Knigionline.co » Казахские книги » Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап

Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза

Книга «Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

«Красная стрела» является третьей книгой романа Шерхана Муртазы.

Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги

– Келе сала жаман хабармен қарсы алуды жөн көрмедім. Әлі де кеш емес. Ол суайт Ташкентке жетіп, ол жақтан қол жеткенше әлі бір палау пісіріп жеуге болады, саспаңыз, жоғары мәртебелі Ергеш мырза, – деп, Ташпулат өзінің ағаттық жасап алғанын жуып-шаймақ болды.

Дегенмен дегбір кетті. Қырық құрау құранды қол жолға жинала бастады.

– Мыналарың кім? – деп состиды Ергеш қол-аяғы байлаулы Жорабай мен кішкене жүдеу баланы байқап қалып.

Ташпулат бұлтара алмай шынын айтты:

– Мына үлкені сол әлгі қашып кеткен қазақтың баласы. Ал мына күшік, рас болса, Рысқұловтың інісі дейді.

– Қай Рысқұловтың???

Келген биік мәртебелі меймандардың үшеуі бірдей бір мезгілде жамырап кетті. Ергеш те, Бейли де, Приходько да.

– Қай Рысқұлов болушы еді? Кәдімгі ТүркЦИК-тің бастығы, Мусбюроның раисы.

– Кәне, кәне, – деп Бейли балаға алдымен жақындап барды. Әлемде сирек кездесетін мақұлық көргендей, таңырқап, о жағына бір, бұ жағына бір шықты. «Рас па?» – дегендей жанындағыларға қарады.

– Дегенмен, ұқсайды, иттің баласы! – деді Приходько сызданып.

– Сіз Рысқұловты жақсы танисыз ба? – Бейли Приходькоға үміттене, өзеурей телміріп қалды.

– Сұрайсыз-ау сіз де, Бейли мырза, Рысқұловты мен тура осындай күнінен білемін, – деп Приходько баланың өсіңкіреген қап-қатты шашынан ұстап, басын өзіне кегжите қарап, бетіне үңілді. – Дәл осы күшік құсап о да бедірейіп тұратын. Мынау соның туысы.

– Ғажап! – деді Бейли екі алақанын сарт соғып. – Бұл Түркістанда жүре берсең, неше түрлі сұмдықтарға кездесесің. Рысқұловты мен де білемін, бірнеше рет кездестім де. Онымен бетпе-бет келу ұнамсыз-ақ. Тұрпайы тип. Мынау шынында да ұқсайды-ей. Сонда мұның не сыры бар? Інісін разведкаға жібергені ме? Бұл боқмұрын не бітіреді? Осы Рысқұловтардың сізге бір жақындығы бар-ау деймін, Приходько мырза? Сізге бұл бала шыннан таныс болуы. Осында не сыр бар, айтыңызшы?

Приходько буынып өлгісі келетін тұс осы еді. Құдайдан осындай сұрақтың болмауын тілейтін. Ал енді сол сұмдық сұрақты дұшпаннан емес, дос санаған ағылшыннан, өзінің арашашысынан естігені қандай азап?!

Приходьконың түсі бұзылып кеткенін сезген Бейли сұм, патша офицерінің намысына тигенін жуып-шаймақ болды:

– Тұнжырамаңыз, Приходько мырза. Жаман айтпай, жақсы жоқ деген. Егер сіздің сүйікті қарындасыңыз Рысқұловтың әйелі болмағанда, сіздің большевиктер шеңгелінен құтылып шығуыңыз екіталай еді. Успенский мырзаға арыз айтқан қарындасыңызға мың да бір рақмет деңіз. Ал қарындасыңыз Рысқұловтың жары болмаса, Успенский сіздің қашып шығуыңызға жағдай жасамас еді. Мұны да ойлаңыз.

Приходьконың доғалдау басына бұл жақауратпа сөз бірден қона қоймай дал болды. Мына ағылшын мұны кекетіп тұр ма, әлде шыннан Наташаның Рысқұловқа шыққанын құптап тұр ма? Рысқұлов сонда ара түскені ме? Жоқ, ол мүмкін емес. Әйтеуір Рысқұловқа жүрағаттығы болғандықтан құтылғаны ма? Әлде... әлде Рысқұловқа таңба түсіру үшін шығар? Әрине, солай, шайтан алғыр. Мұны неге бірден аңғармаған?

Приходько кездессе, өз қарындасын буындырып өлтірмекші болған. Енді іші жыли бастады. Қас жауына күйеуге шыққанын кешіретіндей де бір сезім шалықтап өтті. Демек, Наташа Рысқұловқа жанымен қалап бармай, жансыз болып, жанап барған болды ғой. Бәсе, Колосовская сондай болса керек еді. Полковник Колосовский. Уезд бастығы. Шіркін, сол заман-ай...

Өгіздей мөңіреп, керней үні жаназа шығарған имамның дауысындай күңірене естілді. Бәрі сатыр-сұтыр атқа қона бастады.

Тобыр сарбаз топырлап, шатқал аузына қарай лап қойды. Ташпулат атқа қонып болып, айқай салды:

– Баланы маған бер!

Апас-қапаста әлдекім баланы жерден шүйке жүндей жұлып алып, Ташпулаттың алдына қондыра салды.

– Ананы қайтеміз? – деді біреу Жорабайды нұсқап.

Ташпулат жалт қарады. Омардан әлде болса, үміт үзбеген.

Баласын атып тастасам, кесірі тиер деп, мылтыққа ұмтылған қолын қайтадан тартып алды.

– Алдыңа өңгер! – деп бұйырды да, жөнсіз топтың соңынан шауып ала жөнелді.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий