Knigionline.co » Казахские книги » Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап

Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза

Книга «Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

«Красная стрела» является третьей книгой романа Шерхана Муртазы.

Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги

– Мен сені әзір үлде мен бүлдеге орай алмаймын. Мен тақыл-тұқыл тұрмыстың адамымын. Ал сен өмірі тұрмыстан тарлық көрмеген жансың. Өкініп жүрмейсің бе? – деген Тұрар.

– Сүйгеніңе қосылсаң, лашықтың өзі пейіш, – деген Наташа.

Әрине, солай. Сүйгеніңе қосылмасаң, алтынмен аптап, күміспен күптеген, інжу-маржанмен баптап, лағыл-гауһармен қаптаған патша сарайларында да қаншама қасірет бар.

Сүйгеніңе қосылсаң, қатықсыз қара судың өзі шекер мен бал. Сүймей алған сұлудан, сүйіп алған сумұрын артық деген.

Бәрі рас.

Бірақ ең асыл мақалдың өзіне де өмірдің ендіретін түзетпелері болады.

Тұрар мен Наташа ә дегенде-ақ сол түзетпелерте, ойламаған кедергілерге кездесті.

Әуелі жетім бала жоғалып кетті. Рысқұловтың іздетпеген жері қалмады. Милиция шарламаған қуыс жоқ. Бірақ Түркістан теңізінің толқынынан иненің жасуындай шөпшекті қалай іздеп табарсың?

Рысқұлов өзін кінәлады: «балаға әкең мен шешең тірі екен деп несі бар? Сол қиялмен әкесі мен шешесін іздеп кетпесе неғылсын».

Наташа да өзін кінәлады: «бұл үйге мен келмесем, бала қашып кетпес еді».

Жетім бала екеуінің көкірегіне де тікен болып қадалып, жүректерін сыздатты да қойды.

Енді келіп, ойда жоқта сол жараның үстіне Аркашаның жанжалы жамалды.

Аркадий Приходько – Меркедегі халық қозғалысын тұншықтырған, қасиетті Мерке топырағын қанға бөктірген қандықол, қатыгез жау. Түркістан генерал-губернаторы Куропаткиннің тұсында ротмистрден полковник шеніне дейін көтеріліп, 1916 жылы Мерке қазақтарын қырғаны үшін қасиетті Георгий кресіне ие болған.

Тулаған Түркістанды қайтадан ноқталамақ болып Керенский Орта Азияға генерал Коровиченко бастаған әскер жіберіп еді, қиюы кеткен кер дүние қалпына қайтып келмеді. Коровиченко Түркістанға генерал-губернатор бола алмады.

Полковник Аркадий Приходько генерал Коровиченко қырғынына белсене қатысып, он жетінші жылдың қыркүйегінде Ташкент көтерілісшілерінің қанын тағы төкті. Коровиченко омақаса құлап, мойны астына қайырылған соң, қашып-пысып, біршама уақыт көзден таса болды.

Дүниеде Аркадий Приходько деген офицер болғаны, талай түркістандықтардың қаны соның қолымен төгілгені ұмытылыңқырап бара жатқан кезде, сол кіші Приходько жалғанның жарығына қайта шықты.

Түркістандағы Кеңес үкіметінің соғыс комиссары Осипов опасыздықпен бүлік шығарып, Ташкентте он төрт комиссарды алдап қолға түсіріп, атып жіберген шақта, сол усойқының белді қолшоқпарларының бірі Аркадий Приходько болды.

Екі күнге жуық созылған соғыстан соң, Осипов большевиктерден қашып құтылды да, Приходько қолға түсті.

Осиповтың осқырынып жүргені – ТВО-ның күші еді (Туркестанская военная организация). ТВО басында баяғы кәрі генерал Кондратович қалқайып тұрған. Ал шын мәнінде ТВО-ны қуыршақтай ойнатып отырған ағылшындар, қала берсе американдықтар, бұрынғы құлаған өкіметтің өкілдері, жергілікті байлар мен дінбасылары еді. Олардың ой-арманы бойынша ТВО Осиповтың қолымен Түркістанда Кеңес өкіметін құлатып, буржуазиялық жаңа өкімет құрмақ-тын. Ол өкіметтің тізгінін Ұлыбритания ұстап отырмақ еді. Үндістанды, Иранды, Ауғанстанды өз ықпалына қаратып, күллі Шығыстың байлығын майлы жілікше сорып жатқан кәрі арыстан көптен бері Түркістанның жылы-жұмсағына да қорқау тұмсығын салуды армандаған ғой. Полковник Аркадий Приходько сол қорқау құлқынның құралы да, құрбаны да еді ғой. Енді өлім жазасын күтіп, түрмеде отырған.

* * *

Ташкент аспаны күңіреніп барып, күтір-күтір ете қалды да, бір сәтке дала да, үйдің іші де аппақ болып кетті. Жұмыстан қайтып, іңір шайын ішіп отырған Тұрар мен Наташа екеуінің арасында лапылдап от жанғандай болды да, қас қағым сәт сол құдіретті жарықтан екеуінің де көздері қарығып, бірін-бірі бұлдыр мұнардан әрең көрді.

Рысқұловқа ас дайындап, үйдің ішін күтіп-бағушы Мұхсина кемпір көне қамзолының омырауын қымтай ұстап:

– Бисмилля, бисмилля! Ләй-ляха-иллялаху! – деп үні шығыңқырап кетті.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий