Knigionline.co » Казахские книги » Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап

Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза

Книга «Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

«Красная стрела» является третьей книгой романа Шерхана Муртазы.

Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги

Ал егер жазатайым қолға түссе, басқа емес, анау жерде отырған Рысқұловтың туысқаны. Туысқаны басмашылардың қатарында жүр екен деген Рысқұловқа жақсы атақ емес. Ташпулат үшін бұл «дұшпаннан түк тартсаң да пайдамен» бірдей. Көмір күйдіреді, күйдірмесе қаралайды. Ал дұшпанның беделіне дақ түсіру – аз шаруа емес. Басмашылардың қосында Рысқұловтың екі бірдей інісі жатыр, о да нәпаха. Жауға қарсы әрекеттің арамы жоқ.

Әлбетте, ең абзалы – кәрі жаңғақ түбіндегі қазынаны аман-есен алып қайту ғой. Ондай атты күн туса, Ташпулат Рысқұловыңа да, Ергешіңе де пысқырмайды. Одан соң не Бұхар әмірінің қанатының астында болады, не Ауған асады. Асылы, Ауған асқан. Өйткені Бұхардың өзі өзгеріп кетпесіне бұ заманда кепіл жоқ. Әмір Сейдәлімханның өзі осы күнде екі шоқып, бір қарап отыр.

«Ташпулат бай, жай солай, – деді өзіне-өзі. – Құдайым осыдан жол бергей. Ендігі бір үміт осы Түлкібас қазағында».

Кәрі жаңғақ ағашқа өзі барар еді, қақпаннан қорқады. Большевиктердің қандай тор құрып қойғанын қайдан білесің?

Ташпулат соңғы сәтте Дәу Омарды өз туған бауырындай арқасынан қағып:

– Ал, Омар ака, Алла жолыңды берсін. Осыдан олжалы қайтсаң, өле-өлгенше қолыңды алтынға малып өтесің, – деді.

Омардың кәрі жүрегі аттай тулады. Не қорқыныш, не қуаныш екенін түсініп жатпады. Қопалақтап барып, Шыршықтың салқын суына қолқ етіп түсті де кетті. «Я су перісі Сүлеймен, қолдай гөр»,–деді, су белуарына келіп, дәу денесін итеріп-итеріп тәлтіректетіп жібергенде екі қолы ербеңдеп барып, етпетінен құлай да жаздады. Күрекпен су түбін тіреп, әрең қалды.

Әлгіде түйдектеле бастаған тұнжыр бұлт қайтадан ыдырап кетті. Бірақ жартыкеш ай батыпты. Адамдардың түнде де қырқысқан, қу дүние үшін алысып-жұлысқан тынымсыз тіршілігін көрмей-ақ қояйын деген шығар, ай батыпты.

Жұлдыздар бұлттан аршылып, айсыз түнде жандана түскен екен. Қылкөпірдің үстінде тұрып, Ташпулат бозбала кезі бір шалықтап өткенін өзі де білмей қалды. Мына нау шынар сол бозбала кезінде бар еді, жарықтық. Ташпулат ол кезде адалырақ еді, қызды ойлайтын, жас бозымның қызық дәуренін ойлайтын. Осы ну шынар түбінде кездесуге уәде байласып, түн ұйқыны қиып, қыз күтетін.

Ай болмаса жұлдыздар бар,

Келгін, еркем, келмей қалма,

деп ыңылдап тұратын.

Қазір ай батып, жұлдыздар жамырай түскен сәтте жігіт кезі оның әлі бұзылмаған шағын еске түсіргісі келгендей, бір жарқ етіп өткенде, Ташпулат өткенді аңсап, өзегі өртенбеді. Ал енді зарыға күткені қыз емес, Дәу Омардың оралуы еді. Дәу Омар темір қобдишаны әрең көтеріп, мықшыңдап келе жатқанын бір көрсе, дүниеде одан артық қызық болмас еді. Қылықты қыз орнына омырайған дәу шалды күткен түн. Дәу Омар олжалы оралса, Ташпулат небір сұлулардың құшағына әлі де жатпақ. Бірақ сол алдан алдамшы көрінген бар жұмағы баяғы-баяғы түнде қыз күткен шақтың бір сәтіне татыр ма?

* * *

– Шыныңды айт, кім жіберді?

– Өзім, өзім, садағаң болайын.

– Өзің болсаң, мұнда не іздеп жүрсің?

– Адасып кеттім, садағаң болайын.

– Адассаң шарбақтан асып түсіп нең бар? Қолындағы күрегің не? Мына алтыатар кімдікі?

– Жалғыз-жарым адам осы заманда қарусыз жүріп бола ма? Өз қаруым, садағаң болайын.

– Қайдан келдің, шыныңды айт?!

– Елден келемін, айналайын, елден. Арызданып, өкіметке келемін.

– Елің қайда? Қай өкіметке барасың?

– Елім – Түлкібас.

Өкіметтен Рысқұловтан басқа ешкімді білмейтін пақыр қатты састы. Аузына сөз түспей тұтығып қалды. Жөтеле берді, көк жөтел қысқандай өңеші үзілгенше жөтелді. Өтірік жөтел жөнді шықпады. Жеңімен көзін сүрткен болды.

Шошақ бөрікті, мұртты солдат шегініп барып, мылтық кезенді.

– Айт шыныңды! Санаймын. Үшке дейін. Бір!

Дәу Омар гүрс етіп жерге құлап кетті. Маңдайын тақтайға тарс еткізіп соғып алды. Ол еденді тақтайлап тастағанды көргені осы.

– Екі!

Дәу Омар қалш-қалш етіп, еңбектеп солдатқа қарай жүрді. Солдат кейін шегінді. Бесатардың оқпанын сақыр-сұқыр қайырды.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий