Knigionline.co » Казахские книги » Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап

Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза

Книга «Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

«Красная стрела» является третьей книгой романа Шерхана Муртазы.

Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги

Рысқұловтың күлгеніне таңданғандай, Мұхсина кемпір үп-үлкен көздерін шарасынан шығара ашып, тіл-аузы байланды да қалды. Қастарының арасына қойған сүрмесі көз жасы жұғып, езіліп, баттасып қалыпты. Кемпірдің бұл халін Рысқұлов түсіне қойды. Шығыс әйелдерінің, әсіресе Орта Азия әйелдерінің ұғымында, еркектің рұқсатынсыз әйелі үйден кетіп қалу – қожайынды қорлау, масқаралаумен барабар.

Рысқұлов Мұхсинаның арқасынан қағып:

– Еш оқасы жоқ, қиналмаңыз, қайтып келеді, – деді. Айтуын айтса да іші алаулап, көңілі мүлде пәс тартты. Бұл тегін кетіс емес екенін сезді, бірақ сыр білдірмегенсіді.

– И-и-и, Тұраржан, сол әйел сенің садағаң болып неге кетпейді?! Ұят қой, ұят, енді қайттім? Енді не бетімді айттым, – деп қинала-қинала, сары самаурынды көтеріп, дәлізге беттей берді.

Үйдің ортасындағы діңгек тіреудің көлеңкесі қабырғаға ебедейсіздеу түсіп, сорая қалған екен.

– Аркадий Приходько! – деді Рысқұлов көлеңкеге қарап. – Залым ит, сенің кесірің болды-ау осы. Наташаның сөзі есіне түсті: «Жарайды, комиссар, Аркашаны босататын басқа адам іздеймін. Большевиктердің бәрінің жүрегі бірдей қаңсып қалмаған шығар», – деп еді. Приходьконы түрмеден қашырып жіберген Наташа болды ма? Онда сұмдық шығар? Сонда сен, Рысқұлов, кіммен бірге бір төсекте жатқансың? Бұл не тозақ?

Тар үйдің ішін айнала көзбен шолып шықты. Тар төсектің астында сары сафиян шабадан көрінбейді. Бұрыштағы үстелдің үстінде кітаптар қаз-қалпында. Хат жазып қалдырмады ма екен деп қарап еді, ештеңе байқалмады. Студент кезінде кітаптан қырқып алып, рамаға салып қойған Робеспьер суреті қаһарлана қарап тұр. Робеспьерді жаулары қатыгез, қатал, тасжүрек деп кінәлады-ау, ал ол сүйген қызын көргенде дүниедегі нәзік адам болған.

Робеспьер... Рысқұлов ол туралы студент кезінде неге құныға оқып, өмірі істемеген ерсі әдетті істеп, кітапхананың кітабын бүлдіріп, қайшымен Робеспьердің суретін қырқып алғанының себебін енді ойлады. Ол туралы оқығандарын еске түсірді. Францияның бір түкпірінен шыққан, ешкімге белгісіз жас жігіттің жападан-жалғыз, аш-жалаңаш жүріп, өзіне-өзі соқпақ жол салғаны... Халық үшін, революция үшін, өзін-өзі өртеп, өзгеге жылу берген... Жауларын аяусыз қырғаны... Ақыры өз жақындары қолынан қаза тапқаны...

Рысқұлов Робеспьердің басын гильотинге салып кескен сәтін көз алдына елестетті. Тұлабойы дүр-р етті. Робеспьердің денесінен бөлінген бас домалап келіп, осы үйдің бұрышында жатқандай көрінді. Бір-бір басып қараса, Артурға өзі сатып әперген үлкен резинка добы екен.

Үйге самауыр алып кірген Мұхсина кемпір бұрышта қолына доп ұстап, орамалмен көзінің жасын сүртіп, үнсіз өксіп тұрған Рысқұловты көрді.

Мұхсинаның қолынан қайнап тұрған самауыр түсіп кете жаздады. Кемпір шар-шар етіп:

– Қоя ғой, Тұраржан, басыңа бәле шақырма! Көз жасыңды көрсетпе! Қатын кетсе, еркектің сендей сұлтанына қалаған қызың қазір-ақ табылады, – деп жалбарына сөйледі. – Қатынға бола көз жасыңды қор етпе! И-и-и, онысы несі?!

– Мен әйелге бола жылап тұрған жоқпын, Мұхсина апа, – деп күрсінді Рысқұлов. – Біздің жоғалып кеткен Артурды білесің ғой. Е, білсең, сол Артурды жаулар өлтірді, өлтірді...

Кемпірдің шарадай көздері шақшиып маңдайына дейін шығып кетті. Жас кезінде көздері тостағандай көркем болған әйелдің сол жанары әлі де аялы еді.

– И-и-и, ходаем-ем, – Мұхсина бетін басып, теңселіп тұрды-тұрды да, тіреудің түбіне шөкелеп отыра қалып, құбылаға қарап қол жайып, күбірлеп дұға оқыды.

– Нәрестенің періштедей ақ жанын пейіште ете гөр! – деп әжім-әжім бетін сипады.

Шай құйып отырып, кемпір өзіне-өзі күбір-күбір сөйлей берді. Рысқұловқа қараған жоқ, сөзін айдалаға, яки Жасағанның жасырын мекені жаққа бағыштағандай беталды айта берді:

– Үлкендер жауласса бір сәрі. Періштедей балада жаулардың несі бар? Баяғыда менің жалғыз балам үш жасында қара шешектен шетінеді. Содан мен ұрпақсыз, қубас қалдым. О, ходаем, нәрестенің жанын алуға құмар болмай-ақ қойсаң нетеді?

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий