Knigionline.co » Казахские книги » Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап

Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза

Книга «Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

«Красная стрела» является третьей книгой романа Шерхана Муртазы.

Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги

Басқа қызық дегеннің бәрі жалған,

Шын қызығы дүниенің сүйгенменен, –

деген әнін Сұлтанбек естімеген ғой, әлдеқалай елден естігенмен оның түбіріне үңіліп, мәнін ұқпаған ғой.

«Сұлтекең жарықтық жалынды адам, – деді Рысқұлов оның сәл дарақылау күлкісін алыстан құлағы шалып. – Оратор десең – оратор, шешендікті оған Құдай табиғатынан берген, ақкөңіл аңқылдақтығы да бар. Бірақ бір қыңырайып, сыңар езулеп кететін қу мінезі жаман. Ескі ауылдың қазақбайшылығы, топ құрып, жік жасақтап жүретіні жаман. Ер мінезді тіктігі, шіркін, ауыл жақтықтан арылса ғой».

Рысқұлов төңірекке көз салады.

Иә, адамдардың әшейінде бәрі сыпайы-сылаң, сырын біле бермейсің. Кімнің кім екені амалсыз сезілетін бір сәттер болады өмірде. Түркістан қауымының қаймағы іспеттес қайраткерлері қазір кең вестюбльде екеу-екеу, үшеу-үшеу – біреулері топ-топ сөйлесіп, шотырланып тұр да, біреулері арлы-берлі қыдырыстап жүр. Көбісі темекі тартады. Ара-тұра Хыдыр-Алиев сияқты насыбай ататындары да бар. Өзбек ағайындардың ішінде бұл да суырылып шығып келе жатқан талантты қайраткер. Рас, Рысқұловпен қыңыр келе беретіні де бар.

Ташкентке Марыдан таяуда жаңа қызметке ауысқан түрікмен туысқан Қайғысыз Атабаев осындағылардың көбінен ересектеу көрінеді. Бұл әуелі солшыл-эсерлер партиясында жүрді де, Осипов сойқанынан кейін, эсерлерді тастап, большевиктер партиясына кірген. «Адасқанның айыбы жоқ, қайтып үйірін тапқан соң» демекші, анадан туғаннан марксист болмадың деп айыптау, әрине, жосықсыз. Әйтпесе, Кушекиннің өзі әуелі 1905 жылға дейін «Бунд» партиясында болар ма еді? Большевиктер қатарына сол атышулы 1905 жылы кірген. Өзін «ескі коммунист, максималист» санайтыны сондықтан.

Осы топтың ішінде өзінің сымбатымен, ерекше инабаттылығымен, жүріс-тұрыс мәнерінің жұмсақтығымен бірден көз тартар жігіт – бұхаралық Файзолла Ходжаев. Бұхара әлі Түркістан республикасына қосыла қоймаса да, Файзолла Ташкентпен жиі байланысып, Бұхара әмірі Сейд-Әлім ханның тамырын босатып, оның құлау сәтін жақындатып жүрген ердің бірі. Шыққан тегі солай, бай-миллионердің баласы. Мәскеуде, шетелде оқыған. Сөйте тұра, большевиктер идеясын ұстанып, революция жолына біржола берілген азамат. Ұлы революция мүддесі жолында шыққан тегімен ат құйрығын кесіскен адамдар аз болған жоқ. Мысалы, Коллантай патша генералының, дворянның қызы. Сондықтан Файзолла Ходжаевтың Сейд-Әлім ханды емес, большевиктерді жақтап шығуы – уақыттың сарынын тани білген дарынның нышаны еді.

Бұлардың ішінде Рысқұловтың көзіне аса жылы ұшырайтын екі адам бар. Бірі – Қабылбек Сармолдаев, екіншісі – Төреқұл Айтматов. Қабылбекпен соноу бала жастан, Меркеден бір мектепте, бір партада отырып оқып, бірге туғандай болып кеткен. Ол қазір Сырдария губисполкомының төрағасы. Оған Әулиеата, Шымкент, Ақмешіт уездері қарайды. Бұл қызметке ауысқанына екі үш айдай болған. Қабылбек жаңа үзіліске шыға салысымен:

– Оу, Тұрар, мына солшыл-эсер неғылдеп оттап тұр? Жаланың да бір өлшемі болмай ма? Мен сөйлесем қайтеді? – деп абыржыған сыңай танытты.

– Қоя тұр, аптықпа, – деген оған Рысқұлов.

Төреқұл Айтматов – осы көптің ішіндегі бәрінен жасы. Оны Рысқұлов Әулиеатадан білуші еді. Қырғыздың Таласында атышулы Дмитриевка көтерілісі дейтін кулактар көтерілісін Рысқұлов өзі бастап тұншықтырғанда, қызыл жасақшы жастардың жетекшісі осы Төреқұл Айтматов болатын. Әулиеатадан отыз шақырым жоғары тау бетінде, Манас батыр шоқысының түбінде, Шекер дейтін айыл бар. Сол Шекердегі Айтмат Әулиеатаға тартылған темір жолдың жұмысшысы болған көзі ашық адам. Төреқұлды Әулиеатаға апарып оқытқан.

Төреқұл Айтматов бір ғана Рысқұловты, Әулиеатада Кеңес өкіметін ішкі жаудан, кулактар мен байлардан қорғап қалу үшін кеудесін оққа тосқан, революция үшін жанын аямаған Рысқұловты біледі. Рысқұловтың революцияға адал екенін өз көзімен көрген. Енді келіп, мына Түркістан басшылары Кушекин мен Успенский Рысқұловты контрреволюционер деп жарияламақ. Бұл қалай?

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий