Knigionline.co » Казахские книги » Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап

Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза

Книга «Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

«Красная стрела» является третьей книгой романа Шерхана Муртазы.

Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги

Орасан найзағай ойқастап өтіп, артынша терезені сабалап, нөсер төгіп жүре берді.

Рысқұлов ішіп отырған шайын қоя салып, терезеге барып жауынға сүйсіне қарады.

– Жауа түс! Жауа түс, жарықтық! – деді қуанғаннан алақандарын бір-біріне ысқылап.

Түркістан аймағына дым тамбай қойғанына қатарынан үш жаз өткен. Соның зардабынан ел ғаламат ашаршылыққа ұшырап, аштық нәубет төнген. Мұны дінбасылар большевиктерте жауып:

– Ақырзаман! – деп байбаламдасып, жау жағадан алғанда, бөрі болып етекке жармасып жатқан.

– Енді егін болады, ел пісікшілікке жетсе екен тезірек, – деді Рысқұлов терезені сабалаған жаңбырға жалбарынғандай кейіпте.

Дастарқан басына Рысқұлов көзі шоқтай жайнап, бетінде нұр ойнап, қуана-қуана оралды. Бірақ Наташа керісінше жабығыңқы еді. Соны лезде байқаған Рысқұлов бәйек болып:

– Наташа, ауырып отырғаннан саусың ба? – деп тіксініп қалды.

– Жоқ, Тұрар, – деді Наташа мұңлы үнмен. – Мен саған бір жайсыз хабар айтуға бата алмай отыр едім.

– Ол не? – деп Рысқұлов қолындағы пиаланы дастарқанға қоя берді. «Артурдың өлгенін айтатын шығар», – деді лезде ішіне шоқ түскендей шошынып.

Наташа ақ шәйі орамалмен мұрнын тартып, көзін сүртті. Біршама тығылып, булығып отырып, ақыры тіл қатты.

– Осы уақытқа дейін сен маған, мен саған Аркаша туралы бір ауыз сөз айтқан емеспіз. Бірақ сен оны мүлде ұмытып кетуің мүмкін емес... Әлде ұмыттың ба?

Рысқұлов бойын жинап алып, шабуылға атылардай, тез сұстанды. Ол шынында да Аркаша Приходьконы ұмытып кеткен сияқты еді. Аркаша Приходько дүниедегі ең әсем әйел Наташаның бөле атасы екені есіне енді түскен сияқты. «Сонда бұл қалай?» – деп, мастықтан жаңа айығып, мас кезінде істеген қылықтарын есіне түсіре алмай қиналып отырған адамның кейпі бар жүзінде.

– Иә, иә, Аркаша... Әрине, білем...

– Білсең, сол Аркаша қазір сенің тұтқының, – деді Наташа енді күйректігін қойып, еңсесін түзеп, дауысы нықтау шығып.

– Қалайша?!

– Ірі-ірі істер арасында, ондай ұсақ-түйек сенің көзіңе іліне бермеуі де мүмкін, – деді Наташа күрсініп алып, жәудіреген көкпеңбек көздерін жалт еткізіп бір қарап. – Өлетін бала көрге жүгіреді деп, сорлы Аркадий әнеу жолғы Осиповтың ойранына қатысып, қолға түсіпті. Мүмкін, қатыспаған да шығар, жала шығар, білмеймін. Қазір түрмеде отыр екен, өлім жазасына кесілетін қауіп бар дейді. Тұрар, жаным, құтқара гөр Аркадийді. Қалай десе де, менің бауырым ғой ол!

Наташа, әлгіде жарқ-жарқ етіп көз қарықтырған найзағайдай лапылдап тұра келіп, күйеуін мойнынан құшақтап, бет-аузынан сүйіп-сүйіп алды.

Рысқұлов ғажап бір хал кешті.

Бұрын Наташаға қашан да, тіпті сонау бұлдырап қалған бала кезден ынтық еді. Бала кезден қалай сүйеді? Жас бала әйел затын сүю дегенді түсіне қоя ма? Бала байғұс сүю дегенді түсінбейді, әлдебір құдіреттің күшімен сезеді. Әйтпесе он жасқа жетпей жатып Беатричеге құлай ғашық болған Данте сүю дегенді түсінді дейсіз бе? Сол шамалас сәби шағында Лермонтов сүю дегенді ақылмен түсінді дейсіз бе? Әлде бұл ғажайып сезім ұлы ақындарға ғана тән шығар?

Ал Рысқұлов ақын емес қой. Ол рас, ақын емес. Өлең жазбаған. Бірақ жақсы жырды, жақсы музыканы құлай сүйетін мінезі бар. Көбінесе көкірегімен үнсіз ән салып отыратыны болады. Үнсіз өлең шығарып отыратыны болады. Пианиноны, домбыра мен мандолинаны шебер тарта алады. Егер заман оны қақпайлап күрескерлік жолға салмаса, Рысқұлов мүмкін не музыкант, не жазушы болар еді.

Мемлекет қайраткерлерінің көбісі-ақ ақын болады да, бірақ ақындығын жариялауға жасқаншақ келеді. Өйткені саяси қайраткерлігінен гөрі, ақындығы көптің бірі ғана болып қалуы мүмкін. Көп ақынның бірі болғаннан гөрі, саяси майданда ірі шыққанның өзі артық та. Ақындық деген жарықтықтың екі ұшпағы бар: бірі – ұлылық, бірі – масқаралық. Ұлы бола алмаған ақын масқара болады. Көп ақылды адамдардың өз ақындығын жасыратыны сондықтан.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий