Knigionline.co » Казахские книги » Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап

Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза

Книга «Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

«Красная стрела» является третьей книгой романа Шерхана Муртазы.

Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги

Қым-қуыт күрес жолында жүрген Рысқұлов өзінің аз күн балалығын жоғалтып алып, әлдеқалай ғажайыптан сол уыз дәуренмен қайта табысқандай болып еді. Енді сол кермек уыз кезеңмен мәңгі қоштасқанын, оны суық жердің қойнына беріп, көңілі мүлде суығанын сезді.

Тастүйін болып түйілді де, қауымиетке қарап:

– Жамиғат! – деп саңқ етті. – Жаңа дүния жолында күрес әлі жүріп жатыр. Бұл күрес құрбандықсыз болмайды. Жақсылық заман өзінен-өзі бейнетсіз келе салмайды. Бұл күресте адасқандар, алданғандар көп. Жау кім? Дос кім? Ажырата танымай, түртінектеп жүргендер көп. Әлгі Ергеш пен Ташпулаттың шеңгеліне түскендер сондай. Сол шеңгелден босанған бауырлар! Адаспа енді! Бейкүнә адасып қалған құрбанның бірі, міне, алдарыңда жатыр. Ол әлі көзі ашылмаған арыстанның баласындай еді, абайсызда орға жығылды. Ол менің бауырым, тап жауының кесірінен шетінеді. Оның әкесі, яғни менің әкем зұлымдықпен, зорлықпен арпалысып өткен адам. Нәресте бейіттің алдында ант етейік: ешқашан ақ жолдан, адалдық пен шындық жолынан таймайық!

– Ант!

– Ант!

– Ант! – деп жаңғырыққан үнге, үш дүркін қалың мылтық дауысы қабаттасты.

– Адамның қаны төгілгенше, беті қызарсын. Сендер, адасқандар, қызарыңдар. Айыптарыңды мойындаңдар. Сендерді жау деп жала жауып, атып тастап, қандарыңды төгуге де болар еді. Бірақ Кеңес ондай озбыр емес. Жау айтқандай, құбыжық-құқай емес. Кеңес сендердің қандарыңды төкпейді. Өйткені беттеріңде иман бар. Иман деген адамгершілік деген сөз. Соны еш заман жоғалтпаңдар. Ал енді қоштасамыз. Абдолла Жармұхамедовтың жаңа жеңімпаз отряды әлгіде қашып кеткен Ергештің есін жиғызбай, тас-талқанын шығарады. Содан кейін сендерді енді қайтып Ергеш те, Ташпулат та мазаламайды. Жолдарың болсын, жамиғат!

Осыны айтып, Рысқұлов Кобозевті ертіп, Абдолла Жармұхамедовтің отрядына қарай беттеді.

– Ортақ Рысқұлов! – деп айқалады көк сәлделі далбақтай жүгіріп.

Рысқұлов сылаң қараның тізгінін тартты.

– Бұ қызыл қаһармандар қатарына қосылуға парман бер! Ергеште кеткен кегіміз бар. Оны өз қолымызбен соқпайынша, өкініш тарамас. Әрі күнәмізді шайқас даласында шайғымыз келеді.

Рысқұлов мән-жайды Кобозевқа түсіндірді.

– Дұрыс, – деді Кобозев. – Сену керек. Егер рұқсат етпесек, сенбегеніміз болады.

– Қалай, Абдолла, қабылдайсың ба? – деп Рысқұлов Жармұхамедовке қарады.

Ай қасқа торы айғыр мінген Абдолла жарқылдап:

– Тұреке, сіз айтсаңыз, қабылдаймыз да. Киімі жаманды ит қабады, ниеті жаманды мына мен табамын. Әлдеқалай болад деп қам жемеңіз. Бірақ әнебір қаудыраған қарттары қатын-баласына қайта берсін. Нағыз жігіттері ілессін. Өзім үйретіп алам, – деп айылын жимай аңқылдады.

Рысқұлов бұрынғы «басмашыларға» қарап:

– Енді командир Абдолла Жармұхамедовтың қарамағында боласыздар. Бұл жау дегенде жасыл найзағай боп түсетін нағыз қолбасшы. Әне, анау омырауындағы жауынгерлік Қызыл Ту орденіне қараңыздар. Оны бүкіл кеңес елі бойынша бірінші алған алғыр командир Блюхер мен мына арыстан Абдолла.

Қарасы молайған отряд алыстай берді.

Рысқұлов артына бұрылып қарап еді: жас қабірдің үстіне шаншыған тақтай ағаш емес, шолпанкебіс гүлін көрді. Оған қонып отырған Теңбіл торғайды көрді. «Менің балаға айтқаным ертек еді ғой!» – деп таң қалды.

Ол сонда барып түсінді. Бала шыдамсыздық жасап, ата-анасын тым ерте іздеп шыққан екен. «Мен кінәлі болдым-ау, неге алдадым бишараны» деп өзегі жанды.

Рысқұлов сонда пендешілікпен: «Осыдан қалт етіп қолым босаса, баланы сонау Төменгі Таластағы әке-шешесінің жанына апарып қоярмын» деп ойлады. Бала алдақашан әкесі мен шешесін тапқанын, құлындай құлдырап, жасыл жайлау жаннатта асыр салып жүргенін комиссар қайдан білсін?!

IX

– Рысқұловты шақырыңдар. Басқа ешқайсыңа еш нәрсе де айтпаймын. Ақыры өлтіреді екенсіңдер, тілімді тістеп өлемін. Маған Рысқұловты ұшырастырыңдар!

Ташкентке келгелі үш күн болды. Үш күннен бері Омар сұрақ астында. Бірақ қанша сауал болмасын, айтатын жауабы әлгі.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий