Knigionline.co » Казахские книги » Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап

Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза

Книга «Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

«Красная стрела» является третьей книгой романа Шерхана Муртазы.

Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги

– Не деген масқара! Біз қайда отырмыз? ТуркЦИК қашаннан бері жазалау органы еді! Тоқтатыңыз бұл жүгенсіздікті! – деп Низамеддин Ходжаев қалш-қалш етіп, ұшып тұрды. Оны көріп Сағдулла Тұрсынходжаев көтерілді.

– ТүркЦИК – мына бізбіз. Әуелі дауысқа салыңыз. Сізді кім жақтар екен, жолдас Кушекин? – деді ол зілдене сөйлеп.

– Бұл не, заговор ма, бунт па?! –деп Кушекин булығып бара жатты. – Мені жақтайтын адам табылмайды деп ойлайсыз ба? ТүркЦИК мүшесі Клевенцов, қайдасыз? Сөз Черняев уезінің өкілі, ТүркЦИК мүшесі Клевенцовқа беріледі. Тынышталыңыздар! Тыңдаңыздар! Сіздер қызғыштай қорғайтын Рысқұлов туралы не айтар екен?

Клевенцов – жағы сопақ, шекесі қушық, жұдырықтай басында сирек шашы бар, құлақтары едірейген, ешкібастау кісі еді, орынан ылдым-жылдым тез тұрып, аузы сүйреңдеп ала жөнелді.

– Құрметті жолдастар! Мен, Кушекин жолдас айтқандай Черняев уезіненмін. Былайша айтқанда, Рысқұлов жолдастың жерлесімін десем де болады, – деп мекірене бір күліп алды. Кекесінмен айтқаны білініп қалды. – Ал Черняев уезінің патша кезіндегі бастығы генерал Колосовский екенін барлығыңыз жақсы білесіздер. Сол генералдың туған қызын Рысқұлов алып отыр. Генералдың өзі қазір жоқ, бір деректерге қарағанда, Каспий маңайында, ағылшындарға қосылып, Кеңес өкіметіне қарсы әрекет жасап жүр деген лақап бар. Мейлі, оған Құдай жар болсын. Ал енді Рысқұлов генералдың қызын тегін алды деп ойлайсыз ба? Жо-жоқ, қалыңмал беріп алды. Иә, иә, сенбейсіздер ме?

– Тұрардың әкесінен қалған үйір-үйір жылқы, қора-қора қой, келе-келе түйе жоқ еді ғой, несін береді?! – деп Сұлтанбек Ходжанов әзіл-шыны аралас қарқ-қарқ күліп алды. Сөйтті де жанында отырған Санжар Аспандияровқа аузын қолымен қалқалап сыбырлады.

– Әй, Тұрар-ай, әйтеуір, ояздың қызын алып не жыны бар, қыз табылмай қалғандай...

Аспандияров қабағын бір көтеріп, жақтырмаған ыңғай танытып, назарын Клевенцовқа бұрды.

– Сұлтеке, сабыр етіңіз, сабыр түбі сары алтын деген, – деп Клевенцов қазақша судай сөйлеп, мақалдап ала жөнелгенде, Кобозев жағасын ұстай таңғалды. – Сұлтеке сабырлы жетер мұратқа, сабырсыз қалар ұятқа деген. Рас айтасыз, Рысқұловтың әкесі баласына бай мұра қалдырмаған. Бірақ Рысқұлов амалын тапқан. Генералдың бәйбішесіне, яғни генералшаға, яғни қалыңдықтың шешесіне Рысқұлов не берген деп ойлайсыздар?

Клевенцов көзін жылтың-жылтың еткізіп, жан-жаққа қарап алып, салтанатты үнмен:

– Манкент маңынан жер берген! Вот! Ал қанша жер деп ойлайсыз? Тұп-тура жиырма десятина! Ал жер дегеніміз мемлекет меншігі деп жүрген жоқпыз ба? Лениннің өзі «Жер – шаруаларға!» деп Декларация жариялаған жоқ па? Ал Рысқұлов не істейді? Жерді шаруаға емес, былайша айтқанда, генералдың қатынына береді. Өзінің енесі, былайша айтқанда. Ал бұл, былайша айтқанда, жаңа заманға сай қалыңмалдың жаңа түрі емей, немене, о?

Күржиген Успенский қол соқты. Бірақ оны ешкім қостай қоймады.

– Солай, жолдастар, – деді Клевенцов өзінің шабыттана айтқан сөзіне жұрт енжарлау қарағанына қанағаттанбай. Әлі де бір қайнауы ішінде шығар деп сөзін қайта жалғады. – Ол Манкент маңы бұрын да генерал Колосовкийдің меншігі болатын: Кеңес өкіметі оны генералдан тартып алды, ал Рысқұлов қайтадан қайтарып берді. Көрдіңіз бе, қалай?..

– Әй, Тұрар-ай, ұсталмайтын жерден ұсталасың-ау, – деп күбірлеп Сұлтанбек Ходжанов дәу басын қозғап-қозғап қойып, қос жудырығымен алшысынан түскен сақадай маңдайын тіреп, төмен қарап отыр.

– Бос сөз, – деді Сағдулла Тұрсынходжаев түк болмағандай жайбарақат сөйлеп. – Жерді қазір шаруалар игере алмай жатыр. Күш-көлігі жоқ. Жерді уақытша жалға бере тұру туралы ЦИК-тің декреті бар. Оны Клевенцов шыннан білмей тұр ма? Сол декретке қол қойғандардың бірі Успенский кімге қол соғып отыр қазір? Бос сөз! – деп қолын бір-ақ сілтеді.

Бас көзір етіп ұстап отырған Клевенцовты Тұрсынходжаев бір-ақ сөзбен тойтарып тастағанын көрген Кушекиннің қабағы салбырап түсіп кетті.

Рысқұлов сөз сұрады.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий