Knigionline.co » Казахские книги » Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап

Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза

Книга «Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

«Красная стрела» является третьей книгой романа Шерхана Муртазы.

Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги

Оңтүстіктегі хас сұлу Ферғананың ыстық лебі есіп тұрса да, шатқал іші бой шіміріктірер салқын еді. Тіпті жақындап-жақындап келгенмен, жұлдыздар да жылыта алмайды. Зорлықтан қарақшы болған қаңғыбастардың аттары пысқырынды. Жартас жақтан ұлар жылап, ұйықтамайды. Күндіз қалықтап жүрген қыран оның қосағын іліп әкеткен шығар. Алыста елік маңырайды, мүмкін күндіз Ташпулаттың нөкерлері қақтап жеген тау тағысының серігі шығар.

Әлемнің бүтіндігі сырттай ғана. Ал ішіне үңілсең, кілең кетіктен тұрады. Көңілі бүтін біреу жоқ. Бала әке-шешесін іздейді. Ташпулат айырылып қалған алтынын аңсайды; Жорабай жорыққа кеткен кәрі әкесін уайымдайды. Жұлдыз екеш жұлдыздың да көңілі кетік. Әйтпесе кебісін жерге түсіріп алған Таң-Шолпан таң алдында неге қалтырайды?

Бала салқын түнде жаурап жатыр. Жаурап жатып көрген түс өңіндегіден де мұңлы келеді. Апасы өзеннің арғы бетінде, бұл бергі бетінде. Апасы қоянның терісінен тіккен көкірекше ұсынады. Бала қолын созса – жетпейді. Әкесі сияқты оның да жолын сулар буған.

Сонда бала жұлдыздарға жалынады: көпір болыңдаршы! – дейді.

Жұлдыздарды адам тілін түсінуге жазбаған.

Шатқалда жұлдыздар жарқырап, тұрғанмен, жазыққа шыға, аспанды ала шарбы бұлт басты. Кетік ай мен жұлдыздар сол бұлттардың арасына сүңгіп кетіп, қайқаң етіп қайта шығып, жасырынбақ ойнап тұр.

Ташпулат ай қараңғы болса екен деп тіледі. Дүниенің түкпір-түкпірін жарық қылуға жарайтын қазынаны алып қайтуға аттанып бара жатқан Ташпулат Құдайдан осы түнге қараңғылық қалап еді. Іштей жылап айтқан мінәжаты Құдайдың құлағына шалынғандай, шарбы бұлт бірте-бірте түнеріп, түйдектеле бастады. Кетік ай дүлей түйдектен көрінбей қалды. Кетік ай сонда жер астында, қараңғыда жатқан алтынды тағы да еске салды. Бұлттың қоюланғанын Ташпулат жақсылыққа жорыған.

Соңына ерген бес-алты нөкерлерден оқшауланып, алға желдірте түскен Ташпулат Дәу Омарға жол-жөнекей кәрі жаңғақ ағаштың соқпағын қайта-қайта тәптіштеп айтып келе жатты. Сансыз ежіктен мезі болған Омар өзінің тәуелді пенде екенін бір замат ұмытып кетіп, Ташпулатқа ожырая қарап:

– Е, ұқтым ғой енді! – деп атының басын кегжең еткізіп, тізгінді тартып қалғанда, тақымындағы қайраулы күрек күңгірт сәуле тартып жарқ етті.

– Саған мылтық жарамайды. Ыңғайсыз. Бір қолыңда күрек, бір қолыңда мылтық, бұл болмайды. Мына наганды аласың. Бұрын ұстап көріп пе ең?

Наганды Дәу Омар баяғыда, Талғарда приставтың қолынан талай көрген.

– Алтыатар, – деді Ташпулат. – Өте бір қатерлі жайт болмаса, дыбысын шығарма.

– Мақұл, иә! – деді Дәу Омар аңшы мылтықтың балапанындай ғана тұқыл тапаншаны қойнына мұп-мұздай қылып тығып жатып. Қойнына жылан кіріп кеткендей тұла бойы тітіркенді. Өзінен өзі атылып, қарнын ақтарып тастайтындай көрінді. Желе жортқан аттың басын тартқыштай берді. Аттың текірегінен наган атылып кетер ме екен деген қаупі бар.

Ташпулат керісінше «тезірек»,–деп астындағы торы қасқаға қамшы басты.

Түн ортадан ауа бұлар Шыршық бойындағы дәу шынарға да жеткен еді.

Ар жақтан қарауытып «Жас Түркістан» үйі көрінеді. «Жас Түркістанның» тұрғындары балбырап ұйықтап жатқан кез екен, қыбыр еткен тіршілік білінбейді.

«Атаңа нәлеттер, – деді Ташпулат ішінен. – «Жас Түркістан» деп қойыпты. Әлі «Ұлы Түркістанды» көрерсің. Замана кезек. Мен қайта оралармын әлі».

Бірақ қалай оралатыны бұлдыр.

Бұл сапарға Ташпулат Дәу Омарды әдейі таңдап алды. Омар оған залым емес сияқты көрінді. Шын жапа шеккен, өзін қорғауға дәрменсіз, қулық-сұмдығы жоқ, жақсылап ас берсең, дастарқаныңды аттап кетпей, адал қызмет ететіні аузын ашқаннан аңқылдап көрініп тұр. Омар – арқасынан қағып тамақ бергеннің құлы. Ол кәрі жаңғақ ағаштың түбіндегі байлықты алып қашып кетер емес.

Алып қаша алмайды, өйткені тұтқында баласы отыр. Өз баласын өзі оққа байламас. Табиғи қазақ ондай озбырлыққа бармайды.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий