Knigionline.co » Казахские книги » Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап

Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза

Книга «Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

«Красная стрела» является третьей книгой романа Шерхана Муртазы.

Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги

Дәу Омар жан алқымға келгенде:

– Рысқұлов, – деді үні қырылдап.

– Не Рысқұлов? Не деп тұрсың өзің?

– Рысқұловқа барамын. Ол менің туысқаным.

Солдат мылтығын тартып алды. Дүмін жерге қойды.

Дәу Омар бір қатерден қалғанына тәуба деді. Құдайға жалынып еді, болмады. Рысқұловты атап шатасқанын сезеді, бірақ атылмасына көзі жетті. Енді осы бетінен қайтпауға бекінді. Ертең бұл әңгіме Рысқұловқа жетер, бәлкім бетпе-бет жүздесер. Жүзі күйер. Бірақ түбі бірге туған ғой. Жамандыққа қимас. Әттең, бала қалды жау қолында, әсіресе Рысқұловтың інісі қалды. Соны білсе, Рысқұлов мұны аяр ма екен? Онда бір себеп табар, әзір аман қалғаны олжа.

Шошақ бөрікті әскер қарауында қалған басқа әскерді дауыстап шақырды. Анау келді.

– Рысқұловтың туысқанымын дейді. Не істейміз?

– Мынау аламаншы ма? Оттапты! Рысқұловтың туысқаны осындай түнде кезген қарақшы болар ма еді? Әй басмашы, сен өйтіп біздің өкіметтің сыйлы басшысын былғама! Білдің бе? Әйтпесе жаңағы жаңғақ ағашына аяғыңнан ілініп қаласың! – деп ежірейді екінші шошақ бас.

Дәу Омар енді қайраттана бастады.

– Әй айналайын, мен өтірік айтсам, алып бар Рысқұловқа. Ал сонда өтірігім шықса, атып тастау қиын емес қой.

– Осының айтып тұрғанының жаны бар. Шынында да Ташкентке жөнелту керек. Біз ұстауын ұстадық, ар жағын өздері білсін.

Қызыләскерлер осылай келісті де, Омарды Ташкентке жөнелтті.

* * *

Дәу Омар ертеде Алматыны көрген. Мерке мен Әулиеата шаһарларын біраз аралаған. Ал Ташкентті көруі тұңғыш еді. Бұрынғы білген қалалары мұның қасында қыстақ сияқты екен. Ташкент туралы ел адамдарынан, жолаушылардан, саудагерлерден талай есітетін. Әттең, бір көрер ме еді деп те қоятын. Ташкентке барсаң алдыңа салып, ыңырантып мал айдап бар. Әне, сонда қадірлісің. Бірақ өмір-бақи Омардың есігінің алдына ең көбі бес ешкіден артық мал бітпей қойды. Соның өзін төлінен өсіріп көбейтейін-ақ дейді. Бірақ қысқа жіп күрмеуге келмейді. Қызылсырап құлқынын қаққан қатын-баланың тіленішті көздерін көргенде, Дәу Омар дәті шыдамай, ешкінің шырмайы барын бақыртып бауыздайды да тастайды. Сирек келетін сондай бір «ақ түйенің қарны жарылған» заманда қатын-баласының көздерінің жайнап шыға келетіні-ай. Дәу Омардың қол тоқпақтай жұдырығынан талай есі танып құлап, көзінің алды көгеріп, ұдайы кіртиіп жүретін қатыны байғұс, ешкі сойылғанда байының бар қорлығын ұмытып кетіп, қара табақты бауыздалған ешкінің тамағына тосып, бір тамшысын төкпей, қанын сарқып алып, дереу шыж-мыж пісіріп, көбелектей ұшып-қонар еді. Балалары дереу жалпылдақ отын жағып, қара ешкінің сирақтарына көсеу сұғып, көсеу жетпегені таяқ сұғып, жалынға үйіте бастайтын.

Соның үлкені, үміт артары Жорабай еді. Ташкенттің үйлеріне таңдана қарап келе жатқан Омар сүрініп кеп кетті. Өзегі үзіле жаздағандай болды. Соңында келе жатқан қызыләскер:

– Көзіңе қара! – деді.

Ташкент шаһарының қилы-қилы кепиетіне таңданып келе жатқанның өзінде, ойынан Жорабай кетпей, жолын кес-кестей берді.

Енді ол Рысқұловпен кездесер сәттің жағдайын жанталаса қаттады. «Ол былай дейді, мен былай деймін...» Ақыр соңында бір байламға келді: «Барлық болған жайды жасырмай айтамын. Жаңылдым, жаздым деймін. Өзімді өлтірсең – өлтір, Жорабайымды құтқар деймін. Жорабайға жаны ауырмаса да өзінің інісі үшін әскер шығартады».

Толып жатқан топандай ойдың ішінен тапқан бір түйір дәні осы болды. Осыны ұмытып қалмайын деп құранның сүресіндей жаттады. Жас кезінде молда «Мұқтасарды» қанша жаттатса да есінде қалмаған, тілі сынбаған, сонысынан қорқады.

«Алдына барғанда асып-сасып абдырап, аузыма сөз түспей қара баспасын», – деп өзін-өзі қайрады.

«Тұрарға тәуелді қылған Құдай!» – деді.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий