Knigionline.co » Казахские книги » Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап

Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза

Книга «Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

«Красная стрела» является третьей книгой романа Шерхана Муртазы.

Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги

– Рысқұловты шақырыңдар!

Тіпті сұрақ тыйылып, жеке камераға апарып, сыртынан құлып салынған кезде де жападан-жалғыз отырып:

– Рысқұловты шақырыңдар! – деп әлсін-әлсін айқай салатынды шығарды.

Бірақ Рысқұловты ешкім шақырмайды. Ферғанаға кеткен, жуықта келмейді дейді. Жападан-жалғыз отырып, Омар ойға қалды: «Осы Тұрар өкімет деген жай лақап шығар. Өкімет болса, орнында, тағында отырмай ма? Өкіметті де қол бала құсатып ayлаққа жұмсап жібере ме екен?»

Жүресінен түсіп, сидиған тізесін құшақтап, сұр қабырғаға қадалып, отырып-отырып, тағы да батпағына малтығады:

«Тұрар өкімет болса, Рысқұлов деген атын естігеннен-ақ сескеніп тұрмай ма басқалар? Қайта мен Рысқұлов деген сайын бұлар өрши түседі. Ал Тұрар өкімет екені жалған болса, Оразбақ пұшықтікі не? Оны қалай қоқаңдатып қойып жүр?».

Қабырғаға қадала-қадала көзі бұлдырай бастайды; қабырға қимылдап, теңселіп тұрғандай болады; итере салса, құлап кететіндей көрінеді. Омар екі-үш ұмтылып, өңкеңдеп барып, қабырғаны иығымен итеріп кеп қалады. Иығы қақсап ауырады, қабырға былқ етпейді.

– Апырай, абақты деген албасты осындай болады екен ғой, – деп ауырған иығын сипалап, аңырайып отырып қалады.

– Табалама, Рысқұл! – деп қолын сермеп кеп қалады. Рысқұлдың жоқ екені есіне түсіп, одан бетер шошиды, «осы мен ақылымнан адаса бастаған жоқпын ба?» – деп өзін-өзі сынай бастайды. Жоқ, ақылы сайрап тұр. Есін білген кезден бастап, жүрген жолының, кездескен адамдарының бәрі көңілінде жаттаулы. Ешбір жаңылыспапты. Ұзыннан ұзақ жол екен, бірақ көңілге мініп шапқанда шолғаң етіп, лезде осы түрмеге келіп тірелді. Соншама ұзақ өмірде есте қаларлық елеулі ештеңе жоқ. Жүретін шым еткізетін бір тәтті қиял, сағыныш мұңға батыратын елес болсайшы... Бұл өзі несіне итшілеп жүре бергенмін?»–деп тұңғыш рет ойға қалды. Біреуге бір қылаудай жақсылық жасамаған қу- құрсақ өмір шығып, енді ақырғы жетер жеріне жақындаған екен. Омар бұл жарық дүние енді басынан басталып қайта келмейтінін ойлады, өмірі зая кеткеніне өкінді. Түрмедегі жалғыздық – ой майданы. Ғұмыр бойларына Омар бір оңаша қалып, өз тіршілігіне өзі бір оқшаудан оқшия қарап, көз салғаны осы еді. Жаңағы Рысқұлдың елес бергенін де енді түсінді. «Табалама, Рысқұл!» – деп абайсызда аузынан қалай шығып кеткенін де енді ұқты. Рысқұл, сөйтсе, түрме мен сүргінде жылдар бойы тұтқын халін кешкенде, бұл Омар бүйірі бір бүлк етпеген екен де. «Соның жазығы осы-ay» деп енді тәубаға келді. Қыстыкүні үңгірінде жым-жырт ұйқыда жатып, абайсызда ақырып қалған аю құсап:

– Рысқұловты шақырыңдар! – деген өз дауысынан өзі селк етті. Неге айтты, неге шақырды? Өзі таңырқады.

Бірақ дәл осы шақыруды күтіп тұрғандай қапастың есігі ашылып, мұны тағы да тергеуге айдап әкетті.

Бұл жолғы тергеудің тәсілі басқаша келді. Камераға қайтіп, қалай кіргенін білмейді.

Бірақ «Жас Түркістанға» кісілер шапты. Қызыләскерлер ерткен ішкі істер комиссары Нысанбаевтың өзі бастап барды. Омардың айтқаны келді: кәрі жаңғақ ағаштың түбіндегі түйе тастың астынан құрым киізге ораған құмыра табылды. Іші толған алтын тіллә. Ташпулаттың жантәсілім сәтінде де көз алдында жалтырап тұрып алған сары алтын.

Комиссар Нысанбаев бір тілләсіне дейін шашау шығармай, куәлердің көзінше бәрін хаттап, актілеп, қазынаға өткізді де, ТүркЦИК төрағасына мәлімет-ақпар жазды: осылай да осылай, Омар тұтқын Ташпулат байдың басмашылар отрядында болған. Ташпулат байдың алтынын алмаққа келген, бірақ алып үлгірмей қолға түскен, солай да солай. Бұл мәліметпен танысқан Кушекин комиссар Нысанбаевқа риза бола тұра, тағы бір сұрақ қойды:

– Тұтқын ұдайы Рысқұловпен кездестіруді талап етеді. Рысқұловтың туысқанымын дейді. Сонда қандай сыр бар?

Нысанбаев ойланды-ойланды, ой түбіне жете алмады, ақыры:

– Бұл сұрақтың жауабы Рысқұлов жолдастың өзі оралған соң табылар, – деді.

Кушекин қанағаттанбай қалды.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий