Knigionline.co » Казахские книги » Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап

Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза

Книга «Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

«Красная стрела» является третьей книгой романа Шерхана Муртазы.

Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги

«Түркістанның төрт бұрышынан түгел жиналған екен-ау. Тұтас Түркістан. Түркістанның болашағы – осылар».

Рысқұлов пансионат бастығына шұғыл бұрылып:

– Пансионатқа ат қойдыңыздар ма? – деді.

– Жоқ, жолдас Рысқұлов... – Күмілжіңкіреп тұрып. – Егер ЦИК қарсы болмаса, Сіз қарсы болмасаңыз, Рысқұлов атындағы пансионат деп атасақ... Өйткені бұл өзі тікелей Сіздің көмегіңізбен ұйымдасты ғой, – деп еді.

– Дұрыс, – деді Кобозев.

– Рақмет, Петр Алексеевич, – деді Рысқұлов. – Енді мені тыңдасаңыздар. Қараңыздаршы, – деп сапта тұрғандарды меңзеді. Үлкен кісілер сапты бастан-аяқ тағы сүзіп шықты. Кілең тұнжыр түстер, кілең ызғарлы көздер, мына дүние бұлар туа салысымен әлденелерін тартып алғандай, әлдекімде өштері кеткендей кіжінісі бар кейпі-келбеттерінде. – Көрдіңіздер ме, – деді Рысқұлов үлкендерге бұрылып,–Түркістан осы. Жаңа мен қайдан келдіңдер деп бекер сұраған жоқпын. Осында Түркістанның төрт көзі түгел: қазағы да бар, өзбегі де бар, қарақалпағы да бар, қырғызы мен түрікмені де бар, орысы да тұр, тәжік те тұр. Тағы кім бар?

– Татар да бар, – деді пансионат директоры.

– Иә, интернационалды біртұтас Түркістан деген осы. Сондықтан менің ұсынысым: пансионат атын «Жас Түркістан» деп қою керек.

«Бұл қалай?» – дегендей Рысқұлов жан-жағына қарады.

– Дұрыс!

– Дұрыс! – десті өзгелері.

– Балалар, бауырларым! – деді Рысқұлов енді назарын жеткіншектерге бұрып, – Сендер қабырғаларың қатпай жатып қарындарың ашты, ата-аналарың ашаршылыққа ұшырады. Оларды сендер ұмытпаңдар. Әрқайсыңның әкең болған, шешең болған. Ұмытпаңдар оларды! Аты-жөнін ұмытпаңдар. Тек өз әкеңнің атымен жазыл. Туған жеріңді, туған ауылыңды, қыстағыңды ұмытпа! Ал ендігі әке-шешең осы пансионат. Отаның да осы. Оның аты – «Жас Түркістан». Ұқтыңдар ма?

– Иә, иә!

– Да, да! – деп шырылдай шыққан дауыстар Шыршық бойынан шырқау биікке көтеріліп, лек-лек тасқындап барып басылды.

Кобозев пен Рысқұлов «Жас Түркістандықтармен» бірге түскі тамаққа отырды. Ташпулат бай үй-жайды молынан пішкен. Екі жүз бала әулісіне түгел сыйып кетеді. Бастырма астында ұзыннан-ұзақ соққан жабайы үстелі, байдың қуыс-қуыс, «ішкәрі, «тышқары» деп аталатын бұлым-бұлым бөлмелері де жетеді.

Бастырма астындағы ұзын үстел әрі тамақтанатын, әрі сабақтанатын сынып есепті.

Аспаз әйел мен оның көмекші балалары қалайы тостағандарға шелектен сорпа құя бастады. Әйел құрметті қонақтарға сорпа берер-бермесін білмей іркіліп еді, Рысқұлов:

– Бізге де, – деп тостаған тосты.

Сорпа дегені қара суға қайнатқан килька балық екен. Кесір болмасын, итке берсе ішкісіз.

Балалардың қалайы қасықтары сақыр-сұқыр, жарқ-жұрқ етіп, қалайы ыдыстағы қалайы түстес судан шынашақтай-шынашақтай балықтарды қайқаң-қайқаң суырып алып шығып жатты. Кейбір зымияндары, үлкендер қайтер екен деп, меймандар жаққа қарайды. Соны аңғарған Рысқұлов пен Кобозев бір-біріне қарап алып, таңдайларын тақылдата тамсанып қойып, әлгі «бал татыған балық сорпасын» сораптай соқты. Тұздалған ащы балықтың ауызды аяздай қарығанына қарамастан, жалап-жұқтап, тіпті тәрелкеде қалған жұғындыны басына көтере жұтып қойды.

Рысқұлов орамалмен аузы-басын сүртіп болып:

– Қалай, балақайлар, тойдыңдар ма? – деп қалды.

Өздерімен бірге мәртебелі меймандардың дастарқандас болғанына риза болған кейбір естілері:

– Тойдық, тойдық, – деді. Көбі томсырайып қалды.

– Шыдаңдар, балақайлар. Аз күнде астық піседі. Ашынған қарын тойынар, ашылған етек жабылар, айналайындар, шыдаңдар. Оқуларыңды жақсы оқыңдар, – деп орнынан тұрды.

Былай шыға бере пансионат директорына Рысқұлов:

– Мәз емес екен, – деді.

Анау шарасыздық кейіп аңдатып, екі қолын жайды.

– Бары осы, жолдас Рысқұлов. Каспийдің килькасына да шүкіршілік деп отырмыз. Ағарту комиссариатының бергені сол.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий