Knigionline.co » Казахские книги » Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап

Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза

Книга «Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

«Красная стрела» является третьей книгой романа Шерхана Муртазы.

Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги

– Жер мемлекет меншігіне өткізілген, Ташпулат қашқан. Басмашыларға қосылды деген сөз бар. Ал мұнда қазір жетім балалар пансионатын ұйымдастырғанбыз.

– Бәсе, балалардың шуылдаған даусы шығады. Бұлар кім деймін?

– Әзірше төрт жылдық мектебі бар.

Бұл екеуінің оңаша әңгімесіне араласпай, әдеп сақтаған көмекші жігіт аулақта, алма ағаштың біріне сүйеніп, жан-жағына қарап қойып, наганын тазалап отыр. Көмекші Ләзиз мына екі комиссардың қауіпсіздігіне жауапкер.

Қос комиссар бауды аралап жүріп, енді жан-жағы тұйық, биік шарбақпен қоршалған үлкен үйге бет алғанын көріп, Ләзиз де орнынан қозғалып, наганын жамбас қабына сала-мала комиссарлардың сыртын орай жүрді.

Ташпулат байдың ұдайы жабық тұратын еңселі көк дарбазасы бұл жолы айқара ашулы екен. Көк дарбаза Рысқұловқа әбден таныс. Осы биік қақпаның ар жағында бұрын басқаша тіршілік бар болатын. Ташпулат байдың шаңырағы шайқалмастай, тұғыртасы мызғымастай еді. Еменнен соққан көк дарбазаның ар жағына нәубет атаулы өте алмастай бекем еді-ау.

Бұл да бір орта ғасырдағы Еуропа байларының бекінісіндей жан-жағы қымтаулы, жау ала алмас қамал сияқты еді. Үлкен үй мен әуліжайдың тұрған жері дөңес те, жан-жағы еңіс келеді. Түстік жақ іргесінен Шыршықтың суы Сырдарияға барып қосылуға аптығып, алқынып ағып жатады. Шыршықбасы асқар-асқартаулардан шығады. Талас Алатау, Өгемге айналып, Алайға қарай бұрылған, қысы-жазы жасыл жәннат болып жататын жадыра дүниеден бастау алады. Ташпулат үйі тұрған дөңестен, әсіресе таң мезгілінде Алатау, Алай шыңдары алмас таждың тасындай жарқырап көрініп тұрады.

Сол заңғар таулар қанша тұрса, Ташпулат әулеті де дауыл шайқамай сонша тұратындай көрінер еді-ау.

Енді қазір Ташпулат бай сол таулардың қия-қия тастарын тасалап, бандыларға қосылып, қанжарын қайрап жүр.

Қанжарды ол қолынан келсе, алдымен Рысқұловқа қадар еді. Дүние халі сан қилы. Кім ойлаған? Ташпулат байға уақытша жалға тұрып, бау-бақшасын күтіп жүрген кешегі жарлы студент күндердің күнінде Түркістан басшыларының бірі болып, байлардың жерін экспроприациялау декретіне қол қоятынын Ташпулат қажы қайдан білген.

1915 жылы көктемде Ташпулат байға келіп жалданған екі студент еді. Бірі – қазақ Тұрар Рысқұлов, бірі – өзбек Ләзиз Османов.

Енді екеуі де қожасыз үйдің әулісінде алшаң-алшаң басады. Қастарында Мәскеуден келген төтенше комиссар және бар.

Рысқұлов Кобозевті ұмытып кеткендей өзгеріп сала берді. Комиссарды қарсы алуға аулада тізіліп сапқа тұрған екі жүз баланың ішінен әлдекімді іздегендей әрқайсысының бетіне үңіле қарап келеді. Балаларға кілең көкала жағалы матроска кигізіп қойыпты. Бәрінің шашы тықыр, шетінен күзеп тастапты. Сондықтан болар, бәрі бір қалыптан шыққандай бір-біріне ұқсас.

Пансионаттың бастығы мен тәрбиешілер асып-сасып, кейбіреулерінің жылтыраған мұрындарын өз орамалдарымен сүртіп, жағаларын түзеп, көйлектерінің салбыраған етектерін шалбарландырып-ақ безілдеп жүр. Шалбар деген дөрекі қара сукнодан тігілген екен. Түйенің көн терісіндей қап-қалың. Кейбіреуінің мықынына шақ емес, сыпырылып түсейін деп тұр. Оны бала байғұс ышқырынан ұстап алып, көтеріп тұр.

Рысқұлов бірінші шәкірттің басынан сипай бергенде, бала кірпінің тікенегіндей тікірейген тықыр шаш алақанын тыз еткізді. Ащы тызыл емес, ауыртпайтын, жүрегіңді шым еткізетін мейірлі тызыл. Жоғалып кеткен Артурдың басын сипап тұрғандай көрінеді.

– Қайдан келдің? – деп сұрайды Рысқұлов балаға еңкейіп.

– Арыстан, – дейді бала.

– Сен қайдан келдің, айналайын?

– Ақмешіттен.

– Сен ше?

– Наманганнан.

– Сен?

– Жызақтан.

– Сен?

– Шымбайдан.

– Сен?

– Шаржаудан.

– Сен?

– Әулиеатадан.

Рысқұлов оның бетіне қарайды да, келесі балаға бұрылады. Қайырыла беріп:

– Артур деген баланы білмейсің бе? – дейді.

– Жоқ, – деп бала басын шайқайды.

– Сен?

– Пішпектен.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий