Knigionline.co » Казахские книги » Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап

Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза

Книга «Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

«Красная стрела» является третьей книгой романа Шерхана Муртазы.

Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги

«Апырай-ай, бұл істі осы ауылдан бастауды өзім үйретіп едім. Енді өз ақылымен тапқандай болып тұрғанын қарашы. Мынау сұмдық шығар. Туған анасының зарлап жатқаны анау. Оған бүлк етпейді. Мынау сұмдық шығар», – деп Қырбастың өзі түңіле бастады. Ел тонауға келгенде алдына жан салмаған Қырбас жырынды қайырымсыздық жөнінде мына Оразбақпен салыстырғанда жіп есе алмастай болып шықты.

– О, шыққыр көзім, мұны көріп қалай шығып кетпей тұрсың! – деп Ахат жалбыр қастың астында онсыз да көрінбей, тартылған құдық түбіндегі бір қасық судай жылтыраған жанарын жұмып алып, өз маңдайын өзі тоқпақтады. – Бұл Сәлік-Сарының күлін кім суырмады, шаңырағын кім шайқалтпады: Дауылбай да, Саймасай да, Қоқан да, Некәлай да сілкіледі. Ал енді өз күшігім, өзім асыраған, өзімнің Сәлік-Сарымнан туған пұшық итім өзімді қапқанда, қауып қана қоймай, бүкіл ауылдың өлі жүнін жұлып, шаңырағын түсіріп, уығын сындырып жатқанда қалай ғана тірі отырмын, шыққыр көзім, мұны көріп!..

Ахаттың сөзін естіп, апыр-ай, рас-ау деп жатқан жан жоқ. Аруақтың сүлдесіндей шал бұл арызды кімге айтып отырғанын өзі де білмейді. Ал Оразбақ тобы болса, аз ауылдың шетінде, тап берсе, жалт берейін деп едірейіп, үркектеп оқшау тұрған Омар үйіне бет алды.

Дәу Омар басқа Сәлік-Сары сияқты Оразбақты қарғап-сілеп, тілдеген жоқ. Басқалар сияқты қойын алдырып барып қорасын бекітіп тұрған бұл емес. Үйінен ештеме табылмайтынына сенімі бекем.

– А, Оразбақ зекетің болайын, кел, кел, қарақ! Өкіметтің ісі ғой, айыбы жоқ. Қара. Бар болса, өзім-ақ айтқызбай берер едім. Жоқ қой, жоқ. Бұл қартайған, қайраты қайтқан жаман Омар әкеңде не болад? – деп Дәу Омар бүкшеңдеп, қорбиған денесін кішірейтіп көрсетуге тырысты.

– Не боләтінін біз білеміз. Өсі әуілдәгі ішегі мәйлі сенсің ғой. Жәсірәсің. Орәзбәк тәппай қоймәйді, – деп Оразбақ Дәу Омардың жалпаңдаған жағымпаздығына илікпей қойды.

Жалаңдаған жасақ үйді тінтіп те шықты.

– Істікті әлып, үйдің іші-сыртін түгел піскілеп шігіңдәр! – деп бұйырды Оразбақ.

Қыстың күні маядан шөп суыратын істік темірлер үйдің морып тұрған іргесін, тіреудің түбін, пештің түбін, ауыз үйді, бұрыш- бұрышты түгел тескілеп шықты.

Егер астық көмген ұра кез келсе істік темір жерге күмп беріп кіріп кетер еді де, қармағына не сабан, не дән іліндіре шығар еді. Әзір дәнеңе де ілінбей тұр.

Сезікті секірер демекші, Омардың өзі бүлдірді. Қарап тұрмай:

– Айттым ғой! – деп қомпайды. – Бар болса, өзім-ақ беремін.

– Мінәнің әк жүрек бәлшебек бөлә кәлуы-әй, – деп Оразбақты түлен түртті. – Әнә мәл қорасінің әйнәләсін, ішін тегіс шінішкіләп шігіңдер. Бұл дәуде әстік белмәуі мүмкін емес. Дәу Омарда әстік бөлмәсә, суда бәлік те бөлмәйді, – деп Оразбақ өз сөзіне өзі мәз болып күлгенде, пұшық мұрын жарылып бара жатқан соң, тұмсығын алақанымен жаба қойды. Жұрттың бәрі тұнжыр тартып, өлік шығарғандай түнеріп тұрған кезде, тарқылдаған күлкі әзірейлінің күлкісіндей естіледі екен. Тіпті Қырбас екеш Қырбас қысылғаннан маңдайынан суық тер бұрқ етті.

Оразбақ мал қора жақты сілтегенде Дәу Омардың құйқасы шым-шым ете қалып, тұла бойы тітіркеніп, безгек болғандай қалшылдай бастады. Мұнымды Оразбақтар сезіп қояды екен деп өзін-өзі бекем ұстамақ болып еді, сіңірлері тартылғандай сіресті де қалды. Екі көзі көкқасқа көлбақаның тостағындай тасырайып, тас төбесіне шығып бара жатты. Селдір-селкеу мұрты селтиіп, шікірейе берді. «Бұл Оразбақты мұндай боларын білгенімде баяғыда бала күнінде-ақ оңашада алқымнан мытып-мытып өлтіре салатын едім ғой», – деп өкінді Дәу Омар. Намаз оқымайтын, ораза ұстап, ауыз бекітпейтін, Құдайға құлшылығы жоқ ордаңдау мінез Дәу Омар ішінен ал келіп «иә, Құдайлап!» Тәңірге де, аруаққа да мың мәртебе жалбарынып шықты.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий