Knigionline.co » Казахские книги » Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап

Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза

Книга «Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

«Красная стрела» является третьей книгой романа Шерхана Муртазы.

Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги

Атыстан соң ажал болатынын, ажал барда жемтік болатынын білетін қартамыс қарақұстар сонау биіктен жерді торып жүр.

Биіктен аласармайды, төмендесе адамдар ата салатынын сезеді. Адамдар өзін-өзі атып жатқанда, тіпті сәби баланы да сұлатып салғанда, қалбиған қарақұс деген немене! Олар оқ жетпейтін жерде жүреді. Тасыр-тұсырдан арқарлар да аулақ кетеді, ұлар үнін өшіреді. Балалы елік ең алдымен шыңға шығып, безіп кетеді. Тау тәңірісі – теңбіл барыстың өзі құлағын жымырайтып, құйрығымен жер сабалап, шұбартасқа жабысып жатып алады. Адам құдіретінің алдында тіпті құздан құлаған асау өзен де шуын бәсеңдеткен сияқты. Дүние сұрқайланып, жап-жасыл жапырақтар зәйтүн түстеніп, топырақ шалғандай, кішкентай мүрденің шаңы зүмірет әлемін қапқандай, күллі шатқал күлбеттеніп бара жатты.

Рысқұлов көкірегі қарс айырылып, тізесі қалтырап, орнынан тұрды.

Дүниеге неге келіп, неге кетіп бара жатқаны белгісіз осы баланың болмысының өзі неғайбыл. Жұмбақ жан. Бұл өлмеуі керек еді. Тірі жүре бергенде жұмбағы шешілер еді. Рысқұловтың бір байқағаны: бала өте зерделі болатын. Тірі жүріп, жігіт болып өскенде, кім біледі, халқына қадірлі азамат болуы. Қолында аз күн тұрды – балалық, шалалық мінез танытпады. Балалық мінез дегенде, тек әскер белдікке аса құмар еді. Рысқұловтың жалпақ әскер белдігін көкесі үйде жоқта күні бойы, беліне кең болған соң, бір иығынан асыра буынып жүріп, кешке ағасы үйге қайтарда қайтадан орнына іліп қоятын. Бәрібір бір күні Рысқұлов оның белдік асынып жүргенінің үстінен түсті. Бала қатты қысылды.

– Ұнаса, ала ғой, – деді Рысқұлов.

Сонда оның қуанғаны-ай! Ағыл-тегіл қуанғанның өзінде түсі сәл жылып, жымиып қана қойған.

Қазір сол белдік белінде. Беліне шақтап тесік жасап алыпты. Қанша жер сандалып жүрсе де тастамапты. Белдіктің бұрынғы тесіктері мен кейінгі бала жасаған тесіктің арасы кереқарыс және сүйем екен. Бесжұлдызды белдік баланың аш белін екі орап алыпты.

Жерошақтай кішкене мүрдеге баланы саларда, әлгі басмашылар жағынан өткен алашапанды біреу:

– Ау, мұсылман баласы ғой, жуып қояйық та, су жақын ғой, – деді.

Оның жанындағы көк шалмалы қаба сақал:

– Әй, ол шейт қой. Әрі десе, нәресте ғой. Ол періште емес пе? Құдай әркімге-ақ осындай ақ өлім бергей. Мына біз ғой бір күндік өмірде мың күндік күнәға батып жүрген. Біздің күнәмізді жуып тазалауға дарияның суы да жетпейді. Ал баланікі не? Оның жайы – жаннат қой! – деді. – Ал егер мына хакимдер рұқсат етсе, мен бір ауыз ықылас етер едім. Рұқсат па, ортақ Рысқұлов?

Кобозев: «Не деп тұр?» – деп сұрады.

– Мұсылманша фатиха жасамақ, – деді Рысқұлов.

– Несі бар, онда тұрған оғаштық жоқ, – деді Кобозев. Көк сәлделі баланың тұсына келіп, тізерлеп қайырым сұрады. Содан соң, фатиха сүресін аңыратып әкетті. Оның сөзін көп адам түсінген жоқ. Бірақ үніндегі зар мен мұң тек баланың ғана қайғысы, Аллаға да, адамдарға да музыкамен жеткізген арызы сияқты еді:

– Бісмилляһир-Рахманир-Рахим Әл-һамду лилляһи Раббиләлемин Ир-рахманир-Рахим Малики яумид-дин юяки набуду уә юяке нәстейн Иһдинес-Сираатал – мюстаһюме Сираатал – ләзине әнәмте әлейһум ғайрлмағдуу-би әлейкүм уә л-әззаалин! Аумин!

Көк сәлде басын көтеріп алып, қос алақанын аспанға қарата жайып жібергенде, көзінен шаң тұтқан жүзін айғыздап, екі жолақ жас атып кетті.

Осы жерде төтенше комиссар Кобозев жұрт күтпеген бір қылық жасап, о да қолын жайып, батаға қосылды! Мұсылман қауым арасында күбір-күбір сөз жүгіріп, комиссарға бәрі де сүйсіне қарап қалды.

Лезде кішкентай төмпешік пайда болды. Күнгейдің қоңыркүрең топырағы сеңсең қозының терісіндей бұйраланып, құлпыра қалды.

Мұсылмандар жағаларын ұстады. Жаңа Ташпулатты көмген жер шақылдаған тастақ еді: баланың жатқан жері – жұп-жұмсақ, бұйра топырақ.

Рысқұлов бір тақтай таптырып, оған:

«Рысқұлов

Арман-Артур

1911 –1919 ж.ж.

революция құрбаны» –

деп жазды да, басына бесжұлдызды белдікті іліп, топыраққа қадап қойды.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий