Knigionline.co » Казахские книги » Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап

Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза

Книга «Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

«Красная стрела» является третьей книгой романа Шерхана Муртазы.

Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги

– Осы бір Құдай қарғап қойған аз ауылдың пірі сияқты болып кеткен жақсы аға едің, саған айтпауға дәтім шыдамады, өзіңмен қоштасқалы келдім, Ахат! – деп Дәу Омар босағаға отыра кетті.

– Не деп тұрсың, Омар жарығым? Қоштасқаның не? – Ахат құлағын қолымен қалқалап, тіссіз ерні бүрісіп, иегі дір-дір етті.

– Әділет іздеймін. Қоқан жағынан Ергеш деген ер шығып, кедейлердің кегін жоқтап, ту көтеріпті. Соған барып қосыламын. Мұнда жүріп, Оразбақтың қорлығын көргенімше, әділет үшін алысып өлгенім артық.

Ахаттың қос иығы бүлк-бүлк етті.

– Мына Алатаудан әрі ассам, Ергештің қолына қосыламын. Кедейдің өкіметі деп кеңірдегімді созып, өңешімді жыртып, құр босқа далақтап жүріппін. Жарылқады, мелдектеп болдық. Енді рақмет. Мен Ергешке ердім.

Дәу Омар Ахат ағасымен қоштасып емес, арыздасқан тәрізді.

– Қу тіршілікте анау дедік, мынау дедік. Артық ауыз сөз айтсам, әлдеқалай тілім тиіп кетсе, кешір, Аха!

– Жас емессің, пайғамбар жасынан асып кеттің. Қайда барасың енді? Баяғыда Талғар таудан осы Түлкібасқа жетуге зарығып едің ғой, енді қайда сандаласың тағы да? – деп Ахат ыңырси сөйлеп, ықылас бермеді.

– Оразбаққа тәуелді болып, соның тепкісін көргенше, аулақта жүріп өлген артық. Бұл бәрібір күн көрсетпейді. Мына баламды да ала кетемін. Біздің қайда кеткенімізді өзіңнен басқа ешкім білмей-ақ қойсын. Енді қайтып көрісеміз бе, көріспейміз бе, Алланың ісі. Сен де ұзатылатын қыздай сызылып отырсың. Менің жолым – неғайбыл. Бұл ит тіршілікте көрісе алмасақ, шын дүниеде көрісуге жазсын Жасаған.

Дәу Омар аруақтай ақ шалды бауырына қысты. Қанша дуайпат, ардын-гүрдің айқайшыл, қодаршалау болса да, туысқан шіркін қиын екен, Ахат Омарды қимай, оның кең құшағынан шыққысы келмей, аш кенедей жабысып қалды. Азбан еркектің қолаңса иісі қаңсық кеңсірігін жарып жібере жаздаса да, жатырқамай қайта исінгендей, бауырластық, ұяластық сезімі оянып, солқылдап тұрып жылады. Баяғыда Алматының көк қақпалы түрмесінің алдында Рысқұлмен осылай қауышып қоштасқаны есіне түсті. Ол соңғы қауышу еді. «Мынау да сондай соңғы құшысу болды-ау», – деп қиналды.

Омар да пенде, ол да жасып, кірпігі жасқа шыланып, атасын арқасынан сипалап жатып, құшағынан әрең ажыратты.

– Жаман да болса, келініңіз ғой, қатыным қалып барады. Егер аштан өлер болса, шамаң келсе, иманын үйіре сал. Ал осы жылдың жүзінде менен бір хабар болмаса, өле-өлгеніңше маған да анда-санда бір мезгіл дұға арнап қой. Сауабы тиеді, – деді Омар даусы дірілдеп. – «Ақыр байдың баласы аштан өлген» деген екен бір бейбақ, ата-бабамыз Әлімбек батырдың заманында, кімсің – Сәлік-Сары едік, енді қырғи тиген торғайдай тоз-тоз болдық. Ұшпаққа шыққан жалғыз ұл бізге қол ұшын бермеді, қайтейік. Әлгі Тұрарды айтамын.

– Тұрарға тіліңді тигізе көрме, жарқыным, – деп Ахат тез қатая қалды. – Тұрар жалғыз Сәлік-Сарының ұлы емес, жалпақ халықтың ұлы.

Ахаттың Тұрарға пәруана берілгеніне риза болмай, Дәу Омар үн-түнсіз бұрылып, табалдырықтан аттады.

«Табалдырықтан биік тау жоқ, ағайыннан артық жау жоқ», – деді ішінен Ахат.

* * *

Қазына үйінің есігі шиқылдап ашылып, шиқылдап жабылатын болып қалыпты. «Топшысы қажалған-ау, завхозға айтып майлаттырып қоятын екен, – деп қойды Рысқұлов. – Ой, дүние-ай, темір екеш темір де май тілейді, адамға не дауа? Кушекин ғой, аштар неге нан сұрайды? – деп ашуланады».

Сол есік бұл жолы шиқылдамай, ың-шыңсыз ашылғанын көріп, Рысқұлов таңданып қалды. Есік бір түрлі қалықтап ашылып, ішке аяқ-қолының кісені сылдырап, Рысқұл кірді. Артурды қолынан жетектеп алыпты. Басында тозығы жетіп, өңі түсіп, қоңырайған баяғы ақ қалпақ, үстінде ескі күпәйке, бұтында мақталы сұр шалбар, аяғында «рабочий» бәтеңке. Сақал-шашы өсік екен. Иығындағы қоржынды табалдырыққа тастай беріп, маңдайының терін күректей қолымен сүртіп тастап, босағаға жүресінен отыра кетті.

– Жоғары шық, көке, жоғары шық, – деп Рысқұлов ары-бері қалбалақтап қалып еді, Рысқұл тырп етпестен босағада отыра берді.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий