Knigionline.co » Казахские книги » Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап

Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза

Книга «Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

«Красная стрела» является третьей книгой романа Шерхана Муртазы.

Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги

– Оразбақпысың, қарақ? – деп жаман үйдің ығында шүйіркелесіп отырған Ахат пен Үсіп өз қандасын танымай, қалт-құлт етіп орындарынан тізелеріне таянып әрең тұрған. Олар орындарынан тұрғанда Оразбақ аттан түскен жоқ. Қайта астындағы тоқ торының тізгінін жорта жұлқып, аты атырылып тұр екен деп айтсын деп, жануарды жұлмалап зәрезап етті.

– Өкіметтің тәпсірмәсімен жүрміз, – деді Оразбақ ат ойнақтатып, ауыздықпен алысқан болып.

Тоқ торы атырылып тұрған асау болмаса да, иесі тізгінді тарта-тарта езуін жыртар болған соң, көзі ақиланып, осқырынып, өзінше тарпаң мінез шығарған. Қалтаңдаған екі шал торы ат қағып кетпесін деп ығыса-ығыса үйдің іргесіне тіреліп қалған.

– Әштәрта әукәт керек. Әукәттарыңнан бөлісәсіңдер. Кәне, Әхәт әтә, сізден бастаймыз. Өсідән он күн бүрін бір кәп тәрің бар еді ғой. Кәйдә. Сөнің жәртісін бер. Әне әрбәгә әпәріп сал.

Ахат иегі дір-дір етіп, сөйлерге сөз таба алмай, тұтығып қалды.

– Қайдағы бір қап тары, Оразбақ?! Аштарға көмек берер болсаң, алдымен бізге бер, ойбай! Сәлік-Сарыдан өткен кедей ел жоқ бұл атырапта. Өкімет әділ екен, бізге көрсетсін жәрдемін! О несі-әй! Битімді сығып, қанын жалап отырсам, менен тары сұрайды ғой.

– Әтә, менің бөліс бөлгәнімә күәнгәнің өсі ме? Сендер бүйтіп бүлінгенде, бәсқа ел не демек, ә? Сөндә мені ертең әна Көрәбек күсәтіп өкіметтің тәпсірмәсін өріндәмәдің деп өрнімнән әліп тәстәйді. Сөл ме сендерге керегі, ә? Түыскән бөліп жәріткәндәрің өсі ме?! Әй, күдәлыкка келгендей сізілә кәліпсіңдар! Түс әттан! Кір үйге! Әліп шық тәріні! – деп Оразбак нөкерлеріне маңқ-маңқ етті.

Ахат Оразбаққа жақындайын десе, көзі аларған торы ат қыршаңқыланып тісін ақситты. Оразбақ мені естімей тұрған шығар деп Ахат қырылдақ даусын барынша шығарды.

– Әй, Оразбақ талған жүрекке талшық етіп отырған бірер уыс тарыны алуын аларсың. Бірақ беруін кімге бересің? Бізден өткен аш бар ма осы орайда?

– Білмеймін, – деді Оразбақ түкірігі шашырап, – мен өкіметке тәпсірәмін.Өкімет кімге берерін өз біледі. Әштаргә әтала пісіреді. Түрәр солай деген дейді.

– Тұрар олай демейді ғой. Тұрар кедейді тона, қина, қиянат жаса демейді ғой. Олай десе оны менің көз жасым атып кетер. Тұрар – халық үшін Тұрар. Ал халыққа көлденең тұрған күні Тұрар тұғырынан түседі. Ал сені шыннан Тұрар болыс сайлатса, онда жарамаған екен. Онда Құдайдың өзінде де әділеттік жоқ болғаны.

– Әй, кәкбас. Тұрарды тілдеме! – деп Оразбақ маңқ етті.

Манадан бері сазарып, қалш-қалш етіп тұрған Үсіп жерде жатқан күректі ала салып:

– О, шіркін, сенен боқтық естігенше, өлген артық! – деп құлаштап тұрып, Оразбақты бастан ала ұра берген кезде, Қырбас –күректі алқымынан ұстай алды.

– Өйбәй, мәнә кәлтірәуік мені күрекпен үріп өлтіре жәздады-ей! – деп Оразбақ қылышқа жармасты.

– Өкіметтің өкіліне қызмет үстінде қастандық жасағаныңыз үшін сотталып кетесіз, – деп түсіндірді Қырбас Үсіпке.

Қырбас енді Оразбақтың қылышына жармасты. Өзін анық ажалдан сақтап қалғаны үшін Қырбасқа дән риза болған Оразбақ Қырбастың айтқанына тез көніп, қылышты қайтадан қынабына салды.

– Соттасаң-сотта! – деп қалшылдады Үсіп. – Рысқұлдан әулие емеспін. Бірақ Саймасай болысты атып өлтіргені үшін Рысқұлды патша соттап еді, ал енді ақымақ Оразбақты аттан ұрып түсірмек болғаным үшін мені Кеңес өкіметі соттар. Кеңес өкіметі кедейлердің досы деуші еді, мені досым соттаса, өкінішті-ақ. Басқа түкке өкінбеймін мен бейбақ.

Бұлар осылай шаң-шұң болып жатқанда, Оразбақ болыстың жасақтары Ахаттың өлесі кемпірін домалатып тастап, үйден жарты қап тарыны сүйретіп алып шығып, өгіз арбаның үстіне атып ұрды.

Ахат қапқа қарай ұмтылмады. Оған қауқары да қалмаған. Тек дуалға арық арқасын сүйеп тұрған қалпы, сылқ етіп тізесі бүгіліп, сүйретіліп отыра кетті.

– Енді мінә кәлтірәуік иттің үйін тінт! – деп бұйырды Оразбақ.

Үсіптің жатаған жайдақ тамы Оразбақтың қаһарынан қорқып бұға түскендей тым жүдеу көрінді. Дауылбай жаман жау еді, бірақ мынандай сұмдыққа ол да бармаған.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий