Knigionline.co » Казахские книги » Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап

Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза

Книга «Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

«Красная стрела» является третьей книгой романа Шерхана Муртазы.

Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги

Баланың әуелі байқағаны жаңғақ ағашы еді. Жалпақ-жалпақ жапырақтардың арасынан көп түйнектер төніп тұр. Қол созып, біреуін жұлып алып, аузына салып, азуға басып еді: ап-ащы болып шықты. Түкіріп тастап, жан-жағына қарады. Айнала жайылып-жайылып кеткен жаңғақ ағаштары. Рысқұловтың айтқанындай бар екен: жан-жағы асқар тау, айнала тырбық аршалар мен тарбиған жаңғақ ағаштары. Баяғы шолпанкебіс гүлі, баяғы Теңбіл торғай баланың тірілгенін көріп, кішкентай күміс көмейінде хрусталь шарик құбылжып ойнағандай құйқылжыта шырқап-шырқап жіберді.

Бала бір-бір басып, қылдырықтай мойнын созып, Рысқұлов айтқан күркені іздеді.

Шатқалды өрлеп сәл жүрген соң, дәу шынардың түбінен аузы үңірейген күрке көрінді. Бала қуанып кетті. Рысқұлов алдамаған екен. Бір мезгіл бала өкінді де: көкемді ертіп келмегенім-ай деді. Бірақ көкесі мұнда келуге асықпады ғой: әлі қартаямыз, сақал-шашымыз ағарады, содан соң барамыз деді ғой. Демек оның Рысқұл мен Ізбайшаны сағынбағаны да.

Ал бала шыдамады. Баланың ағара қоятын әлі сақалы да шыққан жоқ қой. Сонша ұзақ күтуге тағаты жетпеді. Күркеге жақындаған сайын тұла бойы бір қызып, бір суыды. Апасы қазір мұны көріп, бас салып құшақтап: «айналайын, Арманым!» – деп айқайлап жылап жіберер ме екен? Кешегі бір адыра қалған аштықта сенен мен сорлы адасып, қалдым-ау, – деп аңырап жіберер ме екен? Әкесі мұны көргенде қайтер екен? Таныр ма екен? «О, менің Арманым, жігіт болып қалған екенсің ғой!»–деп қорбаңдап қалар ма екен? Шешесінің айтуы бойынша, Рысқұл әкесі аюдай күшті, қабыландай қаһарлы, жолбарыстай көз ілеспес жылдам. Мұны жерден шүйке жүндей көтеріп алып, бауырына басар ма екен? Қаулап өскен сақал-мұрты тамағын қытықтаса қайтер екен?

Бала да болса, дүмбіл миы қара құмандағы қара судай сақыр-сұқыр қайнап, сан түрлі ой-жорамал жетектеген бала қара күркенің үңірейген қараңғы есігінен баспалап ішке үнілді.

Күркенің іші тұңғиық аспан қуысындай түпсіз болып көрінді. Әуелі баланың көзі үйренбеді. Бірте-бірте қараң-құраң әлденелер белгі берді. Көкірегінің кірін аршыған арша иісінен кейін, күркенің ішінен қолқаны атып, құсық шақырған сасық иіс мүңкіп қоя берді. Бала сескеніп қалды. Әке-шешесін әлдекімдер өлтіріп кетіп, солар жидіп жатқандай көрінді. Бала аштан өліп, жидіп жатқандарды Әулиеатадан, Шымкенттен, Ташкенттен де көрген. Адамдардың аштан қалай өлетінін бала біледі. Біледі.

Қолымен төңіректі сипалап көріп еді, былқ еткен әлденеге тиді. Керме ағашқа іліп қойған ет сияқты. Майы тамшылап тұр. Иіс соныкі болды. Бала үрейден қайтты.

Әлсін-әлсін айнала алакөбеңденіп, күркенің іші көмескі де болса көріне бастады. Тар қуыстың екі іргесінде екі бөстек жатыр екен. Біреуі әкемдікі, біреуі шешемдікі деп шамалады бала. Біреуі арқардың, біреуі әлде аюдың, әлде қабанның терісі сияқты. Бала ол аңдарды жыға танымағандықтан, анықтап ажырата алмады. Бірақ бұл құжырада екі адам тұратынына көзі жетті.

Босаға жақта сырты күйе-күйе ыдыс тұр екен. Ішіне қол салып еді, қолтоқпақтай жілік ілінді. Бала қарны уілдеп тұрғанын сонда сезіп, жілікті аузына қалай апарғанын білмей де қалды.

Бала өзінің шықшытының дыбысынан шошып, ет шайнағанын қоя қойып, әлгі дыбысқа құлақ түрді. Ештеңе естілмеді. Тек шатқалдан алқынып аққан тау суының гүрілі ғана жаңғырып жатты.

Сыртына күйеден қалың қаспақ тұрған ыдыстағы етті едеуір еңсерген соң, барып баланың есіне әке-шешесі қайтадан оралды. «Бұлар қайда жүр екен?» – деп уайымдады. Көптен бері шөптен басқа тамағы болмаған баланың буын-буыны былбырай бастады. Етке тойып, еңсесін көтере алмай, арқар бөстекке қисая кетті. Көзі қонақтап отырған бала қораздың көзіндей кілегейленіп ұйықтап бара жатып, төбеде ілулі тұрған бір десте шайшөпті көрді. Әке-шешесі шайшөп қайнатып ішеді екен ғой. Көзі ілініп бара жатып байқады: күркенің бір қанаты ағаш бағанадан екен де, бір жағы тұтас жартас екен. Сыртын аршаның бұтағымен қымтапты. Майы тамшылаған жаюлы еттің мүңкіс иісі болмаса бұл шайла – нағыз жұмақта тұратындардың мекені сияқты.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий