз. Неге дейсің ғой. Әуелі өз туысқандарыңнан бастасаң, басқалар жым болады, ауыздарына құм құйылады. Бірдеңе десе: е, сен тұрмақ, өз туысқандарымды да аяған жоқпын, сен кімнің шікәрасы! – деп шыға келесің. Келістік қой, Ореке?

– Келістік-ей. Әкіліңнән әйнәләйін. Әй, әйтпақші әлгіні қошан, – деп Оразбақ тағы тырқ-тырқ күлді.

– Нені? Ә, анау ма? Түсіндім, Ореке. Құдай қаласа болып қалады. Әуелі азық-түлікті бір қарқын жүргізіп алайық. Анау әлгі Нұрлыда ай десе аузы, күн десе көзі бар бір сұлу бар. Бұйырса, сол сұлу екеуің бір шымылдықтың ішінде... Ойхой, заман-ай.

– Әй-әй, Кірбәс, әлдап күдәй үрмасін-ай. Өзің төндіріп көйдің ғой, тегі. Сұлу дейсің бе-ей? Мені нетіп... кергімей ме, әйтәуір.

– Болысқа көнбей көрсін, – деп қоқиланды Қырбас.

Кесірінен сақтаса, Сәлік-Сары ауылы әне-міне жаңа астыққа ілініп, тіке келген ажал болмаса, өле қоймас. Өле-өле болды ғой. Жиырма түтін Сәлік-Сары жүндей түтіліп, сонау Алматының ар жағынан жиырма бес жылдан соң елге әрең жетіп, енді-енді есі кіріп, етегін жаба бастағанда үлкен жылан тап келіп, ашаршылықпен бірге келген індеттен, қара шешектен әсіресе бала-шаға баудай түсті.

Талғар таудан Түлкібасқа тұңғыш қайтқан Дәу Омар, 1906 жылы Рысқұл сүргінге Сібір кеткен соң, бір-бірлеп, үздік-создық, арып-ашып, әйтеуір туған жерге жетіп жығылған Шыныбек, Қорған, Үсіп... ең соңында Ахат еді. Бұрынғы құрамнан Рысқұл жоқ, Молдабек жоқ, Қуанышбек жоқ. Ал ажалым алдақашан жақын деп өлім ноқтасына мойынұсынып қойған Ахат әлі тірі.

Шықпа, жаным, шықпа деп сай-сайдан жуа теріп, алғы шайып жеп, үркектеп отырған үркердей ауыл – енді Оразбақ болыс ауылы аталды да, Майлыкент болысының кіндігіне айналды. Бардамшылық заман болса, ұлан-асыр той жасайтын жағдай ғой. Оразбақ болыс болғанда, Сәлік-Сары тышқан мұрнын қаната алмады, не керек.

Сөйтіп отырған ауылдан аштар үшін азық-түлік жинау басталған.

Беліне қылыш, мойнына мылтық асынған Оразбақ қасында Қырбас хатшы, милициясы және бар, cay етіп Сәлік-Сарыға жетіп келген. Өгіз жеккен арбалары соңында.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий