Knigionline.co » Казахские книги » Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап

Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза

Книга «Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

«Красная стрела» является третьей книгой романа Шерхана Муртазы.

Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги

Айылын жимай отырған атасына Қорабек ала көзімен үнсіз қарап қойды. Бұл орнынан түсіп, билікті Оразбаққа берген болыс. Бағанадан сазарып, үнсіз отыр.

– Арпа басын уқалап жеп жатқан жоқ-жұтаңға сіздің қандай қайырыңыз тиді, Дәке? – деді Рысқұлов.

– Е, Тұраржан, Құдай оңдап, бақ қалап, шығанға шыққан қырансың, жәй сұрайсың ғой, әйтпесе өзің де біліп отырсың: жоқ-жұтаңды Құдай аясын, мен аяғаннан қаншасын құтқарып қалмақпын. Мен барымды аямадым – қаумиет куә. Ал бірақ нәубетке көбірек ұшыраған да мен. Менде де қазір көп қатарлы тіршілік, бұрынғы дәулет те, дәурен де көшкен.

Дауылбай большевик басшыларды мүлде баурап алу әрекетіне тікелей көшті.

– Сенбесең, халықтан сұра, Тұраржан. Сенбесең, Ахат атаңнан сұра. Әуелі Құдай, одан соң мен сақтап қалдым Сәлік ата баласын ашаршылық аждаһасынан. Әсіресе Оразбақ болыс халқыңа қырғидай тиіп, қырып бара жатқанда, тапқан-таянғанымды аштардың тамағына тостым. Туысқаның Омар құсап басмашыларға қашпай, әулетімізден билікті зорлықпен тартып алсаңдар да елмен бірге болып, қиындықты бірге көтерістім. Сонда да жақпаймын кеңестерге. Не жаздым сонша, Николай заманында болыс болдың дейді. Е, мен қайдан білейін, Николай құлап, кеңес келетінін. Бол деді – болдым. Әкең Рысқұлға қиянат жасағаным рас. А бірақ елден бездірген мен емес. Бәрін өз мінезінен тапты. Ояз айтты: Қарақойын құнарлы екен, сол жерді переселендерге бер деп. Мен айтқанын істедім. Әкең елін тау жаққа көшіре салса да болатын еді. Бірақ тәкаппарлығы таудан да биік еді, менімен, тіпті оязбен бой таластырғысы келді; онымен қоймай ағайын елді маған қарсы көтермекші болды. Ол жағынан маған зіл сақтасаң өзің білесің, бірақ Құдай алдында мен ақ. Аққа Құдай жақ. Бүгін сен қудалағанмен, әйтеуір түбінде жұрт мені жақтап шығады.

Түндіктің түстік жақ қиығынан қиялап, сол жақ керегеге сәуле түсіп тұр. Құлан жаққа қараған үйдің есігінен етектегі ел алақандағыдай түгел көрінеді.

Осылай қарай келе жатқан бірен-саран адамдар қараяды. Таяғымен алдын жасқаған аппақ қудай бүкір қартты бір бала жетектеп келеді. Рысқұловтың жүрегі зырқ етті де, ұйып қалған аяғынан ақсаңдай басып, есікке бет алды. Бүкір қарт анадайдан айқайлайды:

– Уа, Рысқұлдың баласы Тұрар келді осы ауылға дегені рас па? Рас болса, Ахат деген адамды тани ма екен, сұраңдаршы?!

Рысқұлов шыдай алмай:

– Аха, мен келдім, міне мен алдыңда тұрған, – деп қарттың бала жетектеген қолын босатып алды. Жалбыраған ақ шуда қастың астынан жанар көрінбейді, тек дымданып, қызыл еттен шыпшып ащы су шықты. Бітеліп қалған қайнар бұлақ сияқты. Рысқұлов құшақтағанда қу сүйек иық дір-дір етті. Булығып үні шықты:

– Алматыны ұмытқан екенсің, балам, Меркені де ұмытқан сияқтысың. Әйтпесе осы уақытқа дейін «елім бар еді-ау» деп бір мойын бұрар едің. Хал-жайың қалай? – деп сұрар едің. Оны істемедің, қайта мойнымызға Оразбақ тәйтікті қыдитып мінгізіп қойдың. Баяғының Ұлтанқұлы дәл өзі болды. Басқаң – басқа, дәл осыңды кешпеймін, Тұрар!

Қарт ентігіп, көкірегі сырылдап, демігіп қалды. Демі түзелгенде барып:

– Ташкентке өзіңді іздеп бармақ едім, дәрмен жоқ. Осы зұлматтың бәрі сенің әміріңмен болып жатыр дегенге бір жағынан сенгім келмейді. Сенбейін десем, талай пәлені көре-көре соқыр болған көзімнің алдында неше сұмдық ойнақ салады.

– Кешір, Аха, – деді бір сұрқиялықты сезген жүрегі мұздап бара жатқан Рысқұлов. – Мен халыққа жамандық жасайтын адамға ұқсаймын ба?

– Қайдам. Өзіме сенуден қалып барамын. Кешегі қой аузынан шөп алмайтын мүсәпір Оразбақ қаныпезер болып шығад деп кім ойлаған? Оны болыс сайлатқанда, ондай залым боларын сен де ойламаған шығарсың.

– Маған сенер ме екенсіз, Аха, қайдан білейін?

– Сенер едім, сені періштедей пәк шағында білгенімнен бері, арада талай жел есіп, талай бұлттар көшті. Заманның райы сені бүлдірмесе де былғаңқырап кетті ме деп қорқамын. Деседе, сұрап тұрсың ғой, сенейін.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий