Knigionline.co » Казахские книги » Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап

Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза

Книга «Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

«Красная стрела» является третьей книгой романа Шерхана Муртазы.

Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги

Кең бидайыққа малтыққан бала тез шаршады. Сонда да кеудесін алға сүйреп, екі қолымен шалғынды ескекше есіп, бір аттап, екі аттап ілгері ұмтылды. Кең бидайық баланы қанша әлсіреткенімен, жұпар иісі уыз ауасын аямай, күш-қуат беріп тұрғандай. Кең бидайықтың жыныс тоғайын топандата атырылып балалы елік алдынан тұра қашты. Бала қорқып қалды. Бірақ аңның өзінен сескеніп зытқанын көріп, қайтадан қайраттанды. Еліктің лағы, нәрестемісің деген, құлағын селтитіп тұрып, балаға жәудірей қарады. Енесі тұяғын тарпып ашуланғанда ғана селк етіп, ыршып түсіп, артына қарай-қарай зымырады.

Лағын ерткен елікті көріп, бала шешесін сабырсыз сағынғанда:

– Апа! – деп айқайлап жіберді. Бала тағы да айқайлайын деп еді, бидайықтың арасынан аулақта тасырлата шауып бара жатқан аттыларды көріп, үнін өшіре қойды. Аттылар да ақ бас шыңдарға қарай шоқытып өтті. Иықтарына асынған мылтықтары көпке дейін шошаң-шошаң етті.

* * *

Баланың кішкентай жүрегі дірілдеп кетті. Мына мылтық асынғандар оның әке-шешесін ұстамаққа бара жатқандай көрінеді. Пәленің бетін қайтарып, әке-шешесіне тезірек хабар бермек үшін бала барын салып, жасыл дарияға малтып келе жатты.

Баланың кенет жан сала жүргеніне Теңбіл торғай таңғалғандай болып, әрі шошынып, баланы сақтандырмаққа әрекеттеніп, алдынан ары-бері ұшып шыр-шыр етті.

– Тоқта, жайырақ жүр, жайырақ жүр.

Бірақ бала түсінбеді.

Адам баласы аң-құстың тілін түсінсе, дүние дидары әлдеқайда ажарлана түсер еді. Адамның тілін адам түсініп болмаған бұл ғаламның қасіретіне қарай, адамды аң мен құстың тілін білуге жазбаған.

Аяғының астынан «пырр» етіп бөдене ұша жөнелгенде ғана бала қалшиып, өкпесі көріктей көтеріліп-басылып, алқынып тұрып қалды. Бөдене зар жылап барып, таяқ тастам жердегі бетегеге жасырынды. Ұя басып жатқан бөдене екен, бала бармақ басындай сепкіл жұмыртқаларды жып-жылы күйінде алақанына салып тұрып, шекесінен шертіп-шертіп, шетінен сіміріп шықты.

Бөдененің келте қанаты енді балаға біткендей, тағы да ұша жөнелді. Ақыры, өкпесі өшіп, мұрнынан қан кетіп, көзі қарауытып барып, көгілжім коңыраугүлді шеңгелдей етпетінен құлап түсті.

Теңбіл торғай ары шырылдады, бері шырылдады. Шолпанкебіс гүліне қонып алып, көкпеңбек аспанға қарап шырылдады.

Көгілдір аспан жүзімен ұлпа бұлттар сырғанап бара жатты. Теңбіл торғайдың зарына олар қарайлаған жоқ. Көгілдір аспан қарауытып, алқаракөк тартты. Жасқаншақтап, жылт-жылт етіп жұлдыздар шықты. Жұлдыздар бірте-бірте батылданып, жамырай жарқырады.

Бірақ олардың арасында Теңбіл торғай іздеп шақырған жұлдыз әлі жоқ еді. Шолпан жұлдыз таң алдында ғана оянады.

Теңбіл торғай Шолпан оянғанша шырылдады. Теңбілдің тілін Шолпан түсінсе керек, кебісін алуға рұқсат етсе керек. Кенет Теңбіл торғай қонып отырған шолпанкебіс гүлі иіліп барып, құлап жатқан баланы көтеріп алып, ұша жөнелді.

Баланы сәске түстің күн сәулесі қытықтап оятты. Қалың жапырақтардың саңылауларынан сығалаған алтын сәуле баланың көзіне шағылысып, әуелі қайда жатқанын бағдарлай алмай, аңырып, алақанымен көзін басты. Көз қарықтырған алтын сәуле Ізбайша апасының күлкісінен шашырап тұрғандай көрінеді. Ізбайша апасы көп күле бермеуші еді, көп күлетін жағдай да жоқ еді. Ал әлдеқалай бір бақытты сәт шалықтап өтіп, күле қалған шақта, оның күлкісінен маржан шашырағандай болатын.

Бала: «апам келіп тұрған жоқ па» деп жүрегі тулап түсті. Алақаны арасынан абайлап қарап еді: күннің алтын жіптей жіңішке сәулелері жапырақтар арасынан шаншыла шашыраған екен. Күн сәулесі бұл шатқалға сәске түсте ғана түсер екен. Жан-жағы аспанға шаншылып тұрған найза шыңдар болатын. Баланың жатқан жерінен қарағанда аспанның аясы шап-шағын, туырлықтай ғана екен. Найза шыңдар уық сияқты да, аспан мақпал көк туырлықтай екен.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий