Knigionline.co » Казахские книги » Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап

Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза

Книга «Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

«Красная стрела» является третьей книгой романа Шерхана Муртазы.

Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги

– Жасаған Ием, жалғыз баламды алғанша, өзімді ал! – демекші еді Ыбырайым. Бірақ айта алмады. Тілі икемге келмей қалды. Пайғамбар да сұңғыла ақылды адам ғой: Құдай Тағаланың ауыз бармас, ой оралмас құрбандықты неге талап етіп отырғанын түсінді: құдіреттің айтқаны біреу, орындалуы да біреу. Бұл ретте екі шешім жоқ. Жасағанның әмірі – жазмыштың сызуы. Жазмыштан озмыш жоқ.

Ыбырайым бозым баланы қолынан жетектеп тауға шықты. Қадим дәуірде бұл тау дүниенің діңгегі еді. Жасағанның ауылына ең жақын жер сол. Күн батуға құлдилап, шығыс қараң-құраң тартып, әлем асты ала-құла болып тұрған кез еді.

Ыбырайым әулие сақалы селкілдеп, тұла бойы дір-дір етіп жылады, жарықтық. Бейкүнә бала аң-таң. Таудың басына шыққанға қуанбай ма екен? Әкесі жылайды.

– Е, бишара балам, тізерлеп отыр, – деді.

Бала қызық көріп, тізерлеп отыра кетті.

– Көзіңді жұм, байғұс балам, – деді.

Бала жасырынбақ ойнап отырғандай, көзін тас қылып жұмды.

– Басыңды жоғары көтеріп, мойныңды соз балам, – деді.

– Әкем қазір бір керемет көрсетпекші-ау, – деді бала басын кегжите беріп.

– Құдайға құлдық айт, балам, – деді.

Құдай аспаннан бір сыйлық тастайтындай көріп, бала: «құлдық, құлдық», – деп жалбарынды.

Әкесі белдіктегі қыннан қылпып тұрған кездікті суырып алып, баланың үлбіреген тамағын сипап керіп, бауыздау жерді іздеді. Баланың қытығы келіп күліп жіберді. Бірақ жұмған көзін ашқан жоқ.

– Қимылдама, балам, – деді.

Бала әне-міне ғажайып кезең келетіндей, соны үркітіп алмайын дегендей, сіресті де қалды.

Әкесі баланың үлбіреген иегін көтеріп, кездікті алқымына тақай бергенде аспан қарш етіп қақ айырылып, Құдай Тағала үн қатты:

– Тоқтат, Ыбырайым! – деді. – Баланы босат. Орнына бір қошақан шал!

Рысқұлов Наташа мен Аркашаның арасында тұрып, осы бір қадим заман оқиғасын еске алды.

Аркашаны босатып жіберу қолынан келер. Сонда Кеңес өкіметінің заһар жауын жақтаған болып шығасың. Күні кеше Ташкентте орасан ойран шығарып, халыққа қарсы оқ атқан, небір бозым комиссарларды қыршынынан қиған залым Приходькомен еріксіз сыбайлас болып шыға келесің. Аркашаны босатсаң, Меркенің топырағында сүйегі әлі шіріп үлгірмеген жүздеген боздақ көрлерінен қаңқа қолдарымен алқымынан алар. Неткен сұмдық! Сондай сұмдыққа барса, Рысқұлов кім болмақ?! Сенің күні кеше Мерке көтерілісін бастағаның, сенің күні кеше патша түрмесінде пенде болып отырғаның, сенің күні кеше қолыңа қызыл Ту алып, Әулиеатада Кеңес өкіметін орнатқаның, сенің бүгін бүкіл Түркістанның кембағалын ажалдан құтқармақ болып, күндіз күлкі, түнде ұйқы көрмей өз ата-анаң, өз туған балаң аштан өліп бара жатқандай, жанталасып баққаның, сенің Кеңес өкіметі үшін бір шыбындай жаныңды шүберекке түйіп жүргенің – бәрі-бәрі бір тиын.

Сен егер Аркадий Приходьконы тұтқыннан босатсаң, о дүниеден Рысқұл Қызыл Жебеге мініп келіп, өз қолымен буындырып, шыбын жаныңды шырқыратар. Ол бір-ақ кісілік күші бар сен тұрмақ, аюды да қылқындырып өлтірген.

Солай, Рысқұлов!

Ал Аркашаны босатпаса...

Аркашаны босатпаса, Наташа жоқ.

Не Аркашаны босат та, Наташамен бол.

Не Аркашаны қорғама да, Наташадан айырыл.

Жауды тағдыр Рысқұловқа дәл бүйірден бұйыртқан. Сол баяғы Меркенің базарында Илья «пайғамбардың» айтқаны – айтқан. Бүкіл өмірі әр адым аттаған сайын айқас. Түлен түртіп, сол базарда Илья «пайғамбарға» бал аштыра қояр ма? Әрине, балалық қой. Әрі десе, Ильяның жазуы да сандырақ. Бірақ өмірде кейде жаманның айтқаны келмейді, сандырағы келеді.

* * *

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий