Knigionline.co » Казахские книги » Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап

Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза

Книга «Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

«Красная стрела» является третьей книгой романа Шерхана Муртазы.

Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги

1881 жылдың 1-наурызында алыстағы Петербургте патшаны атып өлтірді. Сол-сол екен генерал-губернатор фон Кауфман төсек тартып жатып қалды. 1867 жылдан бері Түркістан тағынан түспей келе жатқан, Түркістанның патшасы атанған губернатор сол жатқаннан тұра алмады. Патша өлімінен кейін, сірә, бұл дүниеде баяндық жоқ, енді өмір сүруде не мағына бар деп біржолата түңілген болу керек. Өлерінің алдында өсиет қалдырады: «Мені осында, яғни Ташкентте жерлеңдер. Бұл жер – нағыз орыстың жері екенін, әрбір орыс бұл жерді жастануға арланбайтынын білсін жұрттың бәрі...» – деп кетті. Өле жатса да отаршылдық мінезден арыла алмай, Түркістан жерін шеңгелдей құлады.

Фон Кауфманды сонда осы бақтың ішіне әкеліп жерледі. Көрге түсірердің алдында епископ псалтырь оқыды. Тіпті бір имам мұсылманша құран оқып зарлады. Құранды орыстың құдайы қабыл ала ма, жоқ па, кім білсін, бірақ мұсылман дінінің қошқарлары мүйіздері сырқырағандай, сәлделерін ұстап, көздерін жұмып, қатты теңселді.

Кейіннен Ташкентте Спасско-Преображенский соборы салынып біткен соң, фон Кауфманның денесін қазып алып, собордың іргесіне қойды. Ал бұрынғы моланың орнына ескерткіш тұрғызылған.

Комиссар Осипов Ташкентке сирек келетін шырт-шырт аязға қарамастан, сол ескерткіштің жанындағы орындыққа шалқалай түсіп, көп отырды.

Не болды? Әлде екі генерал-губернатордың аруағына сиынды ма? Әлде өзін болашақ генерал-губернатордың рөлінде көріп, көз алдына нелер бір ғажайып елестер келді ме?

Осипов Түркістанды билеген генерал-губернаторларды тізбектеп көз алдынан өткізеді, фон Кауфманнан кейін әйгілі Михаил Григорьевич Черняев болды. Бұл Түркістанды жаулап алушы атақты генерал болатын. Бірақ Черняев – бұрынғы Черняев емес еді, бір-екі жыл тұрды да сырқаттанып, генерал-губернаторлықты фон Розенбах дегенге қолдан берді. Асылы Черняев мәрт жігіт болған. Жарты патшалықтың тағын қолдан беру үшін де дәт керек.

Фон Розенбахтан кейін барон Втебский, генерал Духовский, генерал Иванов, генерал Тевяшев, генерал Суботин, генерал Гродеков, генерал Мищенко, генерал Самсонов, ең соңғы генерал Куропаткин келді. Генерал Коровиченко болайын деп бола алмай қалды. Большевиктер кесір жасады.

Осипов Түркістан тарихында он үшінші генерал-губернатор бола ала ма, бола алмай ма, оны бүгінгі түн шешеді. Қаңтардың он тоғызынан жиырмасына ауысып бара жатқан түн.

Бұлтсыз бозғылт аспанның жамбасынан шақшия шаншылып бір жұлдыз көтерілді.

Комиссар Осипов дүр сілкініп орнынан тұрды.

Одан арғы қайғылы жағдай белгілі. Осипов Түркістан республикасының он төрт басшысын атып тастады да, Ташкентте сойқан бастады. Осиповқа дем берушілердің айтуы бойынша, Ташкентті аяз қысқан сол бір қаңтар түніне қарай Орынбордан Дутов, Жетісудан Анненков, Ферғанадан Ергеш, Ашғабадтан ағылшындар жаппай шабуылға шығып, пәрменді біртұтас қимылмен Түркістандағы Кеңес үкіметі құлауы керек еді. Бұл қимылдың шешуші кіндік тұсы осы Осипов болатын. Осипов бүлікті бастауын бастағанмен, уәделі көмек Орынбордан да, Жетісудан да, Ферғанадан да, Ашғабадтан да жедел келе қоймады. Барлық майданда да революция жаулары қан құсып, Қызыл Армия тегеурініне төтеп бере алмай, тоз-тоз болып жатты. Ал Осипов мас-қарапаз қашқын болды да, оның тіректерінің бірі Аркадий Приходько қолға түсті.

* * *

– Соңғы кезде қабағың кірбің, – деді Наташа жұмыстан кеш кайтқан күйеуін күтіп алып, есік ашып тұрып. – Әлде қызметте жағдайсыз нәрселер болып жүр ме?

– Жоқ, – деді Рысқұлов Наташаны бетінен сүйіп. Наташа да осы ықыласқа орай күйеуімен жұмыстан соң кездесіп, есік ашқан сайын, жарының ерніне аппақ бетін тосатын. Рысқұлов осы үлбіреген, нұрланып тұратын бетті тұңғыш рет сүйердей ынтыға, құшырлана өбетін.

– Жоқ, Наташа, қызметте бәрі жақсы. Тек ойымнан Артур шықпай қойды. Бейшара бала шыннан өліп қалды ма? Әйтпесе бір хабары шығатын уақыт болды ғой.

Наташа көзін мұң шалып барып, күрсініп салды.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий