Knigionline.co » Казахские книги » Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап

Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза

Книга «Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

«Красная стрела» является третьей книгой романа Шерхана Муртазы.

Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги

Кішкентайынан ынтық болған қызы қазір адамнан гөрі, суретке көбірек ұқсайды. Наташа қазір оған Рембрандттың Саскиясына ұқсап көрінген. Суреттегі сұлуға қызығуға болады, сүйсініп, таңдай қағып, сұқтануға болады. Бірақ ғашықтық тірі жанға арналған.

Нөсер басылған. Аспандағы бұлттар соғыстан соң сиреп қалған қолдай әр-әр жерден селдіреп көрінеді. Батқан күннің қызылы шалған селдір-селдір бұлттар қалжырап, қансырап тұрған тәрізді.

Терезеден көз алып, алдында отырған Наташаға қарап, Рысқұлов:

– Қинама, Наташенька, Аркашаны құтқару қолымнан келмейді. Келген күнде де мен ондай іске бара алмаймын, – деді.

Наташа тірі адамнан гөрі, көркем суретке көбірек ұқсай түсті.

«Саския», – деді ішінен Рысқұлов.

– Мені шын сүйгенің рас болса, барасың, – деді Саскияның суретіне тіл бітіп. – Оны құтқарып жіберу сенің қолыңнан келеді. Құтқар. Милый, аяғыңа жығылайын.

Рысқұлов қиыннан қиын хал кешті. Шай ішкенде жіпсімеген жазық маңдайы, қазір тершіп кетті. Баяғыда Самарға оқу іздеп барып, институтке түсе алмай, сандалып жүргенде жолдас болған Ақмар айтқан «Ғалиябану» есіне түсті:

Ақ атласым житмәдә,

Көмеш қайшым ұтмәдә

Ун беш яштан ғашық булып.

Ғалиябану, сұлуым, иркэм,

Ходаем насиб итмәдә.

Ғалиябануынан айырылып, қанаты қайырылған Халилдің зары: ақ атласы жетпеген, күміс қайшысы өтпеген, он бес жастан ғашық болған Ғалия сұлуды Құдайым нәсіп етпеген.

Дәл қазір аспан мен жердің арасын кернеп, дүниелік сұрақ тұр; не кәззап жау Аркашаны құтқарасың, не бала жастан құлап сүйген Наташадан айырыласың.

– Тұрар, милый, неге үндемейсің? Мені сүйгенің, мені сыйлағаның шын болмады, жай сөз болды ғой. Өзіме де обал жоқ, сен күтпеген жерден өзім келіп етегіңнен ұстадым. Қайдан білейін, қызметтің құлы екеніңді. Менен гөрі, біздің махаббатымыздан гөрі, саған қызмет қымбат. Әрине, титтейінен ұлықтардан қорлық көрген адам өзі де ұлық болғысы келеді. Сол мақсат жолында ол бәрін де құрбан етеді. Осыны да білмедім-ау, мен байғұс...

Сұлу сурет сұрапыл сөздер айтты. Рысқұловтың жүрегіне тікен қадалды.

– Қой, Наташа, не деп кеттің? Мен қызметтің құлы емес, халықтың құлымын. Ал Аркадий Приходько болатын болса, халықтың қас жауы. Ол күні кеше, одан бұрын да халықтың қанын төккен. Егер мен оған ара түсіп, соттан аман алып қалсам, екі дүниеде де оңбаймын. Онда жер бетінде менен қарабет адам жоқ. Онда мені өлгендердің де, тірілердің де қарғысы атады. Басқа не тілесең де – тіле, бірақ бұл тілегіңе мен бара алмаймын. Тіпті ТүркЦИК-тің өзі әлдеқалай Приходьконы ақтап жатса, мен оған қарсы шығамын. Өйткені Аркадий Приходьконың қылмысын менен көп білетін адам жоқ. Солай...

Наташа – сұлу сурет бірте-бірте өшіп, бұлдырап, көрінбей кетті де, ақ полотно ғана қалды.

Наташа кәдімгі қолмен ұстап, көзбен көретін, күлетін, жылайтын, жүретін, тұратын тірі жан емес, бір ғажайып елес, бір көрген әдемі түс сияқты дір-дір етіп барып, мұнар-мұнар сары сағым арасында бұлаңдап кетіп барады. Наташа әдемі, ғажайып түс қана сияқты.

Бір сұңғыла сұрақ: «Приходько тірі болғаннан кеңес өкіметі құлап қалмайды ғой? Босатып-ақ жібермейсің бе? Ағасын өлтірсең, бәле қарындасының жүрегіне мұз қатып қалмай ма? Мұз жүректі әйелдің қасында қалай жатасың?» – деді.

Іңір қараңғысы мен ақшамның арасында сұңғыла сұрақ сұңқылдап, жан-жағынан аш қасқырдай қамалай түсті. Рысқұлов ауа жетпей алқынып бара жатып, бастырылып барып оянғандай.

– Жоқ! – деп орнынан тұра берді.

Әйелі мұңайып отырып қалды.

* * *

Құдай Тағала бір күні қараптан қарап отырып, Ыбырайым пайғамбарды шақырып алды да:

– Балаңды құрбандыққа шал! – деді.

Айтып тұрған Жасаған Иеңнің өзі. Одан өтіп барып арыз айтып, құлдық ұратын ешкім жоқ. Ешкім жоқ.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий