Knigionline.co » Казахские книги » Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап

Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза

Книга «Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

«Красная стрела» является третьей книгой романа Шерхана Муртазы.

Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги

– Былай болсын, – деді Кобозев тұжырымдай сөйлеп. – Біріншіден, әуліжайға мұқият тексеру жүргізіп, қарауыл қою керек. Екіншіден, Тұрар Рысқұлович, сіз бен бізге Ташкентте отыра беру жарамас. Бұларға қарсы жорық болсын. Отряд жасақтаңыз. Жақсы командир табыңыз. Кешікпей жолға шығайық. ТүркЦИК басшысымен мен өзім келісемін.

VIII

– Теңбіл торғай, мен шаршадым, – деді бала жыларман болып, аузы кемсеңдеп. Түйежапырақтың түбіртегіне сүрініп кетіп, етпетінен құлады. Құлаған қалпы қайта көтерілуге әрекет қылмай, екі қолы жайылған күйі, жапырақтарды қармап жатты да қалды. Мұрнына түйежапырақтың ашқылтым иісі келді. Алаулаған алақандары жердің сызынан рақат тапқандай былдырап қалды.

Шаршаудан гөрі, аштық жаман. Бала түйежапырақтың туырлықтай шетінен жұлып алып аузына салды. Артынша түкіріп тастады: кермек дәм аузын ашутастай қуырып жіберді.

Теңбіл торай шыр-шыр етіп, шолпанкебіс гүлдің басына барып қонды. Қанатын қобыратып, мамығын дүрдитіп, сілкініп-сілкініп қойды. Жан-жағына қарап, жан-жаққа жар салғысы келгендей, аянышты, жалынышты жіңішке үнмен ұзақ шырылдады. Құр шырыл емес, бір сәтте мың құбылған хор қызының үні сияқты еді.

Қауырсыны сәл құлпырған: сары, қызыл, жасыл, көк түсті мамығы кемпірқосақтан жаралған теңбіл торғай:

– Ей, тыңдаңдар, мұнда аш бала жатыр! Бір үзім нан беріңдер, бір жұтым айран беріңдер! Келіңдер! Келіңдер! – деп зар қақты.

Оның тілін түсінген ешкім жоқ. Әрі десе, бала да адамдармен ұшырасқысы келмейді. Аулақ жүреді. Ұстап алып, қайтадан детдомға алып кетеді деп қорқады.

Ал мұның жұмысы қатты. Ол шешесін табуы керек. Жер бетінде не көп – адам көп екен. Ал оған ардақтысы жалғыз-ақ адам. Ол – анасы еді. Мына Теңбіл торғайды оған Құдай жолықтырды. Осыдан айырылып қалмай, шешесін табу керек. Детдом шешесін тауып бере алмас.

Төменде шу-шу еткен дыбыс естіледі. Бала басын көтеріп, сол жаққа қарады. Өзеннің ар жағында жан-жағы биік дуалмен қоршалған көк шатырлы дәу үй тұр. Айналасы бұйра жасыл бау-бақша. Аула ішінде балалар шулайды. Бірін-бірі қуалап ойнайды. Қағаз ашылған кезде топырақ бұрқ ете қалады. Бір-біріне топырақ шашып ойнағандарына қарағанда, қарыны тоқ болмаса да, аш болмау керек.

Бала түйежапырақтан бойы сәл-сәл ғана көрініп тұрып, дәу үйге тесіле қарады. Барғысы келді. Барса қумасын біледі. Бірақ қақпанға түсетінін де біледі. Оның үстіне, Теңбіл торғай шолпанкебіс гүлінің үстінде шоқиып отырып алғанын қойып, гүлден сәл көтеріліп, қанатын дірілдетіп, шыр-шыр етіп тұрды да қойды. Бұл «жүр» дегені. Теңбіл торғайдың бұл тіліне бала түсінген. Дәу үйге ақтық рет бір қарады да, бір басып, екі басып Теңбіл торғайдың соңынан ере берді.

Шолпанкебістің қуысқұлақ гүлдері алтындай сап-сары еді. Бала үзіп алып аузына салғысы келді. Мүмкін, жеуге жарар деді. Теңбіл торғай шар-шар ете қалды. Бала сескеніп, гүлден қолын тартып алды.

Бала бұл гүлдің шолпанкебіс деп аталатынын, оның қызық та қайғылы хикаясы барын білмеуші еді. Шешесін тапса, айтып берер еді, шешесі білмесе, әкесі білер еді. Шешесі айтқан әкең жақсы кісі деп. Оның білмейтіні жоқ деп. Шешесінің айтуынша, әкесі Итжеккенді де көрген.

Шешесі баланың әкесін көп іздеді. Ақыры тауыпты. Енді ол екеуін бала іздеп табуы керек. Баланың бағы бар екен. Теңбіл торғай жолықты. Теңбіл торғайды әкесі мен шешесі жұмсап жіберген болуы керек: бар, Арманды тауып ертіп кел деп. Әуелі оны Рысқұловтың үйінен ертіп шыққан да осы Теңбіл торғай. Теңбіл торғай әкесі мен шешесінің асыранды құсы болу керек. Басқа еш жерде, ешкімде мұндай құс жоқ.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий