Knigionline.co » Казахские книги » Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап

Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза

Книга «Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

«Красная стрела» является третьей книгой романа Шерхана Муртазы.

Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги

– Ал, кәне Омар аканың киігін қақтаңдар! – деп парман берді.

Сол – сол екен, жаланып тұрған жігіттер лезде қураған киік-отынан тамызық тұтатып, қу аршаның түбіртегін лаулатып, киіктің өзегінен зомбы-таяқ өткізіп, ашамайға тіреп, әтір түтінді алауға әуелі жүнін үйтіп, қанжармен күйген жүннің қағын бір қырып тастап, бүтіндей қақтай бастады.

Жан-жағы жасыл мүк, қызыл қына жамылған жарлауыт тас зүмірет кілем төселген алаңқай, тастан-тасқа кеудесін соққан асау өзен, аласа арша мен биік шынар айқаса ескен ұры шатқал. Ұрыннан жау түсе алмас, ұлы қамал.

Ташпулат сонда да сақтықта қорлық жоқ деп, адыраң нөкерлерін нықырып тастады:

– Отты лапылдатып, жалпылдақ қурай жақпа, аршаның бұтағын жақ, ақымақ!

Аршаның түтіні ауа түстес мөлдір болады. Анша-мұншадан көзге көрінбейді, жау сезбейді. Ташпулат соны айтып тұр.

Обалы не керек, киіктің еті патшалардың дастарқанына ұялмай қоярлықтай, өте дәмді пісірілді. Басқасы – басқа, тамақ дайындауға келгенде бұл ағайындар алдына жан салмас еді.

– Малды қазақ бақсын, жеуін өзбек жесін, – деген мәтелде шындық та, зіл де жатыр.

– А, Омар ака, бізге өстіп ылғи елік атып беріп тұрсаң, біз осылай пісіреміз, – деп ақсиды аузы-басы күйе-күйе болған нөкерлер.

– Қарауылдарға да қалдырыңдар-ей, – деп кейіді Ташпулат құнан киіктің мына жалмауыздардың жұғынына жұқ болмай бара жатқанын жақтырмай.

Ташпулат бұл араны ашылған алба-жұлба тобырды жек көреді, өйткені сенбейді. Жалпы, Ергештің тірлік-әрекетіне де сенбейді. Өйткені бүгін бе, ертең бе, әйтеуір бұл тобыр тоз-тоз болып, ескірген боз көйлектей ыдырап жөнеледі. Мұны Ташпулат біледі. Ағылшын қанша қаруландырғанмен, осы тобыр Кеңес өкіметін құлатады деген уағыз Ташпулаттың кәртәміш көкірегіне қонбайды.

Бұларды асыраудың өзі бір қасірет. Бұлар өзі аштықтан қашып келді, ал бұл жерде тағы ашықса, «атасына нәлет Ергеш пен Ташпулаттың», – деп тайып отырады. Жөнімен кетсе – құлдық, өлтіріп кетпесе де, сондықтан бұлардың тамағын тығындау үшін төңіректегі қышлақтарға түсіп, жазықсыз, бейбіт елді тонау керек. Бір тонарсың, екі тонарсың, сонан соң өзің тоналарсың.

Мұны Ташпулаттың зымиян ойы біледі...

Сондықтан ертелетіп, бұл түлен түрткен Түркістаннан тайған лазым, ол үшін кәрі жаңғақтың түбінде жатқан қойтасқа бір жету арман. Және жедел, өйткені әне-міне Ергештен жаушы жетіп, тағы да бір қанды жорыққа аттандырар.

Ташпулат бай ішінің жыланы сәл де болса тыншыған жасағының әрқайсысына әр түрлі парман беріп, жан-жаққа жұмсады да, Дәу Омармен оңаша қалды.

– Ал, Омар ака, – деді ол бұлталақтатпай, төтесіне көшіп, – сенің адалдығыңа бір сын. Бүгін түнде екеуміз сапарға аттанамыз. Мына екі бала менің жігіттерімнің қолында қалады. Егер айтқанымды орындасаң: кімсің – Омар боласың, ал бөтен ниет танытсаң, өз балаңды анау шынардың анау қисық бұтағына асып өлтіреді. Түсіндің бе?

– Түсіндім, Ташеке, – деп жалпаңдады Омар түк түсінбесе де жапалақ көзінің сабаудай кірпігі жалп-жалп етіп.

* * *

Қызыл күрең қына басқан тарғыл тастан маржан шашып, сарқырап аққан күміс су бала көңілін аударып әкетті де, алба-жұлба тобырдың тіршілігіне қызықпай, биік-биік, сандық-сандық тастарға зарыға қарап отырып қалған. Киіктің құйқасынан оған бір жапырақ тиген. Аштыққа көндіккен көңіл, азды қанағат тұтып, қайтып көзін телміртпеген. Оның задалығын Ташпулат байқамай қалған жоқ. «Бұл күшіктің атасы да осындай, ұсақ-түйектен биік тұратын сырбаз, көзін сатпайтын. Мынасы біздің бәрімізді адам деп отырған жоқ. Ойлағаны мүлде басқа нәрсе».

Сұңғыла Ташпулат баланың көкейін дүрбімен көргендей танып қойған. Баланың жан дүниесі жылап отырғаны рас еді. Ол Теңбіл торғайды сағынды. Бірақ Теңбіл торғай көрген түс сияқты зым-зия. Әлде Дәу Омардан шошыды, әлде мына қанжар қайрап, мылтық тазалаған алабажақ тобырдан үрікті, әйтеуір жоқ.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий